IMAGE Актерлер Майкл Кейн мен Ширли Энн Филд «Alfie» фильміндегі жатын бөлме көрінісін түсіріп жатыр | Getty Images

Бөлек ұйықтайтын жұптар неге сирек жанжалдасып, қарым-қатынасты ұзақ сақтайтынын осы мақаламыздан оқып біліңіз.

«Күйеуімді жақсы көремін, онымен бірге болғанды ұнатамын. Бірақ бір төсекте ұйықтаған ұнамайды», – дейді 20 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келе жатқан танысым. Жақында олар жаңа пәтерге көшіп, алғаш рет дизайнерге екі жатын бөлмелі пәтер жобалатты: бірі – өзіне, екіншісі – жұбайына.

Қазақстанда мұндай сұраныс сирек кездеседі, көбіне қалжың ретінде айтылады. Бірақ бұл жаһандық трендке айналып барады: National Sleep Foundation дерегінше, АҚШ-та миллениалдардың 43%-ы бөлек ұйықтауды қалайды, ал Ұлыбританияда әр алтыншы жұп жеке төсекте жатады. Бұл бұрынғыдай оғаш шешім емес, ақылға қонымды таңдау. Қазақстанда да мұны ұстанатындар бар, тек көпшілікке жария етпейді. Айтса, «араларында салқындық пайда болған» деп қабылдануы мүмкін. Себебі төсектің бір болуы жұптың жарастығының символы ретінде қабылданады.

Шын мәнінде бұл – әлеуметтік таптаурын. Бір көрпенің астында жату бірлік пен жақындықтың көрінісі саналады. Әдебиет пен кинода бөлек төсекте жататын кейіпкерлер көбіне «суып кеткен жұп» ретінде бейнеленеді. Бұл образ санаға мықтап орнығып қалған. Алайда өмірде талай адам ортақ төсекке мәжбүрліктен ғана жатады – себебі «дұрысы солай» деп есептейді. Бірақ соңғы жылдары романтикалық бірігуден гөрі сапалы ұйқы мен өз кеңістігіне ие болуды армандайтындар көбейді.

Жақын таныстарым арасында жүргізген шағын сауалнама көрсеткендей, көптеген ерлі-зайыптылар бөлек ұйықтайды, бірақ бұл туралы ашық айтпайды. Біреулер жай ғана армандайды, енді бірі жасырын жүзеге асырып жүр. Неге? Өйткені «бөлек жататындар жұп емес» деген түсінік қоғамда әлі де басым.

Бір танысым: «Біз бір-бірімізді қатты сыйлаймыз, сол себепті бөлек ұйықтаймыз», – деп күлді. Бұрын олар үлкен дағдарысты бастан өткерген. Сол кезде психолог кеңесімен жатын бөлмелерін бөліп, қарым-қатынасты сақтап қалған.

Футурологтар алдағы онжылдықта екі бөлек жатын бөлме, жуынатын бөлмесі де бөлек үй жобасы қалыпты жағдайға айналатынын болжап жүр. Дизайнер Иван Кудрявцев бір үйдегі шешімді мысалға келтіреді: ерлі-зайыптылар жатын бөлмелерін біріктірмей, араларында есік қалдырыпты. Бұл – жиі іссапар мен күн тәртібінің әртүрлілігіне ыңғайлы шешім. «Нәтижесінде ешкімнің жүйкесі жұқармайды», – дейді ол.

Қазір адамдар романтикадан гөрі ұйқыны бағалайды. REM (ағылш. Rapid Eye Movement, яғни «жылдам көз қимылы» — ұйқының ең белсенді фазаларының бірі) фазасына мән береді, ортопедиялық жастық алады, тыныш дыбыспен ұйықтауға тырысады. Ал ортақ төсек – осының бәріне кедергі. Бірі түнде кітап оқиды, екіншісі ерте ұйықтағысы келеді. Бірі көрпені тартып алады, екіншісі терезе ашады. Қорыл, ыстық, жарық, мазасыздық – бұның бәрі ұйқының сапасына әсер етеді. Махаббат бар жерде құрмет те болуға тиіс. Ал тыныш ұйқы – соның бір бөлігі.

Зерттеулер көрсеткендей: бөлек бөлмеге көшкендер орта есеппен 30–40 минутқа ұзағырақ әрі сапалырақ ұйықтайды. Бұл таңертең сергек оянып, ашушаң болмай, бір-біріне мейірімді болуға сеп. Ең қызығы, түнгі жайсыздық көбіне-көп әйелдерге тән құбылыс екені дәлелденген, сондықтан да бұл өзгерістің бастамашысы көбіне әйелдер болады. Ақыр соңында, XXI ғасырда отбасындағы тыныш ұйқы мен демалыс құқығы әйгілі «некелік парыздан» еш кем болмайын деп тұр.

Ал секс ше?

Бұл – бөлек ұйықтау туралы әңгімені естісімен туындайтын алғашқы сұрақ. Расында, бірге жатқан жұбайыңызбен қоса бөлмеден жыныстық өмір де басқа жаққа көшіп кетуі мүмкін сияқты. Бірақ олай емес. Секс сирек емес, керісінше саналырақ сипат алады. Араға флирт, ұсыныс, ойын элементі енеді. «Бүгін кімнің төсегінде боламыз: сенікінде ме, менікінде ме?» деген сауалдар дәл алғашқы кездесулердегідей қан буырқандырады.

Түнгі тынығу толық болған сайын, шаршау мен ашушаңдық азаяды, бұл құштарлықты да арттырады. Ғалымдар ұйқы мен либидоның арасында тікелей байланыс бар екенін айтады. Ұйқы мен секс – бір-бірінің қарсыласы емес, керісінше, одақтасы.

Өйткені шынайы махаббат пен түнде міндетті түрде бір төсекте ұйықтау егіз ұғым емес. Ол – ғашық күйде бола тұра, біреудің қорылына ашуланбау еркіндігі. Ал егер біреу сырттай: «Олар бөлек ұйықтайды», – деп сыбырласа, оған: «Иә, соның арқасында жұбымыз жазылмай келеді», – деп сабырмен жауап беруге болады.