IMAGE Getty Images

Даррен Аронофскидің жаңа студиясы Google-мен бірігіп, жасанды интеллект көмегімен фильмдер жасауға кірісті

«Реквием по мечте» мен «Черный лебедь» сияқты танымал туындылардың авторы, америкалық режиссер Даррен Аронофски енді жаңа белестерді бағындыруға бел буды. Оның Primordial Soup атты жаңа студиясы өз жобаларында жасанды интеллекті (ЖИ) белсенді түрде қолданып келеді. Жуырда 20 мамырда Primordial Soup пен Google DeepMind компанияларының әріптестік орнатқаны белгілі болды. Енді олар бірлесіп үш қысқаметражды фильм түсіруге кіріспек. Аронофскидің пікірінше, кино өнері әрдайым жаңа технологиялармен біте қайнасып келеді, сондықтан жасанды интеллектінің де бұл процестен тыс қалмасы анық.

Көрерменге бірінші болып ANCESTRA жобасы жол тартады. Фильм жүрек ақауымен туған кішкентай қыздың өмірі туралы баяндайды. Бұл – фильм режиссері Элиза МакНиттің жеке тәжірибесінен туындаған хикая. МакНитт қысқаметражды фильмді дайындау барысында отбасылық мұрағаттарды, шынайы эмоцияларды және ғылымды біріктіре отырып, ерекше кинематографиялық туынды жасауға ұмтылған. Режиссер сонымен қатар жасанды интеллект кез келген ананың бала босанғанда бастан кешетін терең сезімдерін дәлме-дәл жеткізуге көп көмектескенін де ерекше атап өтті. ANCESTRA фильмінің тұсаукесері 13 маусымда Tribeca кинофестивалі аясында өткелі отыр.