Әйел адам ештеңені қажет етпейтін әлемде оргазм оның қол жеткізбес жалғыз арманы болса керек
«Сәлем, оргазмға жеткеніңді қалаймын».
Секс-ағартушы Лори Минц өзінің Becoming Cliterate атты кітабын дәл осы сөйлеммен бастайды. Өр мақсат, солай емес пе? Сексті кәсіби түрде зерттей бастағанда, мен оргазм сексуалды қажеттілік пирамидасында басты рөл атқармайды-ау деп ойлайтынмын. Мәселе оның анау айтарлықтай маңызды болмауында емес, әрине. Алайда «бір-бірімізді жақсы көргенімізбен, неге жыныстық қатынасқа түспейміз?» деген сияқты жауабы жоқ сұрақтарға қарағанда оның жарасы жеңіл көрінеді. Іс жүзінде жағдай өзгеше екен. Сол себепті бірнеше жыл бойы әйелдерден күн сайын мына сұрақты естимін: «Оргазмды қайдан табамыз? Секс бар, ләззат жоқ...»
Жауап көп-ақ. Бірі сексологқа барса, басқасы йони-массаж алып, жатырмен тыныс алуды үйреніп, жамбас қуысының түбін қозғалтып, қысылған нәрсенің бәрін ашамыз дейтін мамандарға жүгініп, би мен медитациядан энергия алып жатады. Тағы біреулер джунглидегі секс-ретритке барып, мантра тыңдап, екі апта бойы саналы мастурбациямен (ондай да бар екен) айналысу үшін $20 мың төлейді.
«Екі аяқ арасындағы бұлшық еттің бес секунд тартылуы үшін осыншама еңбек қажет», – деді бірде өзінің секс-терапиясының жоспарын көрген клиентім. Бәлкім, әйелдердің мұндай құрбандыққа баруы сол бес секундтың маңызы зор екенін білдіретін шығар? Мұның бәрі процестің басы екенін, сексуалдық өмірге назар аудару бір реттік нәрсе емес екенін айтудан талмаймын. Оны жақсартып, бір деңгейде ұстап отыру үшін ләззат пен сексті басымдылықтар тізіміне енгізу қажет. Әйтпесе күйеу, бала және дедлайн бар өмірде бұл дүниелер гуглға «төсекте ештеңе сезбеуімнің сыры неде» деп жазбай тұрып жоқ болып кетеді. Секске назар аудармаса, ол келмеске кетуі мүмкін.
Секс-терапевтердің оларға мансабы, баласы, ері, жылжымайтын мүлігі, бизнес-класқа кіргізер билеті және басқа да дүниелері бар, яғни ештеңені қажет етпейтін әйелдер келеді деп (қатты) қалжыңдайтыны бар. Ләззат пен оргазмнан басқа ештеңені қажет етпейтін... Сол себепті олар бұл сұраққа келгенде сасып қалады. Статистикадан да қайран жоқ: 50-ден астам ғылыми зерттеуге жасалған құрама талдауға сенсек, секс барысында оргазмға әйелдердің 25–30%-ы ғана жетеді. Яғни әрбір алтыншы әйел адам оргазмды тек түсінде көреді. Жалғыз мүйіз не мінсіз күйеу іспетті миф.

Мәселе неде?
Әйелдер сексологқа іште жатқан әйел құдайға жан беру үшін барып, анатомия бойынша қысқа әрі аяусыз ликбезден басқа ештеңе де алмай шығады. «Оргазмға жетіп көрмегенмін» деген сөз адамның жеке драмасымен қатар жеткіншектік кезеңде, сабақ пен алғашқы махаббат арасында, үстелдегі «әйел өзін сыйлай білуі керек» және «өскенде көресің» сынды әңгіменің ортасында жоғалған базалық сексуалды сауаттылықты айқындайды. Дәлірек айтсақ, оның болмағанын нақтылай түседі. Осылайша қыз бала секстегі ләззат өз-өзімен келеді деген оймен есейіп, әйел болады.
«Сіз, жалпы, мастурбациямен айналысасыз ба?» – деймін оргазм жоқ деп келген жандарға. Ыңғайсыздау сұрақ, рас, бірақ оны жайдан-жай қойып отырған мен жоқ. Уақыт өте келе бұл қорқынышты сөзді «соло-секс» дейтін болдым. Өйткені алғашқы оргазм әдетте мастурбациямен келеді. Тәніңіз қозуға қарай әрекет етуді білмесе, жұбыңыздан ләззат дәмету Ларс фон Триердің әйел кейіпкерлері бақытты болатынына сенумен тең.
Тәуекелге бел буған жандарға ересектер индустриясының шешімдер арсеналы қолжетімді. Мысалы, вакуумдық толқындық стимуляторлар оргазмның болатынына 97%-ға кепіл. Мәселені шешудің бірден-бір жолы – солар.
Ләззат алудың басты қағидасы: алғашқыда өзіңді-өзің зерттеп, өз тәніңді танып, ақпаратты серігіңе жеткіз. Мастурбациямен айналысып, серігімен жыныстық қатынасқа түсетін әйелдер «серігім денемді қашан танып біледі екен» деп отыратын жандардан гөрі әлдеқайда бақытты болады. Алайда мастурбацияға түгелдей қарсы жандар да көптеп кездеседі. Мұндағы мәселенің түйіні сексте емес, ұятта, «құмарлықтың» орнын «күнә», «ұят», «өз-өзіңе қол тигізбе» сөздері басқан тәрбиеде жатыр. Мұнда ләззатқа жету үшін біраз еңбек ету қажет.