Қаладан алыстап, жан тыныштығын тапқан Ұлпан Рамазанова, Анита Акишева және Гүлнар Наурызбаймен әңгімелестік
Ірі қала тұрғындары – көлік кептелісіне, көпшілікке және лас ауаға көндіккен жұрт. Алайда Кеңес үкіметінен қалған саяжайда тұру дәстүріне деген жаңа көзқарас мұның бәрінен қашып құтылуға мүмкіндік береді. Экологиялық тұрғыдан саналы өмір сүруге ұмтылатын жастар саяжайға тек картоп егіп, тосап қайнататын жер деп қана қарамайды. Ескі шкафқа апсайклинг жасау не достармен бірге кәуап пісіру сынды шаралар жасы отыздардың шамасындағылар үшін медитациямен тең. Миллениалдар мен Z буыны өкілдері арасында саяжайға ие болғысы келетіндер саны артып келеді.
Қала сыртындағы үйлерге деген сұраныстың күрт артуының басты факторларының бірі COVID-19 пандемиясы болды. Қаладағы шектеулер адамдарды ауасы таза жер іздеуге итермеледі. Қашықтан оқып, жұмыс істей беруге болатын заманда бұдан ыңғайлы зат жоқ. Қала сыртындағы өмірдің романтикасы мен эстетикасы да маңызды рөл атқарады. Мысалы, cottagecore тренді.
Жастар шабыттанып, қала сыртындағы үй образына жағымды тұрғыдан қарауға тырысатын болды. Қала сыртынан жан тыныштығын іздеген үш кейіпкер таптық. Бірі жерді енді алса, екіншісі үй салып үлгеріпті, ал үшіншісі саяжайды жалға алған екен.
Ұлпан Рамазанова мен Дидар Мұхамедғалиев
Былтыр Ұлпанның ипотекалық бағдарлама арқылы қала маңынан үй не пәтер алатын мүмкіндігі болыпты. Бала кезінде ауылға көп барған бойжеткен өсе келе ауылдық жердің тартылысы қатты екенін аңғарған көрінеді. Ұлпан мен Дидар барлық талапқа сай келетін саяжайды әрең табады. Алайда кездесуге бір-ақ сағат қалғанда үй иесі саяжайды басқа біреуге сатып жібереді. Бұл сәтті олардың отбасылық бюджетінің соңы деуге болады. Жұп өзара келісіп, ең арзан нұсқа іздейміз деп шешеді. Қызығушылығымыз жоғалып не күтпеген жағдай туындап жатса, көңіліміз қалмасын дегені ғой. Жерді бір жыл бойы іздеп, ақыры ескі бір вагоны бар бес сотық жер табады.
