Алматы мен Астанадағы көрмелер, фестивальдар, концерттер – маусым айында өтетін басты шаралардың топтамасы.
Ақыры қат-қабат киінуден құтылып, жаңа, жарқын образдарымызды көрсетуге болатын уақыт та жетті! Әсіресе фестивальдер, пикниктер мен кештер маусымында. Жазды әзілмен, еркіндікпен және жаңалыққа деген құштарлықпен қарсы аламыз. Сіздер үшін Алматы мен Астанадағы қапы қалуға болмайтын басты іс-шаралардың топтамасын жинадық.
«Мне стыдно» әзіл-сықақ шоуы
Күні: 3 маусым
Қайда: Астана
«Мне стыдно» стендап-шоуы үшінші маусым күні Chili Grill барында өтеді. Айна Мусина, Мадина Байболова, Слава Клочков және басқа да шақырылған қонақтар өздерінің ұятты оқиғаларын баяндайды. Ашық әңгімеге және өзін-өзі әзілге айналдыруға дайын болыңыз. Күлкіге қарық боласыздар!

BEU Fest 2025
Күні: 7 маусым
Қайда: Алматы
Жыл сайынғы BEU Fest музыкалық фестивалі 2025 жылы «Сұңқар» трамплиндер кешенінің аумағында өтеді. Фестивальдің мақсаты – музыка индустриясындағы жаңа есімдерді көпшілікке таныстыру. Сахнада Dequine, Say Mo, ALEM, De Lacure, kilemger және басқа да қазақстандық әртістер өнер көрсетеді. Көрермендерді сүйікті орындаушыларының әндері мен қызықты таныстықтар күтеді.