Астана Конгресс-орталығында өтетін «Болашақтың тамырлары» тақырыбындағы Astana Art Fair 2025 көрмесі Орталық Азия, Ресей және Қытайдан келген қатысушылардың 200-ден астам туындысын және дәрістер мен воркшоптар бағдарламасын ұсынады
Осы аптаның соңында, 24-26 қазан аралығында, Астана қаласы заманауи өнердің орталығына айналады. Конгресс-орталықта қала Әкімдігінің қолдауымен Astana Art Fair халықаралық заманауи өнер жәрмеңкесі өз шымылдығын түреді. Бұл жоба креативті экономика мен арт-нарықты дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді бастама ретінде жарияланған. Жәрмеңкенің тақырыбы – «Болашақтың тамырлары / Future Roots / Корни будущего». Ол өнердің өткеннен тамыр тартып, болашаққа бүршік жаратын тірі ағын екенін паш етіп, Астананың болашақтағы мәдени тоғыс ретіндегі рөлін айқындауды көздейді.
Жәрмеңкеге Орталық Азия, Ресей және Қытайдан галереялар мен суретшілер қатысып, сарапшылар іріктеп алған 200-ден астам туынды: кескіндеме, инсталляция, NFT және видеоарт көпшілік назарына ұсынылады. Қатысушылар қатарында Қазақстаннан – Futuristan Lab, TSE Art Destination, Occupy Steppe, Qazart.com, Keremet Art, Altyn Gasyr және «Парсифаль» екі арналы видеоарты; Өзбекстаннан – Bonum Factum, Andakulova Gallery; Қырғызстаннан – Bishkek School of Contemporary Art; Ресейден – «Высота», Sistema Gallery, ES Gallery сияқты танымал ұйымдар бар. Сондай-ақ, ашық іріктеу қорытындысы бойынша жаңа есімдерді танытатын Independent Voices: Future Roots кураторлық аймағы да жасақталады.
Көпшілікке арналған бағдарлама да өте бай болмақ: Валерия Ибраева, Нелли Шиврина, Әсел Ахметжанова сияқты жетекші сарапшылардың дәрістері, эксперименталды акварель және зин жасау бойынша воркшоптар, паблик- және артист-талқылаулар өткізіледі. Ұйымдастырушылар инклюзия мен қолжетімділікке ерекше назар аударып отыр.
Жобаның бастамашысы және ұйымдастырушысы – Urpaq бірлестігі. «Біз Astana Art Fair-дің жаңа тартылыс нүктесіне, мәдени алмасу платформасына айналғанын қалаймыз. Бұл жерде коллекционерлер, галереялар, жас және танымал суретшілер бас қосып, болашақтың өнері туралы ой бөлісе алады деп үміттенеміз», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.









