OYU, Sxodim, ZVUK және Vihod өкілдерімен офлайн іс-шаралар туралы сұхбаттастық

Офлайн іс-шара ұйымдастыру тренді пандемиядан кейін пайда болды. Төрт қабырғадан жалыққан адамдар жанды эмоцияға жармаса бастады. Көрермендер тарабынан болған қызығушылық ивент-индустрияға серпіліс берді. Жан-жақты дамыған іс-шараларды қазір демалыс аймағынсыз, фотобудкасыз, барсыз, тағамсыз және жәрмеңкесіз елестету мүмкін емес. Жұрттың талабы да артып келеді. Қазақстандық фестивальдер мен ойын-сауық кештерінің (OYU, Sxodim, ZVUK және Vihod) өкілдерімен табыс табу, кәсіпке деген махаббат және саланың дамуы туралы сұхбаттастық.

Офлайнға деген трендті байқадыңыз ба?

OYU Fest

Еркебұлан Күрішбаев: Адамдар белсенді болып, уақытын бағалай бастады. Пандемияның әсері екені айқын. Өз басым офлайн іс-шара ұйымдастырғым келді, бірақ қорқатынмын. Пандемия уақытты бағалауды, қорықпауды үйретті. 2021 жылы фестиваль ұйымдастыруға бел будық. Алайда шектеулердің кесірінен кейінге қалдыруға тура келді.

Камилла Әжібаева: Музыканы бұрыннан бері жақсы көремін. Америкада тұрған кезде концерттерге айына бірнеше рет баруға тырыстым. Танымал біреу келсе, бірден билет алатынмын. Бейонсе сынды жұлдыздарды айтпаймын. Олардың билеттері қымбат, ал орындары сахнадан тым алыс болады. Соңғы қатарда отырып, әртісті де, сахнаны да дұрыс көре алмайсың. Көбіне клубта өтетін концерттерге, фестивальдерге баратынмын. Жалғыз баратынмын, өйткені бірге барғысы келетіндер аз еді. Бәрібір күшті болатын. Әсіресе африкалық музыка фестивалі есте қалды. Мұндай іс-шаралардың мәнін сол кезде түсіндім. Алматыға пандемия кезінде көшіп бардым. Кейін фестивальдер көбейе түсті. Бір кездері адамдар кез келген шараны «фест» деп атайтын. Таныстарым: «Фестке барасың ба?» – дейтін. Мен ішімнен: «Мұны фест деуге бола ма?» – деп ойлайтынмын. «Фест» сөзі тез арада мәдениетіміздің ажырамас бөлшегіне айналды.

Sxodim Fest

Нұрсұлтан Қыпшақбай: Қазір адамдар көңіл көтергенді жақсы көреді, фестивальдер де көбейді. Бұл – психологиялық құбылыс, негізгі қажеттілік. Адамдардың үйде отырғысы жоқ.

Бақдәулет Бекжанов: Бәріміз саяхаттап, жаңа әсер алуға ұмтылатын болдық, себебі біраз уақыт бұл мүмкіндіктен қол үзіп қалдық. Бұрын бәрін кейінге қалдыратынбыз, арман болып қалып қоятын, ұмытылып та кететін. Қазір адамдар бірден әрекет етеді.

Бақдәулет Исаев: Мысалы, алматылықтар фестивальсіз өмір сүре алмайтын болды. Дәстүрге, әдетке айналған жайт. Алайда әзірге Бірінші Мамыр тоғандарынан басқа баратын жер жоқ.

ZVUK

Нәзира Қасенова: Пандемиядан кейін іс-шара индустриясында серпіліс пайда болды. Адамдар жақындықтың маңызын түсінді. Іс-шаралардың мақсаты – адамдардың басын қосу, эмоция алмасуға жол ашу. Қазақстанның басқа аймақтарын білмедім, бірақ Алматыда бұл саланың дамығаны анық. Жаңа промоутерлер, кештер, фестивальдер пайда болды. Адамдар басқалармен бірге көңіл көтергісі келеді. Бірақ серпілістен кейін әдетте құлдырау кезеңі келеді. Қазір сол өтпелі кезеңдеміз.

Мария Эл: Пандемиядан кейін адамдар сары уайымнан би арқылы арылуға дайын болды. Көпшіліктің ортасына түскенде ауыр ойдан құтылып, рахатқа бөлену әлдеқайда оңай.

Н.Қ.: Ауқымды жиындардан айырылып қалдық! Адамның жоқ нәрсені қаттырақ қалайтыны бар ғой.

Vihod

AKEE: Мұндай іс-шаралар бұрында да болды. Тіпті 90-шы жылдардың өзінде де адамдар көңіл көтеруге дайын еді. Бәрі жаңадан пайда болғандай әсерге пандемия себеп. Мұндай кештер бұрын да өткізілетін, ал қазір олар жандана түсті. Vihod та дәл осы кезде пайда болды.

Midclassgypsy: Қазақстан туралы айтатын болсақ, офлайн іс-шараларға деген трендтің бар екені анық. Жастар көп, олар жаңа музыканы жақсы қабылдайды. 

Akkujava: Әртүрлі форматтағы, жанрдағы іс-шаралардың көбеюіне қатты қуанамын. Баратын жерді таңдау мүмкіндігі пайда болды. 

A.: Музыка мен промоның сапасы артып келеді. Көрші елдердегі промо біздегідей сапалы емес. Кешке келген әрбір адам үшін күресеміз. Еуропамен салыстырғанда біз адамдарды тарту үшін әлдеқайда көп қызмет атқарамыз. Бұрын жағдай өзгеше еді. 2000-шы жылдары адамдар басқа музыка тыңдады, «аш болды». Қазір жастар бұрынғы кездің диджейлерін қуана-қуана тыңдайды. Халық жатқа білетін ескі әндерді ойнайды.

Akk.: Қазір барлық нәрсе қолжетімді. Бұрын кассета, дискі, пластинка табу қиын еді, сондықтан да олар жоғары бағаланатын. 

A.: Бұрын бұл салаға кіру қиын еді. Сахнаға шығу үшін көптеген кезеңнен өту керек болатын. Қазір диджей болу әлдеқайда оңай.

M.: Мұның бәрі – қалыпты жағдай. Бұрын диджей болу кәсіп еді, ал қазір ол – комьюнитидің бөлігі. Ешкім бұған өмірін арнағысы келмейді. Диджей болу – қызығушылықтары ортақ адамдарды табу жолы. Кештерге деген қызығушылық та сол себепті артып отыр. Қазір тіпті салауатты бәсекелестік те пайда болды. Бір-бірімізбен жарыспай, бірге жұмыс істейміз. Басты мақсатымыз – адамдарды жалындатып, оларды музыка әлеміне тарту.

Tatler Asia
IMAGE Камилла Әжібаева OYU Fest
Tatler Asia
IMAGE Еркебұлан Күрішбаев OYU Fest

Интерактивтің кесірінен музыкант назардан тыс қалып қояды. Мұның жұмысқа әсері бар ма?

OYU Fest

Еркебұлан Күрішбаев: Бұл – дұрыс үрдіс. Командамызбен шағын зерттеу жүргізіп, аудиторияның 40%-ы фестивальге жай ғана «көңіл көтеріп қайту» үшін келетінін анықтадық. Фестивальдің ашылуы мен музыкалық бөлім арасында шамамен төрт сағат бар. Бұл уақытты бірдеңемен толтыру қажет. Адамдарға жәрмеңке де, фотозоналар да, тағамдар да қызық. Біреулер көгалда жатып демалады, енді біреулер кітап оқиды. Әзірге ешкім «ішіміз пысты» деп көрген жоқ. Адамдар кезекке тұрудың өзін мерекенің бір бөлігі деп біледі. Мұның да өз қызығы бар.

Камилла Әжібаева: Фестиваль әртіс үшін емес, жалпы мерекелік атмосфера құру үшін ұйымдастырылады. Кей адамдар музыканы сахнадан алысырақ отырып, жамылғысын оранып алып, тамақтанып, достарымен әңгімелескенді ұнатады. Басқалар сахнаның алдында билеп жүреді. Конкурстарды ұнататындар бар. Әртүрлі аймақтарды аралап, серуендейтіндер де бар. Аудитория өздігінен бөлініп кетеді.

Sxodim Fest

Бақдәулет Бекжанов: Бізге бұл тренд ұнайды. Музыкантқа негізделген концепциядан алыстауға тырысамыз. Фестивальді серіктестерімізбен құрған қарым-қатынастың нәтижесінде ұйымдастырамыз ғой. Олар фуд-корт, ойын алаңдарын, интерактивті аймақтар құрады. Бәрі де музыка үшін келеді деуге болмайды, сондықтан оған баса назар аудару керек емес. Музыкалық бағдарлама басталғанға дейін фестиваль алаңы қонақтарға арналған плейграунд қызметін атқарады.

Бақдәулет Исаев: Достарым бірде концерт тыңдамай қайтты. Бассейннің жанында отырып, ғажап демалды. Фестиваль дегеніміз эмоция, ал эмоция музыкамен шектелмейді.

ZVUK

Нәзира Қасенова: ZVUK сынды кештерде интерактив болмайды. Бізде бәрі музыкаға негізделген. Мысалы, Sien фестивалінде интерактив көп. Билеу не жәрмеңкеге бару – адамның өз еркі. Біз ұйымдастырушы ретінде әртістерге баса назар аударамыз. Дегенмен қазір визуалды шоу элементтерін, медиа-арт қосып көріп жатырмыз. Ары қарайғы дамуымыз туралы ойланамыз да жүреміз.

Мария Эл: Интерактив – көрерменмен өнер немесе түрлі инсталляция арқылы байланыс орнату құралы. Аудиторияға жақындай түскіміз келеді. Біздікі толық иммерсивті формат.

Елнұр Төлеухан: Кештің ең маңызды элементі – қонақтар. Біздегі би алаңы еш босамайды, бұл да – интерактив.

М.Э.: Кеш – адамдар арасында коммуникация орнату құралы. Би алаңы – дене қимылы арқылы қоммуникация құратын жер.

Е.Т.: Би алаңы – жүрек.

Vihod

AKEE: Интерактив көбіне фестивальдерге қажет. Ауқымды кеңістікті толтыру керек. Ал біз музыкаға баса назар аударамыз. Әртістер мен диджейлердің айырмашылығы неде екенін білесіз бе? Әртіс қойылымын аяқтады делік. Келесі әртіс келгенде энергия, жанр, стиль – бәрі өзгереді. Ал диджейлер музыкасын біртіндеп ауыстырады, кей адамдар тіпті диджейдің ауысқанын білмей де қалып жатады. Мүлде басқа атмосфера.

Midclassgypsy: Меніңше, қандай да бір интерактив қажет. Қонақтардың бәрі кешке тек музыка тыңдау үшін ғана келеді деуге болмайды. Бұл – қалыпты жағдай. Кеш дегеніміз экспириенс, онда бәрі үйлесімді болуы керек. Мысалы, миллион түрлі интерактив ойлап тауып, 1000 адамға екі-ақ дәретхана орнатсаң, құрисың. Не мықты хедлайнер шақырып, техникалық жағын дұрыс ойластырмасаң, әсерден түк қалмайды. Мұның бәрі – орынды факторлар. Қазір бәсекелестік жоғары, бәрі ерекше болуға тырысады. Бастысы – шектен шықпау. Айтпақшы, бізде де интерактив болған. Хэллоуинде қорқынышты фильм қойған болатынбыз.

A.: Интерактив орынды болуы керек. Біз белсенділікті белсенділік үшін жасамаймыз. Алдымен, музыкаға мән береміз. Біздегі басты белсенділік – қонақтар. Кешке келіп, танысыңмен әңгімелесе кетіп, бірде-бір диджейдің сетін тыңдамай қайтуың мүмкін. Сол әңгіменің өзінен-ақ күшті әсер алып, кейін еске алып отырасың.

Tatler Asia
IMAGE Әлішер Тойғұлиев Sxodim Fest
Tatler Asia
IMAGE Бақдаулет Бекжанов Sxodim Fest

Фестивальдерге кім қаржы салады?

OYU Fest

Камилла Әжібаева: Бастапқыда мұндай ауқымды дүние жасаймыз деп ойлаған жоқпыз. Дайын референс болған жоқ, неге сүйенуге болатынын да білмедік. Біз үшін жаңа нәрсе болды. Серіктестеріміз де бізге күмәндана қарады. Алайда командамыз жақсы нәтиже көрсетіп, алғашқы фестивальді сәтті өткізгеннен кейін бренд өкілдері өздері келетін болды. Жергілікті брендтерді қолдауға тырысамыз. Қазір этникаға деген қызығушылық өсіп келеді. Көпшілік қазақстандық өнімді тұтынғысы келеді. OYU-дың да мақсаты – жергілікті өнімді насихаттау.

Еркебұлан Күрішбаев: Алғашқы фестивальге серіктес табу қиын болды. Оларды жобаның сәтті болатынына сендіру керек еді. Кейін, әрине, жағдай бұрынғыдан оңайлай түсті. Серіктестерді әдеттегідей табамыз: жоспар құрып, презентация әзірлейміз. Бастысы, құндылықтарымыз бір жерден тоғысуы керек.

Sxodim Fest

Бақдәулет Исаев: Концепция жасап, оны серіктестерге ұсынамыз, аудиториямен байланыс орнатамыз...

Бақдәулет Бекжанов: Алдымен, ең болмағанда шыққан шығынды жабуға тырысамыз...

ZVUK

Нәзира Қасенова: Жергілікті компаниялар мұндай кештерді қолдамайды. Қаржысын тек табыс әкелуі анық нәрселерге ғана салады. ZVUK – шағын ғана аудиторияға қызық болатын тауашалық жоба. Сондықтан біз халықаралық компаниялармен жұмыс істейміз. Олар маркетингіге көбірек қаржы бөледі әрі эксперименттерге жақсы қарайды.

Мария Эл: Жобаға тек өз имиджіне инвестиция сала алатын адамдар ғана қаржы құяды.

Tatler Asia
IMAGE Елнұр Төлеухан ZVUK
Tatler Asia
IMAGE Ася ZVUK
Tatler Asia
IMAGE Нәзира Қасенова ZVUK
Tatler Asia
IMAGE ZVUK командасы

Аудиторияңыз кім?

ZVUK

Мария Эл: Аудиториямыз әртүрлі, көбінесе шығармашылыққа жақын адамдар деуге болады. Жаңашылдыққа, адамдармен танысуға, музыкалық эксперименттерге ашық жандар.

Нәзира Қасенова: Әртүрлі жастағы адамдар келеді. Жаңашыл әрі шығармашыл жандар.

М.Э.: Креативті ортаға жақын адамдар.

Н.К.: Еркін адамдар!

Vihod

Midclassgypsy: Аудиториямыз өзінің не қалайтынын және қайда бара жатқанын білетін, күшті адамдардан құралған.

AKEE: Өз аудиториямызды жақсы білеміз әрі соған орай жұмыс істейміз. Уақыт, лайнап, контент таңдауға көп уақыт арнаймыз. Шағын болғанымен, белсенді аудиториямен жұмыс істеген жақсы. Мың адам жинап, олардың көбі сахнаға мүлде мән бермегеннен не пайда?

Akkujava: Әлеуметтік желілердегі ақпарат беру тәсілі ұнайды. Лайнап, қызықтар, кештің ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі баяндап жатады. Осының арқасында адамдардың түсінігі де артады.

M.: Мұны, бір жағынан, ағартушылық деуге болады. Адамдардың музыканы терең түсініп, іс-шараға саналы түрде келуін қалаймыз. Көбірек білсең, кеш те қызығырақ бола түседі. Әр нәрсенің мән-мағынасы да айқындалады.

A.: Адамдар саналы түрде көңіл көтеретін болды. Промо-топтардың үлесі зор. Ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде анонс жасағанда бәрін егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Akk.: Иә! Қазір жай ғана афиша ілу жеткіліксіз.

Tatler Asia
IMAGE AKEE Vihod
Tatler Asia
IMAGE Vihod командасы

Ивент ұйымдастыру табысты іс пе?

OYU Fest

Камилла Әжібаева: Бірнеше фестиваль өткізіп, түскен қаражатқа өмір сүру мүмкін емес. Бәлкім, шетелде жағдай басқаша шығар, бірақ бізде масштаб мүлде басқа. Фестивальден басқа жобаларымыз да бар, солар арқылы фестивальге қаражат жинаймыз. Көп ресурс талап ететін дүниелер – промо, маркетинг науқаны, жарнама, шақыру билеттері, блогерлер. Бәрі қымбат.

Еркебұлан Күрішбаев: Табысымыз жаман емес, бірақ фестиваль ұйымдастыру – экономикалық тұрғыдан қиын нәрсе. Кез келген сәтте шығынға ұшырауымыз мүмкін. Психологиялық тұрғыдан да ауыр: команда шаршайды, күйзеліске ұшырайды, сөзге келіп қалады. Сол себепті көпшілік бұл істі тастайды да кетеді.

Sxodim Fest

Бақдәулет Бекжанов: Шетелде ұйымдастырушылар ірі фестиваль өткізіп, көп табыс табады. Қазақстанда мұндай деңгейге әлі жете қойған жоқпыз.

Бақдәулет Исаев: Дегенмен басты мақсатымыз табыс табу емес. Фестиваль ұйымдастыра отырып, біз атымызды шығарамыз, серіктестермен қарым-қатынас орнатамыз, жаңа жобалардың негізін қалаймыз.

ZVUK

Нәзира Қасенова: ZVUK ешқашан коммерциялық жоба болған емес. Бастапқыда бар ойымыз шығынды жабу болды. Тапқан ақшамызды жобаға қайта салып отырдық. Сырттан қарағанда біз бір байып жүргендей көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде жағдай олай емес. Пандемиядан кейін ғана пайда көре бастадық, алайда ZVUK негізгі табыс көзіне айнала қойған жоқ. Командамыз диджей болумен, жарнама саласымен және басқа да жобалармен айналысады.

Мария Эл: Іс-шара ұйымдастыруға қанша уақыт кететінін көрсеңіз ғой!

Елнұр Төлеухан: Іс-шараны кем дегенде екі ай бұрын жарнамалай бастаймыз.

Н.К.: Медиа агенттік сияқтымыз. Продакшнмен айналысамыз, дыбыс, жарық, дизайн құрамыз, промо ойластырамыз, концепция әзірлейміз – барлығын өзіміз істейміз. Еңбегімізге лайық ақы аламыз деп ойламаймын.

Vihod

Midclassgypsy: Ақша табу үшін көп уақыт қажет. Бұған дайын болған жөн. Досымда скейтшоп бар. Егер одан «Скейтер болу керек пе?» деп сұрасаңыз, ол: «Құдай сақтасын. Бұл бәлеге кірме», – деп айқай салады. Диджей болу да – дәл сондай нәрсе. Музыкамен ақша үшін айналысуға болмайды. Онымен айналысу үшін махаббат керек. Әйтеуір бір күні бәрі өз орнына келіп, дұрыс болады. Ақша да түседі, кеш те ұйымдастырасың. Бұл салаға пайда табамын деп келсең, ұтыласың.

AKEE: Іс-шара ұйымдастыруға көп уақыт кетеді, демалмайсың. Кеш барысында бәрі өз орнында ма, іс-шара дұрыс өтіп жатыр ма деп қадағалап жүресің. Кейін демонтаж, жинау жұмыстары басталады. Кейбіреулер мұндай кешті бір күндік іс-шара деп білсе, біз бұған айлап дайындалып, локацияны бірнеше күн бойы тазалап, ұрыс-керістен аман шығып, түрлі мәселе шешумен айналысамыз. Осыншама жұмыс істеп, ақыры ештеңе таппау, әрине, көңілге қаяу түсіреді.

M.: Ұйымдастырушылардың көбі минусқа кетіп, күйзеліске ұшырап жатады.

A.: Сосын бұл іспен айналысқылары келмей қалады.

M.: Сондықтан мұны шын сүйіп, құмарлана еңбек ету керек. Ақша табу – бонус қана. Шынымды айтсам, менің кеш ұйымдастырғым келмейді, музыка ойнағым келеді. Лайықты орын болмағандықтан, өзіміз кеңістік құрдық. Өзіміз барғымыз келетін кеш өткіземіз.

A.: Таза энтузиазммен де ұзаққа бармайсың. Музыканы сүйіп, достарымызбен бірге көңіл көтергіміз келді, Алматының түнгі өмірін жақсартуға үлес қосамыз дедік. Үлесімізді төрт жыл бойы қосып келеміз.

Akkujava: Іс-шара ұйымдастыру қажырлы еңбек пен мол уақыт талап етеді! Көпшілік кеш ұйымдастыру оңай деп ойлайды. Олай емес. Дегенмен жұмысыңның нәтижесіне тәнті боласың. Көңілді жандардың бақытқа толы жүзін көргенде, шаршағаныңды ұмытасың.

A.: Іс-шара ұйымдастыру саласының өзіндік «Маслоу пирамидасы» бар. Төменде – ұйымдастыру жұмысы, жоғарыда – идея ойлап табу. Болашақта концепция әзірлеумен айналысқымыз келеді. Ақырындап соған келе жатырмыз. Алғашқы кештерде аппаратура тасып, бәрін орнатып жүрдім. Қазір мұнымен айналысатын командамыз бар.

Akk.: Өсіп келеміз.

Tatler Asia
IMAGE Еркежан Шалдыбаева
Tatler Asia
IMAGE Мария Эл ZVUK

Фестиваль ұйымдастыру қиын ба?

OYU Fest

Камилла Әжібаева: Алғашқы фестиваліміз эксперимент болды. Энтузиазммен ұйымдастырдық. Фестивальден кейін қонақтар жылы сөз айтып, мен қуаттана түстім. Біраз уақыт бойы сол эмоцияға бөленіп жүрдім.

Еркебұлан Күрішбаев: Фестиваль барысында стресс те, қиындық та, наразылық та жоқ болады. Адамдар көңіл көтеріп, алғысын жаудырып, мұндай шараны көптен күткенін айтады. Сол кезде еңбегің еш кетпегенін түсінесің. Ары қарай жалғастыруға күш жинайсың.

Sxodim Fest

Бақдәулет Бекжанов: Фестивальден жүйкең тозады, ақшадан жұрдай қылады.

Бақдәулет Исаев: Ивентщиктерге ескерткіш қою керек! Нағыз батырлар! Тәуекелі көп жұмыс, яғни алда не болатынын білу не болжау мүмкін емес. Командамызда ештеңеден жасымайтын, керемет жандар бар. Фестиваль барысында рахаттанып жүрген адамдарды көргенде, шаршағаның ұмытылады да қалады. Сол кезде ғана қалыпты өмірге қайта оралып, дұрыс тамақтанып, тыныға аласың. Келесі фестивальге күш жинайсың.

Б.Б.: Бұл қысымды неге теңеуге болатынын білесің бе? Бірнеше ай бойы биік өкшелі аяқ киім киіп, ақырында шешкенге ұқсайды.

Б.И.: Іс-шара ұйымдастырғанда дұрыс ұйықтамайсың, жүйкең тозады. Алайда қып-қызыл еңбегің ақталып, тамаша эмоция аласың. Досым осындай фестивальдердің бірінде болашақ жарымен танысты. Осындай ғажап сәттер үшін жұмыс істейміз.

Tatler Asia
IMAGE Midclassgipsy Vihod
Tatler Asia
IMAGE Akkujava Vihod

Күтпеген жағдайлармен қалай күресуге болады?

OYU Fest

Еркебұлан Күрішбаев: Астанада фестиваль өткізген кезде қонақтар кіреберісті таба алмай қалды. Такси дұрыс маршрут көрсетпей, адамдар қоқыс пен иесіз қалған ғимараттардың арасымен жүруге мәжбүр болды. Мұндай жағдайды алдын ала болжау мүмкін емес-ті. Әлеуметтік желіге шығып, кешірім сұраудан басқа ештеңе істей алмадық.

Камилла Әжібаева: Алғашқы фестиваль барысында нөсер жауды. «Бірнеше айға созылған дайындығымыз судың астында қала ма?» деген оймен жылап жібердім. Фестивальдің ашылуына бір сағат қалғанда жаңбыр басылды. Аспан шайдай ашылды. Сосын сахнаға Zoloto шыққан кезде күн қайта жауып кетті. Қонақтарымыз кетіп қала ма деп едік, бәрі қолшатырын ашып, жамылғыларын кие бастады. Ешкім шатырдың астына жүгірген жоқ! Кейіннен: «Жаңбыр сценарий бойынша жауды, нағыз романтика!» – деп жатты. Техниктер концертті тоқтатуымыз керек екенін алға тартты, алайда күн қайта ашылып кетті. Ауа райын болжау мүмкін емес. Тағдырға үміт артудан басқа амал жоқ. 

Sxodim Fest

Бақдәулет Бекжанов: Алматыда ауа райын болжаудан пайда жоқ. Іс-шараның сәтіне орай болатын нәрсе.

Бақдәулет Исаев: Бірде Наурыз мейрамына орай фестиваль ұйымдастырдық. Мен оны 22 наурызға қояйық дедім, бірақ 23-не қойдық. Фестивальге бір күн қалғанда нөсер жауды. Ауа райы сұмдық болды. Міне, маған құлақ аспағандары қандай ғажап болды!

Б.Б.: Кейде жаңбыр фестивальді жақсарта түседі.

Б.И.: Ондай фестивальде болып көрдім, шынымен де романтикаға толы жайт. Золотухин өнер көрсеткен болатын, ғажап болды!

ZVUK

Елнұр Төлеухан: Бірде Нәзира іссапармен кетіп, біз кешке жауапты болып қалдық. Хедлайнеріміз Берлиннен келген әртіс еді. Біз оған қаланы аралатып, мәдениетімізбен таныстырдық. Кеш өтетін күні: «Кеше қымыз ішіп едік. Уланып қалдым. Ойнай алмаймын», – деді. Дереу әріптесімізді жіберіп, оған сиқырлы күріш сорпасын ішкіздік. Түні бойы билеп шықты.

Назира Қасенова: Маған хабарласпағаны қандай жақсы болды! Естісем, есімнен танып қалар едім.

Tatler Asia
IMAGE Бақдаулет Исаев Sxodim Fest
Tatler Asia
IMAGE Нұрсұлтан Қыпшақбай Sxodim Fest

Ерекше есте қалған сәт болды ма?

OYU Fest

Камилла Әжібаева: Фесттен кейін 15 адам болып қалдық. Серіктестер аймақтарын жинап жатты, біз пуфтарға жайғасып, сыра ішумен болдық. Бір-бірімізге қарап, іс-шараның сәтті өткеніне сене алмай отырдық. Күндізгі шудан кейінгі тыныштықтың орны бөлек. Үйге келіп, Instagram-ды ашсам, 500 рет белгіленіппін! Оларды қарап отырып: «Уау... қолымыздан келген екен!» – дедім. Ертеңгі күні тамағым ауырып, қызуым көтерілді. Әріптестерім алаңды жинауға шақырды, оған шамам келмеді.

Еркебұлан Күрішбаев: Бір күні фестке дайындық туралы сторис салдым. Қырғызстаннан жауап келді: «Алаңдамаңыз. Бәрі тамаша болады! Бішкектен автобуспен келе жатырмыз. Алматыға жетіп, фестке баруды асыға күтіп отырмыз». Тағы бір есте қалған сәт, моңғолиялық бір бойжеткен парақшамызды белгіледі. Сториске паспорты мен билетін салып, «OYU Fest-ке бару – арманым» деп жазды. Дәл осындай сәттер үшін тоқтамастан жұмыс істей бергің келеді!

Sxodim Fest

Нұрсұлтан Қыпшақбай: Feduk өнер көрсетіп жатқанда сахнаға Скриптонит шықты.

Бақдәулет Бекжанов: Бір ән айтты.

Н.Қ.: Бірге жазған трегі бар. Скриптониттің сахнаға шығатынын біз де білген жоқпыз.

Б.Б.: Жетекшіміз Юлия Сон ғана білді. Тосынсыйы еді.

Н.Қ.: Біз оны көрмей де қалдық.

Бақдәулет Исаев: Лайнапты бекітетін мен едім, бірақ Скриптонит туралы тек Юлия ғана хабардар болды. Фестивальде билеп жүрсем, сахнаға Feduk жүгіріп шықты, артынан Скриптонит келді! Достарым аң-таң, мен де сене алар емеспін! Скриптонит мұның құпия болуын қалапты. Кейін білдік.

Б.Б.: Бір ғана ән айтты ғой. Жанкүйерлерінің көңілін қалдырмас үшін ешкімге айтпауды жөн көріпті. Керемет хикая.

Б.И.: Денем тітіркеніп кетті ғой!

ZVUK

Нәзира Қасенова: Қазір команда жалдайтын ақшамыз бар. Бұрын бәрін өзіміз істейтінбіз. Бірде «Арман» кинотеатрының жертөлесінде кеш ұйымдастыратын болдық. Локация лас болды, шаңнан көрінбейді. Бес-ақ адамбыз. Елнұр енді келген кез еді. Оны алаңды жинауға шақырдық. «Ойнайтын болсаң, тазалауға да көмектесесің», – дедім. Қатты уайымдаған сияқты, бізді сәнқой, стильді адам деп ойлаған ғой. Сағат кешкі жеті, бәріміз жұмыстан кейін келіп, кір футболка мен созылып кеткен спорт шалбар киіп жүрміз. Сосын сән көрсетілімінен жаңа шыққандай болып Елнұр кіріп келді! Әсерлі болғысы келген ғой. Мен оған шаңсорғыштың бөлшектерін ұстата салдым.

Мария Эл: Кейін Нәзираға: «Анау тізерлеп, жорғалап жүр. Телескоптық түтікті ашуды білмейді-ау», – дедім.

Н.К.: Елнұр тізерлеп, сәнді пальтосымен шаң сүртіп жүр! Шаңсорғышты құрай алмағанын айтуға ұялған.

Елнұр Төлеухан: Бір бұрышты тазалап жүре бердім...

М.Э.: Тізерлеп.

Vihod

AKEE: Кеш ұйымдастырғанда жүздеген адамның әкесі сияқты болып кетемін. Барлығына қамқор болғым келеді, алайда бәрін бақылау мүмкін емес. Олардың жайлы әрі қауіпсіз түрде көңіл көтеруін қалаймын. Сол себепті уайымым еш таусылмайды. Осының кесірінен көп нәрсені ұмытып жатамын.

Akkujava: Есіме бір пальтоның хикаясы түсіп отыр. Директімізге бір ер адам жазып, жаңа жылдық кеште пальтосын жоғалтқанын айтты. Ұзақ іздеп, таппай қойдық. Сосын мұны жоба парақшасына жаздым, басқа бір қонақ жауап берді. Ақырында екеуінің басын қосып жібердік. Қарапайым ғана жайт болып көрінгенімен, жүрекке жылу беретін оқиға болып көрінеді.

Midclassgypsy: Әлгі жігіт те тоңбайтын болды.

Оқырмандарымыз да.

Авторы

Фотография: Аружан Жанова

Темы