IMAGE Editors’ Pick

Бұл – жазбен қоштасу мұңына қарамастан, жүрекке жылу сыйлаған дүниелер туралы хикая

Күздің салқын лебі желкеден есіп тұрғандай. Аяқ астында сарғайған жапырақ көбейіп, кештер салқындап, көңіл жиі мұңға батады. Біздің бұл жолғы таңдауымыз да осындай сәл сағынышты болды.

Сән редакторы сарғыл тартқан шашын жоқтайды; диджитал директоры – қолға қайта оралмас балалық шағын аңсайды; мәдениет редакторы уақыт пен қаржының тапшылығына қайғырады; ал креативті директор жай ғана шаршағанын мойындайды. Бірақ осы мұңның ортасында әрқайсысы өздеріне өмірге деген құлшынысты қайтарған бір дүниені тапты: ол ойын консолі, Hermès әтірі немесе вьетнамдық дизайнердің жейдесі болсын.

Илья, диджитал директор

Қолға қайта оралған балалық шақ: Game Boy Advance

Бала кезімде менің ашық қызыл түсті Game Boy Advance SP консолім болатын. Мен оны жанымнан артық жақсы көрдім, бірақ есейіп, ол сезім басылды. Консольді көршіме бердім, ол оны жоғалтып алды. Онымен бірге менің балалық шағым да жоғалғандай болды. Бақытыма орай, оны қайта сатып алуға болады екен, сондықтан қазір менің коллекциямда 15-тен астам Game Boy бар. Шынымды айтсам, консоль жинауға деген құштарлық тек сағыныштан туған жоқ. Мен үнемі: «видеоойындар – бұл өнер» деп қайталаймын. Оның үстіне, бұл көрерменнің тікелей қатысуын талап ететін бірегей өнер. Тұтыну медиумы – консоль, дисплей, периферия – басқа еш жерде қайталанбайтын ерекше тәжірибе сыйлайды. PS1-дің визуалды артефактілері, Dreamcast-тың жад картасы, Game Boy-дың пішіні – ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен, оларсыз өнерден алатын әсер толық болмайды. Сондықтан ескі консольді тарихтың қоқысына лақтырғанша, оны маған бергеніңіз жөн.

Tatler Asia

Динара, SMM

Құтыдағы жаз: Un Jardin à Cythère, Hermès

Un Jardin à Cythère маған кішкентай кезімдегі Пелопоннесте өткізген жазды еске салады. Құтыдан зәйтүн майының, цитрустар мен тұзды судың иісі аңқиды, ал теріге жаққанда алдымен лимон қабығы, содан кейін теңіз бен ағаштың жұпар иісі сезіледі. Жеңіл, сәл тентек хош иіс. Оны иіскегенде, мен Жерорта теңізінің самалын, таңғы асқа саз құмыраларда берілетін қышқыл йогурттың дәмін, ағаштан жаңа үзілген өріктің тәттілігін және сол кездегі әлемдегі ең дәмді болып көрінген зәйтүндерді сезінемін. Мен қайтадан жағажайда жалаң аяқ жүгіріп, иығым күнге күйіп, теңіз жәндіктерін тамашалап отырғандаймын. Кейін парфюмердің Грекиядан шабыт алғанын білгенде, бәрі түсінікті болды.

Хош иіс жазғы болғанымен, оны келесі маусымға дейін жасырып қойғым келмейді. Күзде ол маған жаздың шуағын қайтарудың бір жолы болады.

Tatler Asia

Дания, SMM директор

Парижде табылған олжа: винтажды Guess багет-сөмкесі

Парижге барып, сөмке сатып алмау – кешірілмес күнә. Шопингті мен екінші күнге қалдырдым. Ол кезде Луврды аралап, 30 мың қадам жасап үлгерген едім. Одан әрі – атмосферасы ерекше винтаж дүкендеріне толы Rue de Turenne көшесі. Сол жерде, танымал Nuevo-ның жанында, люкс заттарын өте ұтымды бағамен сататын шағын дүкен жасырынып тұр екен. Сөрелерде – Vivienne Westwood архивтері мен Том Форд кезіндегі Gucci жакеттері.

Мен киімдерді қарап жатқанда, жігітім маған бір сөмке тауып берді, бұл бір көргеннен ғашық болу еді. Y2K стиліндегі гламурлы Guess: жылтыр детальдар, логотиптер, ілгектер. Монограммасы мен қызғылт былғары кірістірмелері бар шынжырлы сол баяғы багет-сөмке. Оны таққанда, мен өзімді бала кездегі үлгі тұтқан әпкемдей сезінемін. Ол белі төмен джинсы киіп, MTV-дан көз алмайтын.

Tatler Asia

Индира, сән редакторы

Шашқа арналған ода: Oribe Signature Shampoo сусабыны

Мен біркездері аққұба болдым. Шашың түсе бастағанға дейін «Blondes have more fun» деген рас. Көзіме жас алып, пикси шаш үлгісіне келістім. Содан бері бірнеше жыл бойы шашымды сабырмен өсіріп, шаш косметикасына бет күтімінен көп ақша жұмсап келемін. Менің таңдауым люкс Oribe шаш күтімі маркасына түсті. Брендті 2008 жылы Наоми Кэмпбелл мен Дженнифер Лопес сияқты жұлдыздар сенім артқан стилист Орбе Каналес құрған.

Менің басты сүйіктім – Oribe Signature Shampoo. Бұл менің жігітіме қолдануға қатаң тыйым салынған сусабын. Оның формуласында қарбыз, личи және эдельвейс қосылған Oribe Signature Complex кешені бар. Кератин құрылымын қалпына келтіреді, ылғалдандыру мен жылтыр береді, оған қоса күннен және қартаюдан қорғайды (иә, шаш та қартаяды). Ал соңғы ерекшелігі – одан нағыз салтанаттың иісі аңқитын Côte d’Azur хош иісі.

Tatler Asia

Егор, мәдениет редакторы

Ұзақ күткен қуаныш: Nintendo Switch 2

Жеке «свитч» туралы мен 2017 жылдан, консоль шыққан кезден бастап армандадым. Бірақ оны сатып алуға мүмкіндігім болмады. Әрдайым маңыздырақ заттар табылатын. Осы жылдың басында Nintendo Switch 2 жарияланғанда, мен консольді міндетті түрде аламын деп шештім.

Оны сатып алу туралы ой ішімді жеп, күмән тудыра бастады. Мен өзімді «бұл маған қажет емес, бар нәрсеге қанағат ету керек» деп сендірдім. Бірақ бір күні YouTube-ты қарап отырып, көптен бері назар аудармай жүрген хоббиге жұмсалатын шығындар мен «ұят» саудалар туралы видеоға көзім түсті. Оны көргеннен кейін көңілім жеңілдеп, келесі күні армандаған консолімді іздеп дүкенге бардым.

Осы жылдар бойы мен өзімді «свитч» сыйлайтын қарапайым қуаныштан шектеп келдім. Енді табиғатта немесе төсекте жатып ойнап, жақындарыммен көңілді уақыт өткізіп, бала кезден таныс Nintendo-ның жылы әлемдеріне еніп, консольдің рахатын толық сезіне аламын. Енді көңілім тыныш.

Tatler Asia

Сергей, креативті директор

Хошиминнен келген дем: Victim of the Prime жейдесі

Шынымды айтсам, жазғы жұмыстардан кейін қатты шаршағаным сонша, қайда баратыным маңызды емес еді. Тек үйреншікті ырғақтан шығып, қайтадан тыныс алуға болатын басқа жерге барғым келді. Осылайша мен Хошиминге тап болдым. Бұл қаланың шопинг үшін таптырмас орын екенін кім ойлаған. Түрлі-түсті сөрелердің арасында мен бағаларға қарауды тоқтатқанымды байқадым. Уақыт өте келе өзімді тоқтатуға тура келді, сауда жасауым тоймайтын құмарлыққа ұқсай бастады.

Дегенмен, бір зат ерекше болды – Вьетнамдық Victim of the Prime брендінің Time Spender жейдесі. Олардың дизайны Хошимин эстетикасы мен Вьетнамның мәдени ерекшеліктерінен шабыт алған. Осындай дизайнерлік заттың соншалықты қолжетімді бағаға түскені ерекше қуантты.

Tatler Asia

Камила, YouTube редакторы

Кітап сөресіндегі уақыт: Dune. Exposures

Мен Фрэнк Герберттің кітаптарымен өстім. «Дөңді» алғаш рет 12 жасымда оқыдым – сол кезде ғылыми фантастиканың алтын ғасырына жататын барлық кітапты «жұтатынмын». Бірақ дәл осы кітаптан кейін жеке баспа коллекциясын жинауға деген ниет пайда болды. Герберттің әлемі жаныңа бататындай шынайы сезілетін: аяқтың астында құм сықырлап, шөлдің ыстығы теріңе өтіп бара жатқандай. Әсіресе, оның өз әлемінің ережелерін шайнап бермей, оқырманды бірден ішіне – қатал әрі аяусыз тастайтыны ұнайтын.

Шамасы, сондықтан да мен ескі кітап дүкендерін аралап, достарым интернеттен тапқан сирек басылымдарды жинайтынмын. Осылайша менің кітапханам қалыптаса бастады. Жылдар өтті, көп нәрсе өзгерді, бірақ «Дөң» бойынша «өз» кітаптарымды іздеу әдеті қалды. Жақында сөреме Dune. Exposures қосылды – оны беттелуі үшін сатып алдым: минималистік, қатаң, әлемнің стилистикасына сәл ғана сілтеме жасайтын. Ішінде – оператор Грег Фрэйзердің фильм түсірілімінен алынған пленка фотосуреттері мен Джош Бролиннің өлеңдері. Бұл кадрлардың көпшілігін желіден таба алмайсыз.

Кейде ойлаймын: мен оларды бала кездегі «Дөңді» алғаш ашқандағы сезімді ұстап қалғым келетіндей жинаймын. Бірақ кітаптар сөреде тұр, ал уақыт бәрібір өтіп жатыр.

Tatler Asia

Көркемдік жетекші: Мадина Сәрсенбаева
Фотосуретші: Аружан Жанова
Фото редактор: Мәдина Сәрсенбаева

Темы