Наурыз осыдан үш мың жыл бұрын пайда болған деседі, әгәрәки, сол кезде Афина да, Рим де, бәлкім, тіпті Бейжіңнің де алғашқы кірпіші қаланбаса керек.

Шариғат қағидалары, Кеңес дәуірі тұсындағы идеология, жаһандық маркетингінің ұзын қармауына қарамастан, Наурыз еліміздегі ең жылы әрі сүйікті мейрамдардың бірі болып тойланып жүр. Мұның басты себебі көктемнің келуі мен жаңа өмірдің басталуы болса керек. Жаңарған табиғат адамзат баласын біріктіріп, бауыр етіп, шабыт сыйлайтындай.

Иран-түркі халықтарының Жаңа жылы саналатын Наурыз өзге мерекелерден кешірек келеді. Ол аппақ қарға оранған еуропалық шыршалар мен қызыл ала шапанды Аяз атаның мейрамынан да, айдаһарлар мен отшашуларға толы ай күнтізбесіндегі отты Жаңа жылдан да кеш басталады. Солтүстіктегі халықтар жыл басын ең қараңғы әрі суық күндерге сәйкестендірген. Олар үшін бұл – өмір үшін күресіп, қалың қардың құшағында, от басы ошақ қасында топтасқан күйі Күннің қайта оралуын жалбарына сұраған уақыт болған. Сондықтан Еуропадағы қысқы мейрамдар әлі күнге дейін көбіне отбасы шеңберінде атап өтілетін, ішке қарай бағытталған, кейде тіпті үрей мен қараңғылықтан қорғану реңктері сезілетін дәстүр болып қалған.

Қытайдан бастау алатын Шығыстың Жаңа жылы – күнтізбелік күнге емес, Ай циклына негізделген киелі көне мереке. Қаңтардың соңы мен ақпанның басындағы жаңа ай Қытайда көктемнің басталуы және табиғаттың жандануымен байланысты. Бұл мейрам мыңдаған ырым-тыйым мен дәстүрге бай және оны тойлау нағыз символикалық квестке ұқсайды: әр қадам, тіпті дастарқандағы бәліштің пішіні мен ыдыс-аяқтың түсіне дейін мағынаға ие. Қатаң қағидасы да көп.

«Наурыз» сөзінің төркіні ежелгі Ираннан шыққан, «ноу» – жаңа, «руз» – күн деген қос көне парсы сөзінен құралған. Сондықтан оны тек парсылардың дәстүрі деп санайтындар бар. Алайда тарихи Иран қазіргі Ислам Республикасынан әлдеқайда ауқымды еді. Наурыздың бастапқы Отаны ретінде парсы тілдес халықтармен қатар Орталық Азияның байырғы тұрғындары мекендеген Тұранды айтуға болады. Демек, Наурыз ежелден бері басқа бір шалғай өлкеде емес, дәл осы – болашақ Қазақстан аумағында тойланған.

Наурыз көбіне аңызға айналған абыз Заратуштрамен байланыстырылады. Кейбір деректерге сүйенсек, ол Жаратушының махаббатын, батасын, қолдауын және жарығын дәріптейтін ілімін дәл Жетісу өңірінде насихаттаған. Заратуштраның нақты қай ғасырда өмір сүргені белгісіз, бірақ ғалымдар оның ғұмырын б.з.д. XI-VI ғасырларға жатқызады. От пен жарыққа табыну – зороастризмнің басты ұстанымы, сол себепті көктемгі күн мен түн теңелген шақ, яғни күннің түнді жеңуі, бұл ежелгі дінде ең маңызды мейрамға айналған болу керек.

Бүгінде Наурыз Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан сияқты елдерде тойланады. Сондай-ақ бұл мейрам Иран, Шыңжаң, Ирак Күрдістаны, Үндістан, Түркия және Дағыстанда да аталып өтеді. Тіпті Еуропада, Балқан түбегінде – Македония, Албания, Босния және Герцеговинада да Наурыз дәстүрі сақталған. 2009 жылы ЮНЕСКО шешімімен Наурыз халықаралық мереке мәртебесіне ие болды.

Наурыз – жер бетіне жылу, тіршілік пен жарқын түстер қайта оралып, адамдар еңбекке, көктем мен жаздың қуанышы мен қарбаласына дайындалатын шақ. Сондықтан бұл мейрам өмірге деген сүйіспеншілікке, қуатқа, болашаққа деген үмітке толы. Оның астарында ешқандай үрей, қараңғылық жоқ. Бұл – еркіндік пен кеңдіктің, ашық аспан мен самал желдің мейрамы. Оған қоса, қалың күртешелерді сандықтың түбіне салып, қайтадан жеңіл аяқ киім киіп, күнгей аймақтарда жазғы террасаларда отыруға мүмкіндік беретін уақыт.

Tatler Asia

«Мен Қыдыр ата туралы алғаш рет он жасымда естідім. Әпкем маған: «Егер шкафың шашылып жатса, Қыдыр ата ренжиді», – деді. Мен бұған дейін Аяз атаның тым сараң екенін біліп алған едім. Ол бір-екі қуыршақ пен бір уыс мандарин үшін беске оқуды, тырнақты таза ұстауды, бауырыңмен төбелеспеуді, конфет қағаздарын диванның артына лақтырмауды талап ететін. Мүлде тиімсіз келісім! Ал Қыдыр ата тіпті сыйлық та бермейді. Осыны айтып едім, үлкендердің бірі: «Есесіне ол алдағы жылы иығыңа жүк болып түсуі мүмкін ауыртпалықтарды өзімен бірге алып кетеді», – деп түсіндірді. Сол кезде қатты қорқып, бірден сеніп қалдым. Тіпті қазірдің өзінде осыған біраз сенетін сияқтымын».

- Тея, 18 жаста, Алматы: -

Tatler Asia

Наурыз – жер бетіне жылу, тіршілік пен жарқын түстер қайта оралатын шақ

Сонымен қатар бұл – Милан мен Парижден жаңа сән топтамалары келетін, сүйікті курорттарға отбасылық саяхат жасалатын, алдағы жазға үлкен жоспарлар құрылатын уақыт.

От пен ата-бабалар рухына арналған күндер

Қытай Жаңа жылы сияқты Наурыз да ежелгі от құпияларынан бастау алады. Көне ирандықтар отты ең жоғарғы құдірет ретінде құрметтеген, сондықтан Иранда және кейбір түркі халықтарында, мысалы, әзербайжандарда, Наурыз алау жағу, оттан секіру сияқты отты салт-жоралғылармен атап өтіледі. Қазақстанда бұл дәстүр кең таралмаған. Дегенмен Наурыздың басқа бір маңызды көне элементі – ата-баба рухын еске алу дәстүрі елімізде өзіндік ерекшелігімен сақталған.

Зороастризмде Наурыз – көктем мен оттың ғана емес, сондай-ақ аруақтарды еске алу кезеңі. Көне сенімдерге сәйкес, өмірден өткен жандар күн жолымен аспандағы отты әлемге аттанады. Ежелгі зороастрийліктер мәйіттерді өртемей тұрып, оларды «күнге тапсыру» дәстүрін ұстанған, яғни марқұмды далаға немесе шөлге апарып, ашық аспан астында қалдыратын болған. Бұл жандардың тәні күн сәулесінің күшімен жанып, ал жаны күн шұғыласымен көкке көтеріледі деп сенген.

«Наурыз айы, яғни Жаңа күн айы, фраваши – ата-баба рухтарын еске алу кезеңі ретінде белгіленген», – деп жазды зороастризмді зерттеген әйгілі ғалым Мэри Бойс өзінің «Зороастрийліктер. Сенімдер мен дәстүрлер» атты еңбегінде. Туыстар мен ата-баба рухына ас беру Наурыздың ажырамас бөлігі болғаны соншалық, ирандықтар зороастризмнен бас тартқаннан кейін де бұл дәстүр сақталып қалды. Уақыт өте келе бұл рәсімге исламдық түсінік қосылып, ақындар мен философтар Наурыздың дәл осы күндері белгілі бір батырлар немесе ислам ғұламаларының дүниеден өткенін еске алып, рухына тағзым ету дәстүрін енгізді. Мысалы, Иранда Наурыздың «жебеушіс» ретінде ерлікпен қаза тапқан батыр Сиявуш саналады.

Құрбандыққа арналған ас әзірлеу дәстүрі бүгінге дейін сақталған. Мысалы, Иран мен Әзербайжанда Наурыз мейрамында қайнатылған жұмыртқаларға өрнек салады, себебі жұмыртқа – жанның қайта жаңғыру қабілетін бейнелейтін символдардың бірі. Жансыз зат жұмыртқадан тірі құстың жарыққа шығуы ежелгі наным-сенім бойынша өлімнен кейінгі қайта тірілудің айқын дәлелі саналған. Бұл идеяны бейнелейтін тағы бір нышан – көктеген дән, сондықтан да өскіннен дайындалатын көне тағам сүмәләк көптеген халықтар үшін Наурыздың ажырамас бөлігіне айналған.

Қазақстанда Наурыз кезінде құрмет көрсетілетін ортақ рухани ата-баба бейнесін ақ шапан киген Қыдыр ата сомдайды. Ол Наурыз күндері жер бетінде жүріп, шөптің қаулап өсуін, ағаштың бүр жарып гүлдеуін қамтамасыз етеді. Ол – әр үйге аяқ астынан мейман болып кіріп, шаңырақ пен жүректердің тазалығын сынайтын қонақ. Кейде Қыдыр ата Жылан баба – көпаяқты жылан рухы, ежелгі түркілердің тотемдік арғы атасы кейпінде де көрінеді.

Tatler Asia

«Мен үшін Наурыз Алатау бәйшешегімен тығыз байланысты. Біздің үйдің айналасындағы тау бөктері мейрам қарсаңында осы ақ гүлге оранып жататын. Нәзік гүл тіпті мұзды жарып шығып, шоқтанып жайқала түсетін. Сондай бір төзімді өсімдік өзі. Балалық шағымызда оның Қызыл кітапқа енгенін білмей, шоқ-шоқ етіп теріп алатынбыз, қазір, әрине, ұят. Сондай-ақ менің есімде қалған тағы бір жайт, Наурызда үнемі қар жауып тұратын. Сол себепті, меніңше, Наурыз дастарханын бақшада бірде-бір рет жая алмадық. Бірақ атам мейрамға арнап ас әзірлейтін: сүр ет пен бидайды тек далада, үлкен қазанда пісіретін. Ол қалың жауған қардың астында, қазанның қасында отырып, бүлкілдеп қайнап жатқан асын араластырып отыратын...»

- Акзель, 22 жаста, Алматы -

Тыйым мен ұмыт болған дәстүр

Ислам дінін тарату барысында араб халықтары Наурызды қабылдай қоймады, себебі бұл мереке олардың дәстүріне жат әрі исламға дейінгі мифологиямен тығыз байланысты еді. Алайда түркі және иран тілді халықтар бұл мейрамнан бас тарта алмады. Наурызды діни тұрғыдан негіздеу үшін теологтарға жағымды дәстүрлермен байланыстыруға, оны беделді тұлғалардың есімімен ұштастыруға тырысты.

Наурызды ақтаған ең танымал еңбектердің бірі – «Наурызнама», оның авторы – ұлы парсы ақыны Омар Хайям (1048–1131). Ол бұл еңбегінде:
«Патшалардың дәстүрі бар – жылдың басында олар арнайы рәсімдер өткізіп, батасын алып, жаңа жылдың басталуын атап өтеді. Кімде-кім Наурыз күні мерекелеп, қуанышқа бөленсе, келесі Наурызға дейін сол көңіл күй сақталады. Бұл дәстүрді патшалар үшін ғұламалар бекіткен», – деп жазған.

Бір қызығы, ХХ ғасырда Наурыздың тағдыры тағы да қиындықтарға тап болды. 1925 жылдан 1991 жылға дейін Түркияда бұл мейрамға тыйым салынды, себебі оны Түркияда тұратын күрдтер ашық әрі белсенді түрде атап өте бастады. Күрдтердің арасында зороастрийліктер көп болғандықтан, бұл мереке олардың ұлттық бірегейлігі мен тәуелсіздікке деген ұмтылысының символына айналды. Осы себеппен оны билік шектеуге тырысты. Сирияда да дәл осыған ұқсас жағдай болған, онда Наурыз әлі күнге дейін ресми түрде мойындалмайды.

Ресей империясы кезінде қазақ халқы Наурызды еркін тойлағанымен, бұл мейрам билік тарабынан да, ислам дінбасылары тарабынан да қолдау таппады. Ал кеңес дәуірінде Наурызға ресми түрде тыйым салынбағанымен, ол мүлде насихатталмады. Себебі кеңес билігі көктемгі мерекелердің барлығын ортақ күнтізбеге сәйкестендіргісі келді. 8 наурыздағы Халықаралық әйелдер күні мен 1 мамырдағы Еңбек мерекесін барша республика халқы атап өтуге тиіс еді.

Христиан қауымы Пасха мейрамын жасырын тойлауға мәжбүр болған заманда Наурызды атап өтушілерге ешкім кедергі болған жоқ. Дружинник жасақтарының патрульдері қолдорбасына бауырсақ пен шелпек салып алып, үйіне асыққан жандарды аңдымады, бірақ бұл күндері ресми демалыс берілмейтін, ал бұқаралық ақпарат құралдарында мерекеге қатысты ешқандай ақпарат жарияланбайтын. Дегенмен XX ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап Наурыз «Азия халықтарының сүйкімді ұлттық дәстүрі» ретінде аздап насихаттала бастады. Сол кезде халықтық қолөнерге, салт-дәстүрге, фольклорлық элементтерге деген қызығушылық артып, көбіне идеологиялық емес, сәндік-туристік сипатқа ие болды. Ал Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылы Наурыз ресми түрде мемлекеттік мейрам болып жарияланды.

Tatler Asia

«Наурыз ресми түрде тойлана бастағанда, 90-шы жылдардың басында мектептің хор үйірмесінде Роза Рымбаеваның «Наурыз-думан» әнін үйрендік. Мерекеге арналған фестивальде орындауымыз керек еді. Нәтижесінде сегіз мектептен сегіз хор шығып, сахнада кезек-кезек «Наурыз-думанды» шырқап шықтық. Ән тамаша, әрине, бірақ тым көп орындалды. Ұйымдастырушылар концерт бағдарламасын алдын ала келіспеген сияқты».

- Әсел, 43 жаста, Астана -

НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙМЫЗ?

Бір қызығы, Хэллоуин, Рождество, Жаңа жыл немесе 8 наурыз мерекелері сияқты емес, Наурыз маркетинг саласына әлі күнге дейін аса қатты бағына қойған жоқ. Соңғы жылдары ғана қонаққа дәмді тағам салынған мерекелік себет алып бару дәстүрі пайда болды.

Қала мен ауылдарда киіз үйлер тігіліп, орталық алаңдар ұлттық нақыштағы сәнді шатырлармен, алтыбақанмен, ошақ басында әзірленген тағамдардың хош иісімен түрлене түсті. Бірақ нағыз Наурыз атмосферасын сыйлайтын дүниелер жадыраңқы көңіл күй, көктем лебі мен жақындармен қауышу қуанышы екені сөзсіз.

Сондай-ақ Наурыз мерекесі – қонақ аралап, мейман күту аптасы екенін қазақстандықтардың дені жақсы біледі. Ең алдымен, ата-аналарға, ата-әжелерге, үлкендерге сәлем беріп, олармен барынша көп уақыт өткізу керек. Егер жасы үлкендер басқа қалада тұрса, міндетті түрде жолға шығып, бірнеше күн қасында болу дәстүрге айналған.

Наурыз мерекесі қарсаңындағы қонақ күту кестесі көптеген отбасыларда дипломатиялық хаттамаға ұқсап кетеді. Кейде бір күнде бірнеше кездесу өткізіп, біршама дастарханнан дәм ауыз тиюге тура келеді. Әсіресе барлық туыстар – нағашы-жиендер, бөле-қарындастар, ағайын-тумалар жиналатын ортақ үлкен үй болмаған жағдайда әр үйге жеке барып, амандық сұрасып, жаңалық алмасу әдетке айналған. Бұл кезде кіші буын жеміс-жидек пен жаңғақ «мүжіп», смартфонға үңіліп отырады.

Тіпті ас үйді айналып өтетін, тамақ әзірлеуге аса құлқы жоқ жандардың өзі Наурызда бауырсақ пен шелпек пісіруге тырысады. Себебі бұл күні үйде май қоңырсытып, иіс шығармау, жаңа піскен нанның болмауы ерсі саналған.

Наурыз көже мен ет те дастарханның басты тағамдарына айналған. Диетаға, асқазанның жайсыздығына сілтеу сияқты сылтауларыңыз да еш жерде өтпей қалады. Оныңызға: «Құрт жеп ал, бәрі орнына келеді. Бір-екі келі ет жей алатын шығарсың, бауырым!» – деп, бос тәрелкеңізді толтырып береді.

Бірақ кейде біз Наурыз көженің жай ғана тағам емес, рәсімдік ас екенін ұмытып кетеміз. Ол жеті түрлі негізгі дәмнен: су, ет, тұз, май, ұн, дәнді дақылдар және сүттен тұрады. Көп халықтарда, соның ішінде қазақтарда да жеті саны қасиетті саналады. Наурыз көженің бұл жеті ингредиенті бақытты өмірдің жеті символын білдіреді: қуаныш, даналық, сәттілік, денсаулық, байлық, жылдамдық және жамандықтан қорғайтын көктегі күш.

Наурыз көже дайындалатын үлкен қазан – молшылық пен бірліктің белгісі. Дастарханға қойылатын жеті түрлі тағам мен бұйым – Күнге арналған символикалық тарту. «Бұл сыйды Күннің қабыл алғаны – мол өнімнің кепілі» деген наным да болған. Бірақ мол өнімге ең қатты қуанатындар кейін салмақ тастау клиникаларына жүгінетіндер де болуы мүмкін. Себебі қазақы дәстүрлерді бұлжытпай ұстанатын болсаңыз, артық салмақтан қашып құтыла алмайсыз.

Tatler Asia

«Мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр аймағында дүниеге келдім. Онда қазақтар да, ұйғырлар да Наурызды ерекше мән беріп тойлайтын. Наурыз бен Құрбан айттан басқа ірі мереке жоқ еді біз үшін. Біз Жаңа жылды да, туған күндерді де атап өтпейтінбіз, бірақ осы екі мейрамда кеңінен тойлайтынбыз. Кейде апталап кететінбіз. Ауылдан ауылға атпен баратынбыз. Қай үйге кірсең де, таныс болсын, бейтаныс болсын бәрібір, барлығын құттықтап, бата алып, дастарханға жайғасып, шай ішіп шығу – міндет. Асық ойнап, арқан тартысатынбыз, ал мүмкіндік болса, көкпар ұйымдастыратынбыз. Бүкіл отбасымызбен Қазақстанға, Алматыға көшіп келгенде, мұндай ауқымды тойлау форматы ұмыт қала бастады. Қала өмірі оған бейімделмеген ғой».

- Тілек, 29 жаста, Алматы -

Tatler Asia

НАУРЫЗДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ДӘСТҮРІ – ҮЙДІ ТАЗАЛАУ

Үйдің ішін айнадай жарқыратып жуу – Наурыз алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Көктемгі күн сәулесі таза терезелерден жарқырап түсуі тиіс. Перделер жуылып, ас үйдегі майлы дақтардан құтылу қажет. Бауырсақтың майы тек кіршіксіз таза кафельге шашырауы керек.

Аулада да тәртіп орнауы тиіс: күзгі жапырақ, қысқы қоқыс жиналып, аула сыпырылуы қажет.

Наурыз күндері ешкімге ренжу, қатты сөйлеу немесе ұрсуға болмайды. Көшедегі қаңғыбас итке де «кет!» деп зекуге тыйым салынады.  

Тазалық. Жақсылық. Мейірім. Жомарттық. Міне, осы төрт қасиет – Наурыздың басты мән-мағынасы. Себебі дәл осы күндері себілген жақсылықтың дәні – ертеңгі күннің жемісі.

Tatler Asia

«Наурыз қарсаңында үйді жақсылааап тазаладық қой! Төбеде өрмекшінің торын швабраға байланған орамалмен сүртудің өзі бір қызық жұмыс еді, далада кілем қағу да кейде ойынға ұласып кететін. Бірақ үйдегі бүкіл ыдысты – қазандардан бастап серванттағы хрустальға дейін жуу үлкен сынақ болатын».

- Сабина, 35 жаста, Шымкент -

Темы