Шипперинг құбылысы, ойдан құралған қарым-қатынастар және ең танымал шиптер туралы мақаламыздан оқи отырыңыз.
Хәрмиона мен Рон ба әлде Хәрмиона мен Хәрри ме?
«Хәрри Поттер» – шипперингке толы шығармалардың бірі болуы мүмкін. Бұл – көрермендердің немесе оқырмандардың екі кейіпкердің арасында романтикалық байланыс орнатып, оны шынайы ретінде қабылдайтын құбылысы. Shipping Wiki мәліметі бойынша, бұл франшизада 392 шипп тіркелген. Бірақ шипп тек ойдан шыққан кейіпкерлерге қатысты емес. Мысалы, 2025 жылдың көктемінде Сидни Суини продюсер Джонатан Давиномен ара-қатынасын үзген соң, әріптесі Глен Пауэллдің әпкесінің тойында бой көрсетті. Осы сәттен бастап екеуі шипперлердің қиялында жұп бола кетті. Бұл материалда шипперингінің шипперлердің өздеріне және олардың қиялының нысанына қалай әсер ететіні туралы біле аласыз.
Шипперинг деген не?
Бұл терминнің пайда болуы 1993 жылы шыққан екі сериалмен байланыстырылады – «Lois & Clark: The New Adventures of Superman» және «The X-Files». Бірінші жұптың романтикасы тым айқын болғандықтан, шипперинг «The X-Files» сериалындағы көрермендер реакциясынан басталды деп есептеледі. Ондағы басты кейіпкерлердің қарым-қатынасы елді қатты толғандырған соң, оларды relationshippers деп атай бастады. Кейін бұл атау қысқарып, шипперлер (shippers) сөзі қалыптасты.
Романтикалық байланыс орнатылатын адамдар немесе кейіпкерлер – шипп (shipp). Бір жынысты кейіпкерлер арасындағы шипперинг үшін бөлек атаулар бар: ер адамдар арасында – слэш, әйелдер арасында – фемслэш. Ал романтикаға қызықпайтын аудитория норомос деп аталады, бұл NO ROmantic MOmentS – «еш романтикалық сәттерсіз» деген тіркестен шыққан. Ағылшын тілді қауымдастықта тағы екі термин бар: OTP (One True Pairing) – шиппер үшін жалғыз ғана «дұрыс» жұп және NOTP – шипперге мүлде ұнамайтын жұп.
Шипперинг кейде канондық жұптарға да қатысты болады, яғни сюжет бойынша бірге болатын кейіпкерлер. Кей адамдар тіпті өз ата-аналарын шипп етеді. Бұның неге қажет екені біз үшін түсініксіз.
Айтпақшы, шипперлердің өз марапаттау рәсімі де бар: MTV Fandom Awards кезінде фанаттар жыл бойындағы ең жақсы поп-мәдени сәттерді таңдайды, олардың арасында «жыл шипі» атағы да бар.

Кейіпкерлерді шипп ету
Шипперлер негізінен ойдан құралған кейіпкерлер мен кино жұлдыздарын шипп етеді. 1994 жылы «Friends» ситкомы жарыққа шықты. Сценаристер Рос пен Рэйчел арасындағы романтикалық байланысқа көрерменнің ерекше назар аударатынын байқады. Бірінші маусымның финалында Рэйчел Росстың сезімі барын түсінеді. Бұл эпизодты 31,3 миллион адам көрген, алдыңғы бөліммен салыстырғанда үш миллионға көп. Көпшіліктің экранға байлануына дәл осы шипперинг себеп болған секілді.
Кейін бұл тәсілді өзге шоураннерлер де қолдана бастады. «How I Met Your Mother» сериалында сценаристер фанаттардың сұранысын ескеріп, Робин мен Барниді бір-біріне қосады. Шипперлер бұл шешімге қуанса да, сериал рейтингі жыл сайын төмендей берді. Ақырында жұпты қайта ажыратады. Шипперлер қауымы наразы болды, бірақ сериалды құтқарып қалу сонда да мүмкін болмады.