Неке қию ма, бұзу ма, Бостонға ойша қоныс аудару ма әлде қонақ некеге бет бұру ма? Tatler полиамория ұғымын ас үй үстелі мысалы (және форматы) негізінде қарастырады.
Құрбыларыммен айына бір-екі рет бас қосып, көпіршіген шарап ұрттап, әңгіме-дүкен құрамын. Көзге көрінбейтін сиқыршының қалпағынан суыратын тақырыптарымыз көп-ақ – арасында жерді жазық деп білетіндер де, Трамп та жүреді. Дегенмен әрбір кездесудің соңы міндетті түрде бәріне қызық бір «қоянмен» аяқталады. Біз оны қалпақтан гипотетикалық резеңке құлағынан ұстап суырып аламыз да: «Махаббат пен сау қарым-қатынас дегеніміз не?» – дейміз.
Соңғы рет бас қосқанда әңгіменің өзегі полиамория болды (бәріміз де – тұрмыс құрған арулармыз, некемізге көңіліміз толады). Бұл құбылыстың астарында не жатыр? Өмірді жандандыруға деген ұмтылыс па? Адреналин бе? Әлде түйіні тарқамаған Эдип комплексі ме? Бұл адамның ең басты құндылықтарының бірі еркіндікпен қаншалықты үйлеседі?
Кей адамдардың қарым-қатынасы екі адаммен шектеледі. Басқалар мұны жеткіліксіз көреді. Полиамория не этикалық полигамия – бірнеше адамға бірдей ғашық болуға не романтикалық (флирт, кездесу және т. б.) қарым-қатынас орнатуға жол ашатын келісілген беймоногамия түрі, яғни әлдебір жұп өз қарым-қатынасында жоқ нәрсені сырттан іздейді. Мұндай қарым-қатынастың қандай модельдері болатынын қарастырып көрейік.

Жабық полиамория
Толық еркіндік пен қалыптасқан отбасы/ұзақ мерзімді қарым-қатынас арасындағы дүние. Екі серігіне де адал адамды сипаттайтын компромисс деуге болады. Басқаларға жолауға болмайды. Мұндай модель аясында әдетте шеттен адам алып келген жан полиамор саналады. Оның серігі болса, сабыр сақтауға тырысады. Мысал ретінде Маяковскийдің некедегі Брикке деген ғашықтығын келтіруге болады.