«Freedom Bank-пен бірге шығармашылық зертхана» «Целинный» орталығының Atelier білім беру кеңістігінде өтеді
«Целинный» заманауи мәдениет орталығы Freedom Bank-пен бірлесіп, «Freedom Bank-пен бірге шығармашылық зертхана» бағдарламасын іске қосады. Бұл – 11-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған тегін білім беру курстары мен қарқынды воркшоптар сериясы. Бағдарлама 2025 жылдың қазан айынан 2026 жылдың ақпан айына дейін жалғасады.
Бағдарламаның менторлары – халықаралық тәжірибесі бар суретшілер, музыканттар, дизайнерлер мен инженерлер. Олар жасөспірімдерге жаңа бағыттарда алғашқы қадам жасауға көмектесіп, заманауи құралдармен жұмыс істеуді үйретеді. Әрбір курс нақты нәтижемен аяқталады: саунд-арт альбомы, анимациялық фильм, цифрлық жоба немесе тіпті жеке қаріп.
Қатысушыларды «Целинный» комиссиясы іріктейді. Тек мотивациялық хаттың сапасы мен өтінімнің пысықталуы ғана емес, сонымен қатар қаржылық қолдау қажеттілігі де ескеріледі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ мүгедектігі бар жасөспірімдерге басымдық беріледі.

Целинный мәдени даму орталығының алдағы жылдарға арналған бағдарламасы туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. «Freedom Bank-пен бірге шығармашылық зертхана» бастамасының курстары мен воркшоптары туралы толық ақпаратты осы сілтеме арқылы алуға болады.