IMAGE Алексей Попцов

Әл-Фараби және Назарбаев даңғылдарының қиылысына Жауме Пленсаның «Надэс» атты монументалды мүсіні орнатылды

«Надэс» – бұл шаштары өрілген, көздері жұмулы 12 метрлік мүсін. Пленсаға тән мәнерде жасалған бұл туынды ішкі тыныштық, терең ой мен сабырлылықты бейнелейді. Суретшінің өзі мұндай жұмыстарын «жан портреттері» деп атайды. Мүсіннің ашылу салтанаты 2025 жылдың 3 шілдесінде өтті. Осы оқиғаға орай хореограф және «Бірлік» ансамблінің көркемдік жетекшісі Әнел Марабаева «Арқайым» этно-фолк тобының музыкасымен «Надэс» бейнесінен шабыт алған биін ұсынды.

Нұрлан Смағұлов, Almaty Museum of Arts негізін қалаушы: «Біз мұражайдың жанында қаламыздың маңызды бір бөлшегіне айналатын туындының пайда болғанын армандадық. «Надэс» – әйел күшінің, қадір-қасиетінің және сұлулығының көрінісі. Ол қала тұрғындары мен қонақтарын мұражайға шақырып тұрғандай. Бұл мүсін Алматының басты символдарының біріне айналатынына сенемін».

 

Tatler Asia
IMAGE Нұрлан Смағұлов және Жауме Пленса

Жауме Пленса: «Мен шынайы адамдармен жұмыс істеймін – олардың бет-әлпетін сканерлеп, тұлғаның өзіндік ерекшелігі жоғалғанға дейін трансформациялаймын. Мен әрбір көрерменнің осы бейнелерден өзін танығанын қалаймын. Бұл бет-әлпеттер айнаға айналады».

Жауме Пленса 1955 жылы Барселонада дүниеге келген және бүгінгі күнге дейін сол қалада жұмыс істейді. Оның мүсіндері Чикагодан Токиоға дейінгі әлемнің көптеген танымал қоғамдық кеңістіктерінде орнатылған. Ең танымал жобаларының қатарында: Water’s Soul (2020) Джерси-Ситиде, Нью-Джерси; Julia (2018) Мадридтегі Колумб алаңында; Roots (2014) Токиода; Soul (2011) Сингапурде; Alchemist (2010) Бостондағы Массачусетс технологиялық институтының жанында. Алматы үшін арнайы жасалған «Надэс» – суретшінің соңғы жылдардағы ең ірі жұмыстарының бірі.

Қазақстандағы алғашқы жекеменшік заманауи өнер мұражайы – Almaty Museum of Arts көпшілікке өз есігін 2025 жылдың қыркүйегінде ашады. Бұл оқиға Алматының және бүкіл аймақтың мәдени өміріндегі маңызды белес болмақ.

Темы