IMAGE Фотосуретші: Charlie Clift | imdb.com

Махаббат туралы басты фильм – Materialists 2025 жылы қай тақырыпты ашады? Абай болыңыздар, мәтінде азын-аулақ спойлер бар

Materialists фильмінің трейлерін алғаш көргенде мен картинаны ойша биылғы must-watch тізіміне қостым. Cast is casting болғандықтан ғана емес (неге екенін өздеріңіз де білесіздер), фильмнің режиссері Селин Сон үшін де. Әйел режиссер түсірген фильмнің Бекдел-Уоллес тестінен өтетіні анық.

Қызығушылығымның тағы бір себебі – бала кезде ұнатқан жанрыма деген сағыныш. Ребут пен ромком жанрын қайта жаңғыртуға деген талпыныстан шаршаған мен классикаға негізделген түпнұсқа сюжет көргім келеді. Materialists фильмінде ескі романтикалық комедияларға тән дүниелердің бәрі бар. Мысалы, шулы Нью-Йорк, жеңіл әзіл, махаббатқа толы көзқарас және әсем сөз. Фильмнің басында Дакота Джонсон іскерлік кездесуге барамын деп жиналып жатқан кезде Suddenly I See әні ойнап, кейіпкерлер қамсыз 2000-шы жылдарға қайта оралатындай болып кетеді.

Дакота, Педро және Кристің махаббат үшбұрышы

Фильмнің байырғы өмір көрінісімен басталып, аяқталады: ер адам – табыскер, әйел адам – ошақ иесі. Бұл метафоралық кіріспе фильмнің басты мәселесін ашады. Біз бір-бірімізді не себепті таңдаймыз: бой ма, сырт келбет пе, ақша ма, саяси көзқарас па, отбасылық қарым-қатынас па әлде одан да ұлы бір дүние ме?

Materialists – табысты мэтчмейкер (бізше – жеңгетай) Люси туралы хикая. Жалғызбасты жандарды қосып, мансап құрған адам. Портфолиосы отбасы құрумен аяқталған тоғыз табысты кейсті қамтиды. Бас кейіпкер жартылай іскерлік, жартылай сексуалды образ сомдап, жылына $80 мың табады әрі қарым-қатынас туралы бәрін білетін адамға ұқсайды. Люси клиенттерінің сұранымдарын математикалық есеп түрінде көреді. Алайда Люсидің өзі де жалғызбасты, яғни ол өз жеке өмірін біржақты қылуға еш асықпайды. Алайда бір күні ол харизмалы миллионер Гарри (Педро Паскаль) мен өзінің «басты бұрынғы жігітін» (биографияда маңызды сәт болып қалатын серік) – даяшы Джонды (Крис Эванс) кездестіреді.

Tatler Asia
IMAGE Фотосуретші: Charlie Clift | imdb.com

Люси – кинолардағы жеке тұлғама негіз болған role models-тердің жинақтама образы. Энди Андерсон сияқты ұнамды әрі ойнақы, Кэрри Брэдшоу сияқты рефлексияға жақын, сондай-ақ Андреа Сакс сияқты мансап үшін жанын беруге дайын бойжеткен. Педро Паскальдің кейіпкерімен билегеннен кейін ол былай дейді: «Келесі жігітім күйеуім болады, алайда менімен жүре бастау үшін ол өте бай болуы керек». Дакота Джонсонның сәтсіз жобаларына қатысты сынға былай алып тастасақ, оның өнері көрерменді кәдімгідей сендіреді. Бір уақытта актрисаның непотизмін ұмытып, оның балалық шағы жоқтыққа толы болғанына сене бастайсың.

Отбасылық бизнестің мұрагері Гарри, матчмейкерлер айтпақшы, нағыз «жалғыз мүйіз» мінсіз болғаны соншалық, оның шын адам екеніне сену қиынға соғады. Өзі сымбатты, өзі харизмалы, бойы ұзын әрі ақылды және де ең бастысы – бай азамат. Күйеулер нарығында теңдесі жоқ жан. Эмоция тұрғысынан ашық «мистер Биг», 10/10. «Шашыңның үлгісі күшті, киінуді де біледі екенсің», – дейді әйелдердің дейтинг тәжірибесінің ең бір қиын жағы туралы әңгіме қозғаған Люси. Алайда Люсиді ең бір таңғалдыратын жайт – Гарридің кез келген шотты төлей алуы. «Маған өзің ұнайсың ба әлде мені апаратын жерлерің ұнай ма, білмей тұрмын», – дейді Люси. Секстен кейін бірден пәтері қанша тұратынын сұрай жөнеледі.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Гарри мінсіз кандидат болып көрінгенімен, Люсидің бұрынғы жігіті – той кейтерингі қызметінде даяшы болып жұмыс істейтін 37 жастағы театр актері Джон бар. Жеке шекарадан жұрдай болған ол көршілерімен бірге пәтер жалдайды. Жинаған ақшасы – екі мың доллар ғана. Люсиге өлердей ғашық. Люси оны бірнеше жыл бұрын мерейтойларын арзан ресторанда атап өтіп, жиырма долларға бола ұрсысудан шаршап, тастап кеткен екен.

Махаббат үшбұрышы – классикалық сюжет. Materialists фильмінің дилеммасы да сол – сүйіктіңмен күркеде де тұруға бола ма, жоқ па?

Tatler Asia
IMAGE imdb.com

МатериалисТЕР

«Мен сені кедей болғаның үшін тастадым. Осы қылығым үшін өз-өзімді жек көремін», – дейді Люси Джонға. Олар қайта қосылады. Қарым-қатынасы еш өзгермейді. Люси өзі ұмтылған жайлылыққа Джонның шамасы келмейтіні үшін өз-өзін кінәлайды.

Олар ақшаның қарым-қатынастағы рөлі туралы ойланады. Алайда өзін нашар, қатал, ақшақұмар дейтін Люси ғана. «Әйелдерге тек ақша ғана қажет» деген стереотип фильмнің орыс тіліндегі атауынан да байқалады. Түпнұсқа атау (Materialists) «Материалистка» деп өзгеріп, акцент әйелге және оның жоқтыққа көнгісіз болуына түсіп тұр.

Жай ғана ромком емес

Селин Сонның дебюті 2023 жылы Past Lives фильмімен келді. Дәл осындай күрделі қарым-қатынас туралы картина. Жаңа туындысында режиссер хикаяларды әйелдер призмасы арқылы баяндауды жалғастыра түсті. Мысалы, Люсидің клиентінің тойындағы көрініс – көп аруға таныс жағдай. «Өмірімді өз қалауымша сүре алғаныммен, тұрмыс құруға бел будым, – дейді бойжеткен. Теңдікке деген ұмтылыс жайлаған әлемде кей арулар ақ көйлек киіп, үйленгісі келгені үшін ұялатын болды.

Селин мэтчмейкингіні қарапайым бизнес түрінде көрсетеді. Фильм контексі аясында бұл шешім орынды көрінеді. Люсидің клиенті жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанда, фильмнің реңкі толықтай өзгереді. Бас кейіпкер тынымсыз бола түседі, өз-өзін кінәлай бастайды. Авторлар да мұны қалжыңға айналдырып, ситуацияны қалпына келтіруге тырыспайды. Ескі ромкомды оған тән пробемаларсыз көргендей боласың.

Tatler Asia
IMAGE Фотосуретші: Charlie Clift | imdb.com
Tatler Asia

Болған жайт Люсиді сергітіп, оның жұмыс пен жеке өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Ол қарым-қатынасқа математика, ал клиенттерге өсу және табыс көзі деп қарауды қояды. Фильмнің басында жұпты нақты параметрлерге сай қылып қосуға болады деп сенген мэтчмейкер махаббаттың формуласы жоқ екенін түсінеді.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Кейіпкерлердің есеюі туралы

Әйелдер бөлмесіне кірерде бір сеанстан шыққан әйелдердің әңгімесін құлағым шалып қалды. Бірі бас кейіпкердің шешіміне қарсы болса, басқасы бас кейіпкерлердің тұрмысындағы қиындықтарды айқындайтын Materialists 2 фильмі шықса деп армандап тұрды. Бірінші мәселені талқылауға болады, иә, бірақ екінші мәселе туралы айтарым – махаббат хикаялары екінші бөлімді қажет етпейді. Саусаққа қонған сақина мен жарқын болашақ туралы армандарды қамтитын финал үміт пен ертегінің шындыққа ұласуының иллюзиясын береді емес пе?

Темы