IMAGE Tag Heuer Carrera Skipper

Хронографтар уақытты жай ғана санап қоймай, уақыттың тізгінін тартып, әрбір сәтін өлшеп, сағаттың сән-салтанатын паш етеді

Хронографтар уақытты жай ғана санап қоймай, уақыттың тізгінін тартып, әрбір сәтін өлшеп, сағаттың сән-салтанатын паш етеді.

Хронограф – сағат өнеріндегі ең әсерлі әрі ең қызықты құрылғы. Осындай ерекше затқа ие болған соң, онымен әуестеніп кетпеу мүмкін емес: тапсырыс берген кофенің қашан келетінін, бөлмеден бассейнге дейінгі қашықтықты не киім өлшейтін бөлмеде қанша уақыт өткізгеніңді білмек болып, үнемі сағатыңа үңіле бересің.

Сағат шеберлерінің уақытты тізгіндеуге деген талпынысы ешқашан тоқтаған емес. XIX ғасырда сағат пен секундомердің басын қосып, уақытты дәл өлшеуге жол ашқан олар XX ғасырда автоматты хронографты ойлап тапты. Ал XXI ғасырда секундтың жүзден бір үлесін де көрсете алатын таңғажайып дәлдікке қол жеткізді. Сол себепті де әйгілі брендтердің өз хронографтарын не үшін соншалықты мақтан тұтатыны түсінікті. Ендеше сол әйгілі туындылардың әлеміне саяхат жасайық.

Атақты модельдерді қамтитын бұл топтамада Tatler жылдың әр айына арнап, 12 ерекше хронографты жинақтады.

TAG Heuer

Carrera Skipper – теңіз саяхаты мен жарыс рухын біріктіретін регата хронографтарының сирек кездесетін түрі. Оның басты ерекшелігі – шкиперге старт сызығын дәл кесіп өтуге көмектесетін 15 минуттық есептегіштерінде. Бұл модельдің тарихы 1968 жылдан, яғни бренд серіктесі «Intrepid» яхтасының «Америка кубогіндегі» жеңісінен бастау алады. Жаңа нұсқасы көк циферблатты толықтай ашып көрсететін «glass box» сапфир әйнегімен ерекшеленеді, ал сағат тілі үшті көрсететін үш түсті аймағы бар 15 минуттық регата таймері – оның басты ерекшелігі.

Tatler Asia
IMAGE TAG Heuer
Tatler Asia

Chopard

Chopard LUC 1963 Heritage Chronograph – сағат өнерінің тереңінде жатқан құпияларды бағалай білетін нағыз жанашырларға арналған тарту. Классикалық «саңырауқұлақ» пішінді түймелері, көне ағылшын жарыс көліктерінің түсіндей жасыл циферблаты – бәрі де өткен ғасырлардың рухын сездіреді. Өткен ғасырдағы хронографтарға ұқсас үш түсті есептегіш орналасқан. Flyback функциясы бар L.U.C 03.07-L калибрі тек қолмен бұралып, оның иесіне сағатпен тілдескендей ерекше сезім сыйлайды. Ал 80% қайта өңделген болаттан жасалған фирмалық Lucent Steel қорытпасы брендтің экологияға деген жауапкершілігін көрсетеді.

Tatler Asia
IMAGE Chopard
Tatler Asia

Bvlgari

Римдік Bvlgari сағаттарының сәулетті дизайнына Фабрицио Буонамасса Стильяни жауапты. Octo Roma топтамасында ол қырлы және дөңгелек пішіндерді, күңгірт және жылтыр беттерді үйлестіре отырып, жарық пен көлеңкенің ғажайып ойынын жасайды. Автоматты оралатын мануфактуралық BVL 399 механизмі орталық секундтық тілшемен, сондай-ақ 30 минуттық және 12 сағаттық есептегіштермен толықтырылған. Қара немесе көк түсті циферблатпен ұсынылатын Octo Roma Chronograph – италиялық эстетика мен швейцариялық дәлдіктің тамаша үлгісі.

Tatler Asia
IMAGE Bvlgari
Tatler Asia

Montblanc

Montblanc Star Legacy Nicolas Rieussec Chronograph – сағат өнері мен каллиграфияның тоғысқан нүктесі. Аты аңызға айналған Meisterstück қаламының 100 жылдығына арналған бұл модельдің циферблатында қаламның ескі нобайлары мен Монблан тауының сұлбасы бейнеленген. Француз өнертапқышы Николя Рьессек (1781-1866) өз құралын «хронограф», яғни «уақыт жазғыш» деп атаған, себебі ол айналмалы дискіге сиялы қаламұшпен белгі қоятын. Montblanc осы тарихи идеяны қайта жаңғыртып, уақытты қозғалмайтын нұсқама мен айналмалы дискілер арқылы «жазады». Бұл сағат – жазу құралы мен уақыт өлшеуіштің бірегей одағы.

Tatler Asia
IMAGE Монблан
Tatler Asia

Parmigiani Fleurier

Parmigiani Fleurier туындыларының ішінде Toric топтамасы өзінің сабырлы минимализмімен және тектілігімен ерекшеленеді. Бұл – Британия королі ІІІ Карлдың ханзада кезінен бергі сүйікті желісі. Toric Chronographe Rattrapante моделі король қазынасына лайық туынды деуге болады. Күңгірт кофе түстес циферблаты бар бұл сәнді сплит-хронографтың қос секундтық тілшесі екі уақыт аралығын бір мезгілде өлшеуге мүмкіндік береді. Сағаттың корпусы да, мөлдір қақпақ астындағы жоғары жиілікті механизмі де қызғылт алтыннан жасалған.

Tatler Asia
IMAGE Parmigiani Fleurier
Tatler Asia

Breitling

Breitling жаңа Avenger хронографтарын ұсынды. Олардың ішінде қара не көк циферблатты, 46 миллиметрлік титан корпусты Super Avenger және тот баспайтын болаттан жасалған 42 миллиметрлік корпусты Avenger Chronograph бар. Breitling 01 мануфактуралық механизмімен жабдықталған бұл сағаттар – әлемдегі ең танымал «ұшқыштар сағатының» заңды жалғасы. Бренд 1930 жылдардан бері авиацияның символы атанып, ұшқыштарға арналған мінсіз құралдар жасау дәстүрін жалғастырып келеді.

Tatler Asia
IMAGE Breitling
Tatler Asia

Grand Seiko

Жапондық Grand Seiko ұсынған SBGC275 хронографы – брендтің жоғары деңгейлі спорттық топтамасының мүшесі. Бұл – ең жетілдірілген 9R Spring Drive калибрінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық модель. Оның қызыл циферблатына сағат мануфактурасы орналасқан Хотаке тауының басын таң шапағының алқызыл түске бояған сәті шабыт берген. Тот баспайтын болаттан 30% жеңіл, бірақ әлдеқайда берік титаннан жасалған корпус, мінсіз оқылатын циферблат және екінші уақыт белдеуі функциясы – бәрі де мінсіздікке деген жапондық ұмтылысты көрсетеді.

Tatler Asia
IMAGE Grand Seiko

Hublot

Flyback хронографының жаңа үлгісін шығару арқылы Hublot өзінің төңкеріс жасаған Big Bang моделінің 20 жылдығын атап өтіп жатыр. Брендтің басты қағидасы – «үйлесім өнері». Осы жолы олар Big Bang Unico Magic Ceramic моделінде бұрын-соңды болмаған көптүсті керамиканы пайдаланды. Бұл материал бояу мен температураны ерекше дәлдікпен үйлестіруді қажет етеді. Бас шебер Матиас Бюттенің сөзімен айтқанда, бұл – «ғылым, алхимия және батылдықтың үйлесімі».

Tatler Asia
IMAGE Hublot
Tatler Asia

OMEGA

Omega Speedmaster – 1969 жылы Айға ұшқан алғашқы сағат. Осы тарихи миссияның құрметіне шығарылған жаңа Speedmaster Moonphase Meteorite моделінің циферблаты ғарыштан түскен темір метеориттің сынығынан жасалған. Қолмен бұралатын Co-Axial Master Chronometer 9914 калибрі 60 сағаттық қуат қорына ие және METAS тарабынан сертификатталған, яғни магниттік өрістерден толықтай қорғалған. Бұл сағат жерден тыс кеңістіктің бір бөлшегін білегіңізге тағумен тең.

Tatler Asia
IMAGE OMEGA

Cartier

Cartier ұсынған жұқа (10,2 мм) Privé Tortue Monopoussoir Chronograph сағаттары – нағыз париждік салтанаттың үлгісі. Тек алтын мен платинадан, өте шектеулі данамен шығарылған бұл модельдердің ескі нақышта жасалғаны бірден байқалады. 1912 жылы пайда болған «тасбақа» пішінді корпус, ескі үлгіде жасалған жалғыз батырмамен басқарылатын 1928 MC мануфактуралық калибрі – бәрі де оған атадан қалған асыл жәдігердің сипатын береді.

Tatler Asia
IMAGE Cartier

ZENITH

Zenith және оның El Primero калибрі – хронографтар әлеміндегі тірі аңыз. 1969 жылы алғашқы әрі ең үздік болып танылған бұл механизм күні бүгінге дейін өз мәртебесін сақтап келеді. Жаңа Defy Skyline Chronograph Skeleton моделі осы аңызға айналған El Primero 36000 механизмінің жүрегін көпке паш етеді. Ашық, өрнекті циферблат тіпті секундтың оннан бір бөлігін өлшей алатын жоғары жиілікті механизмнің жұмысын тамашалауға мүмкіндік береді.

Tatler Asia
IMAGE ZENITH
Tatler Asia

MB&F

MB&F брендінің негізін қалаушы Максимилиан Бюссер кезінде ешқашан «қарапайым» хронограф жасамаймын деп айтқан еді. Сол сөзінде тұрды. Ирландиялық шебер Стивен МакДоннелл жасаған Legacy Machine Sequential EVO жай ғана хронограф емес. Оның 44 миллиметрлік корпусында бір-біріне тәуелсіз екі хронограф бар. Ал сағат тоғыздағы бірегей Twinverter ауыстырғышы оларға бірге, бөлек, бірізді немесе қатар жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл – бір корпусқа сыйдырылған тұтас бір өлшеу зертханасы.

Tatler Asia
IMAGE MB&F
Tatler Asia

Темы