Кездесуде не жеу керек? Бұл сұраққа жауапты Rabiya, Лиана Цориева, Мадина Расулова және Tomi Monet іздейді

Қазіргі танысудың алғашқы кезеңі көбіне онлайн өтеді. Күні-түні DM-де сөйлесіп, бір-біріңе күлкілі рилстар жібересің. Бірақ адамды шынайы тану үшін, онымен бетпе-бет кездесу керек. Ал алғашқы кездесу – үлкен үміт пен белгісіздікке толы, ерекше толқытатын сәт. Дәл осы жүздесуден кейін адаммен ары қарай араласудың реті бар ма, жоқ па, соны түсінесің. «Жақсы отырсақ, бірдеңе сыйлаймын» деген сияқты оғаш қалжыңдарды қалай қабылдау керек? «Жақсы отыру» үшін қайда барған жөн және ең бастысы, не жеу керек? Осы маңызды сұраққа жауап табу үшін біз бірнеше танымал блогердің оқиғалары мен кеңестерін жинақтадық.

Rabiya: «Ұяттан жерге кіріп кете жаздадым»

«Мен ол жігітпен қазір араласпаймын, бірақ алғашқы кездесуіміз есімнен кетпейді. Басында бәрі жақсы еді. Кофехананың екінші қабатына жайғасып, шай мен ортақ салатқа тапсырыс бердік. Әңгімелесіп отырғанда, менің серігім шанышқысын түсіріп алды. Шанышқы тәрелкеге соғылып, одан секіріп, төменде тұрған даяшының дәл басына тиді! Даяшы бізге жалт қарағанда, ұяттан не істерімді білмедім. Оған қоса, тәрелкеміздің екіге бөлініп қалғанын көрдік. Екеуміз де абдырап, тез есеп айырысып, сол жерден қашып кеттік. Содан бері ол кафеге қайтып барған емеспін.

Менің кеңесім: алғашқы кездесуде сенімді көріну үшін, шанышқыны көп қажет етпейтін, қолмен ұстап жеуге ыңғайлы, жеңіл тағам алған дұрыс».

Лиана: «Ер жігіт жауапкершілікті өз мойнына алуы керек»

«Мен үшін алғашқы кездесуде ең бастысы – сөйлесу. Сондықтан киноға не концертке баруды уақытты босқа өткізу деп санаймын. Жігіттердің қызға сенімді болмаса, көп ақша шығындамай, кофе ішуге шақыратынын жиі естимін. Мен үшін жігіттің қайда шақыратыны маңызды. Егер ол мейрамхананы таңдауды маған қалдырса, бұл бірден көңілімді суытады. Себебі ер жігіттің осылайша жауапкершілікті өз мойнына алып, бәрін ұйымдастырғаны қызға өзінің маңызды екенін сездіреді.

Бірде бір жігіт мені бір мейрамханаға алып келіп: «Мен бұл жерге анаммен жиі келемін. Осы пастадан дәм татқаныңды қалаймын», – деді. Адамның өзі үшін қымбат нәрсемен бөліскісі келгені мені қатты баурап алды.

Тағамға келер болсақ, мен сорпа мен роллға тапсырыс бермеймін. Сорпаны ішкенде жағымсыз дыбыс шығуы мүмкін немесе үстіме төгіліп кетуі мүмкін. Ал роллды жеу үшін ауызды кеңінен ашу керек. Оны шайнап отырып, әңгіме тыңдау да ыңғайсыз. Кейде роллдың тым дәмді болғаны сонша, «Маған мына адамның не керегі бар? Одан да роллды рахаттанып жейінші!» деген ой келеді. Сондықтан кішкентай тіскебасарлар немесе салаттар – ең жақсы таңдау.

Бірнеше жыл бұрын бір жігітпен кездесуде болған оқиға есімде. Мен бес жыл бойы ет жемейтін едім. Ол маған лазанья ұсынды, мен толқығаннан оның ішінде ет барын ұмытып, бір тілім жеп қойдым. Шайнап жатып, қателігімді түсіндім, бірақ жігіттің көзінше аузымдағыны түкіріп тастай алмадым. Амалсыз жұттым, содан кейін қатты ауырдым. Екінші кездесу болған жоқ. Сондықтан серіктесіңізге талғамыңыз туралы алдын ала айтқан маңызды.

Дегенмен, егер адамдар бір-біріне шынымен ұнаса, не жеп, не ішкендері маңызды емес. Ал егер ұнамаса, оның тамақты сораптап жегенінен бастап, даяшымен сөйлескеніне дейін бәрі ашуыңды келтіреді».

Мадина: «Бақыттан ас батпады»

«Мен күйеуіммен алғаш кездескенде қатты толқыдым. Біз соңғы рет бесiншi сыныпта, жеті жыл бұрын кездескен едік. Онлайн қарым-қатынас бастап қойсақ та, бұл есімізді білгеннен кейінгі алғашқы жүздесуіміз болатын. Астананың әуежайында кездестік. Ол Атыраудан ұшып келді, ал мен құрбыммен Көкшетаудан көлікпен келдім. Маған қолдау қажет болғандықтан, құрбым қасымда болды. Ол бізді суретке түсіріп, қуанып жүрді. Мен бақыттан жетінші аспанда болып, себепсіз жымия бердім. Толқығаным сонша, ас батпады. Тіпті кешкі аста да қарнымның ашқанын сезбедім.

Сондықтан менің кеңесім: алғашқы кездесуде тағамға көп бас қатырмаңыздар, бәрібір толқығаннан тәбетіңіз болмайды. Ең жақсысы, бір десертті екеуіңіз бөліп жесеңіздер, өте романтикалық болады».

Томирис: «Ең бастысы – өзің болу»

«Күйеуіммен енді танысқан кезде мен өзімді «аз тамақ жейтін» қыз ретінде көрсетуге тырысқан жоқпын. Асқа тәбеті жақсы қыздардың жігіттерге ұнайтынын мен әрқашан білетінмін. Біздің алғашқы кездесулеріміз менің ауламда, жеткізу қызметімен келген кеспе жеумен өтті. Мен әлі күнге дейін сол кездесулерді ең романтикалық деп санаймын. Ол жұмыстан кеспе алып келетін, мен сусын алып шығатынмын. Біз үйімнің терезесінің астындағы орындықта сағаттап сөйлесе алатынбыз.

Менің ойымша, алғашқы кездесуде ең бастысы – өзің болып қалу. Егер бургер жегіңіз келсе, бірге ең дәмді бургерді табыңыздар. Пастаның орнына кәуап жегіңіз келсе, сол туралы айтыңыз. Тағамға деген ортақ көзқарас жақсы жұптарды жақындастырады. Сондықтан көп ойланбай, жаныңыз қалаған нәрсені жеу керек».

Темы