Видео ойындар саласындағы The Game Awards 2024 сыйлығын марапаттау рәсімі қалай өтті және онда не көрсетілді?
Лос-Анджелес қаласында оныншы мерейтойлық The Game Awards 2024 рәсімі өтті. Мұнда жыл сайын видео ойындар саласындағы жетістіктер айқындалып, көптен күткен әрі ерекше жобалардың анонсы шығады.
League of Legends үздік киберспорт ойыны, Tekken 8 үздік файтинг, Batman Arkham Shadow үздік VR/AR жобасы, Metaphor: ReFantazio үздік RPG, Balatro үздік инди ойыны, Black Myth Wukong үздік экшн атанды. Жыл ойыны мәртебесіне көпшілікке ұнамды Astro Bot ие болды. Номинациялар мен лауреаттар тізімімен мына сілтеме арқылы таныссаңыз болады.
The Game Awards 2024 рәсімінде Snoop Dogg, Twenty One Pilots және The Game Awards Orchestra музыкалық ұжымы өнер көрсетті. Сондай-ақ іс-шараға Элла Пернелл, Харрисон Форд, Аарон Пол, Кэн Кутараги, Хидео Кодзима, Khalid және басқа да танымал тұлғалар қатысты. The Game Awards 2024 барысында болған қызықтар туралы әңгімелейміз.
The Witcher 4
Польшалық CD Projekt RED студиясы Witcher 4 ойынының кинематографиялық трейлерін көрсетті. Ашық әлемге негізделген рөлдік ойынның бас кейіпкері құбыжықтарды аулаушы әрі бұған дейінгі бөлімдердің бас кейіпкері Ривиядан келген Геральттің Тағдыр сәбиі — Цири болмақ. Ақ арлан, сондай-ақ Блавикен қасапшысы атанған Геральт хикаяның жалғасында қайта оралады. Компанияның соңғы есептемесіне сенсек, ойынды әзірлеу процесі қызып келеді. Witcher әлеміндегі ең ауқымды видео ойын болмақ. Күтеміз!