#MeToo қозғалысының шарықтау шегінде ел бұл сұраққа күле қарар еді. «Ақ нәсілді цисгендер ерлер» дәуірі қайта келместей болған тұғын. Forbes Women Russia бас редакторы әйел құқығы саласындағы күн тәртібінің жағдайы туралы толғанады.

Бірде ресейлік Forbes Women-ге енді келген кезімде, мені бір алып халықаралық IT-компанияның аймақтық кеңсесіне арнап «әйелдер көшбасшылығы» туралы дәріс оқуға шақырды. 2020 жылы болған уақиға – #MeToo қозғалысы орыс тілді кеңістікке келіп, прогрессивті басшылар DEI (diversity, equality, inclusion) және D&I (diversity & inclusion) аббревиатураларының мағынасын енді игеріп жүрген кез. Жаңашылдық лебімен келген бұл түсініктер әйелдерге қолдау көрсету үрдісін әсем пресс-релиз жазудың сыры деп білген пиаршыларды қатты құмартатын. Мен болсам, осы толқыннан қалмай, әйелдер көздегеніне шын мәнінде жете алатындай еткім келді. 

Неткен аңқау едім.

Алайда жүрегі сол кезде үмітке, ал ойы гендерлік теңдік жөніндегі халықаралық McKinsey және Ernst & Young есептерінен алынған ақпаратты сіміріп алған мен компания өкілдерімен кездесу барысында дәрісіме келген қызметкерлер бірден феминизмге бет бұрады деп ойладым. Телефонның арғы жағындағы үнсіздікті 15 минуттан кейін бір-ақ байқадым. «Түсінесіз бе, Юлия, – деді компания өкілі, – мұның бәрі, әрине, ғажап дүние, бірақ мұндағы жағдай сәл өзгеше. Америкалық офистен барлық бөлімшелердегі негізгі лауазымдардағы әйел қызметкерлер жөнінде KPI келді. Саратовтағы бас инженеріміз Сергей Петрович 20 жылдан бері бухгалтерден басқа әйел адаммен жұмыс істеп көрмеген. Оларға жас қыздарға қатты тиісуге болмайтынын жаймен түсіндіре аласыз ба?»

Осы оқиғадан кейін мен көктен бірден жерге түстім. Басында «мәселенің түйіні сенде емес, бізде» деп ойлайтынмын. Батыстан келген тапсырма шынымен де посткеңестік елдердегі әйел құқығы саласындағы күн тәртібінің қилы-қилы тарихы ескерілмей жасалған еді. Мұндағы қоғам 70 жылға созылған «ресми теңдіктен» (нақты теңдікпен шатастырмаңыз) кейін мүлде басқа бағытқа бет алды емес пе? Бізде тұрмыстық зорлық-зомбылық не әйелдің отбасыдағы рөлі сынды базалық проблемалардан бастау керек. Қыздарды бизнес CEO-сына емес, «жақсы әйелге» тән қасиеттерге баулитын тәрбие беру жүйесін өзгертуіміз керек. Директорлар кеңесіндегі әйелдер квотасы туралы әңгімені содан кейін ғана қозғасақ болады.

Алайда уақыт өте келе біз өз-өзімізді асыра сынап жібергенімізді түсіндік. «Прогрессивті Батыс» та теңдік пен инклюзия мәселелеріне қатысты радикал шешімдерге дайын болмай шықты. Пандемия мен бірнеше ғаламдық катаклизмді қамтыған бес жылдан кейін біз 2020 жылдардағы әйелдер құқығы саласындағы күн тәртібінің быт-шыты шыққанын көрдік. Заманауи компаниялардың құндылықтарына негіз болған әйелдер мен осал топтарға қолдау көрсету үрдісі тым әлсіз болып шықты. Amazon, Walmart, Zoom, Apple және Coca-Cola сынды алып жаһандық компаниялар DEI-ға инвестиция құюдан бас тарта бастады. Жаңа АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның серіктесі Илон Маск болса, елдегі мұндай бастамаларды мүлде құртпақ. Жаһандық күн тәртібі маятнигі соңғы жылдары солға қарай ұмтылғанымен, ақырында кері ауып тынды.

Tatler Asia
IMAGE Германия әйелдерін дауыс беру құқығы үшін жиналуға шақырған 1914 жылғы үгіт-насихат плакаты | Getty Images

Бұл жағдай жаһандық бизнеске бағытталған үндеудей болды. Нарықтық тренд әдетте америкалықтардан басталады ғой. Алғашқы қорғаныс реакциясы консервативті саясаткерлерді кінәлау болғанымен, diversity & inclusion жүйесі ұшыраған дағдарыс Ақ үйден басталған жоқ. Сонымен қатар соңғы екі жыл ішінде 63 әлемдік компания мұндай бағдарламаларды өз корпоративті стратегиясынан алып тастады. Мәселенің мәні бұлардың аса тиімді болмауында. Неге дейсіз бе? Өйткені компаниялар көбінде бар проблемаларды шешу үшін емес, есеп беріп, әсем пресс-релиз жазу үшін жұмыс істейді. Ernst & Young компаниясының 2024 жылғы зерттеуіне сенсек, Еуропа компанияларының 7%-ы ғана «жұмыс орнын шын мәнінде алуан түрлі әрі инклюзивті етуге тырысады».

Мүлде басқа әлемде өмір сүріп жатқан мен мұндай мәлімдемеге таң қаламын. Мендік әлемде хайпқа не табысқа ұмтылғандар «әйелдер көшбасшылығы» тіркесінің быт-шытын шығарып, оның мәнін жоқ қылған. Қазір бұл ұғым іштегі әйел құдайды іздеу жолында жатырмен тыныс алу не work-life-balance-ты табу («Никак» атты бестселлерімді оқыңыздар) сынды дүниелердің бәрін қамтиды. Бір кездері дәрістерімнің бәрін «әйелдер көшбасшылығы» тіркесін қаншалықты жек көретінімді айтып бастап жүрдім. Өйткені бұл қауіпсіз, нейтрал әрі корпоративті есептерге сай түсінік шын мәнінде маңызды әңгімелердің орнын басып кетті.

Tatler Asia
WELLINGTON, NEW ZEALAND - JULY 21: New Zealand Prime Minister Jacinda Ardern speaks during a press conference at Parliament on July 21, 2022 in Wellington, New Zealand. It is Niue Premier Dalton Tagelagi's first official visit to New Zealand.  (Photo by Hagen Hopkins/Getty Images)
IMAGE Джасинда Ардерн | Getty Images
WELLINGTON, NEW ZEALAND - JULY 21: New Zealand Prime Minister Jacinda Ardern speaks during a press conference at Parliament on July 21, 2022 in Wellington, New Zealand. It is Niue Premier Dalton Tagelagi's first official visit to New Zealand.  (Photo by Hagen Hopkins/Getty Images)

Жағдайды тасындыдан, шөп-шалаңнан, саясаткерлер мен корпоративтік әлемге тән мәлімдемелерден тыс алып қарасақ, көз алдымызда тек Өскеменнен, Саратовтан не Даллас штатындағы Техастан шыққан қарапайым әйел, яғни әлі де better place бола алмай келе жатқан әлемде тіршілік етуге мәжбүр жан ғана қалады. Бар есептерге сенсек, планетамызда гендерлік теңдік 134 (Gender Gap Report оптимистік көзқарасты ұстанады екен) не 300 (БҰҰ-ның айтуынша) жылдан кейін бір-ақ орнайды. Қалай болғанымен де, біздің кейіпкер оған жете қоймас, сондықтан да қазіргі жағдайда өмір сүруге тура келеді.

Жағдай мәз емес, әрине:

  • әлемдегі әрбір үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшыраған;
  • елдердің көбінде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жоқ (Салтанат Нүкенованың хикаясы дәл осы себепті маңызды әрі резонансты кейске айналды, ал Қазақстан басқа елдерге үлгі болды);
  • әйелдердің табысы ерлердікімен салыстырғанда орта есеппен 25%-ға аз;
  • әйелдер балаларды, үйді, туыстарды күтіп, ақысыз жұмыстың 75%-ын орындайды: сарапшылар бұл еңбек мөлшерін кей елдердің ЖІӨ-сіне теңейді;
  • 27 елдегі 28 әйел ғана мемлекет не үкімет басшысы лауазымдарында отыр;
  • Grant Thornton ұсынған мәліметке сәйкес, 2024 жылы әлем бойынша басшылықта отырған әйелдердің үлесі тек 33,5%-ды құрады;
  • БҰҰ-ның соңғы есебіне сенсек, 2025 жылы әйелдерде ерлерде бар құқықтардың 64%-ы ғана бар.
Tatler Asia
IMAGE Getty Images

Бұл ретте көптеген зерттеулер әйелдердің орнықты көшбасшылыққа бейім екеніне нұсқайтынын айта кету керек. Әйелдер басқаратын елдерде қылмыс деңгейі төмен болады, сондай-ақ олар әскери қақтығыстардан алшақ жүреді. Экономикалық саясатты зерттеу орталығы 2020 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық форум барысында ұсынған деректерге сәйкес, әйелдер басқарған елдер COVID-19 пандемиясынан аман шықты. Не себепті дейсіз бе? Өйткені әйелдерге 8 наурызға орай ұйымдастырылатын конференцияларда жиі айтылатын «әйелдер көшбасшылығы» емес, «жаңа көшбасшылық» тән. Әскери қақтығыс пен климат дағдарысына әбден батқан әлемімізді құтқаратын көшбасшылық. Бұл көшбасшылық эмпатияға, әлеуметтік жауапкершілік қағидаларына, экология тұрғысынан дұрыс шешімдерге, инклюзияға және төзімділікке, яғни әлемдік саясат сахнасынан көп естіле бермейтін, бірақ шын мәнінде бізді дағдарыстан алып шыға алатын түсініктерге негізделеді.

«Дағдарысқа ұшыраған әлемде жоғары мемлекеттік лауазымдағы әйелдер санын арттыру қажеттілігі гендерлік теңдікке деген ұмтылыстан тыс жатқан мәселе. <...> Бұл өзгеріске толы, инновациялық көшбасшылық ұраны аса анық естілетін тарихи кезеңде әйелдер ұсынатын түрлендіргіш әрі инклюзивті көшбасшылық негізінде құрылған баршаға ортақ риторика шынайы өзгеріс әкелуі мүмкін», – деді әлемдегі ең беделді әйелдер рейтингін таныстырған Forbes вице-президенті әрі жаһандық Forbes Women баспагері Мойра Форбс. Рейтингіге әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, сондай-ақ әнші Тейлор Суифт және тележүргізуші Опра Уинфри сынды өнер және қоғам қайраткерлері кірді.

Tatler Asia
IMAGE Тейлор Суифт | Getty Images

Рейтингіге енген беделді әйелдер қайда, Өскеменнен, Саратовтан не Далластан шыққан қыздар қайда? Бала кезден «жақсы жігіт табуды» ойлап, математика мен футболдан алшақ болып, өз мүмкіндіктеріне сенбей өскен қыздар ше? «Үлгілі әйел» және «жақсы ана» болу үшін өз армандарынан бас тартқан қыздар қайда қалды? Шыны керек, арақашықтықта тұрған ештеңе де жоқ. Рейтингіге кірген беделді әйелдер де осындай күйге тап болуы мүмкін еді. Forbes-та жұмыс істейтін мен білемін ғой, мұқабаға шыққан, бизнесті басқаратын, өз ісін ашқан, сырттай күшті болып көрінетін «гранд-дамалар» да – дәл осындай таптаурындар мен қиындыққа ұшыраған, қорыққан, сүрінген жандар. Бірақ олар – ақырында аяққа нық тұрып, өзінің қоғам мен бизнестегі орны үшін күрескен әйелдер.

Алайда табысты әйелдердің көбі, менің білуімше, «тірі қалған адамның қатесін» бейнелейді. Олар – жүйені бұзып, дұрыс тәрбие, туа біткен мінез, өмірлік серік пен отбасыдан келетін қолдау, өмірлік жағдай, сондай-ақ жігер мен еңбекқорлық сынды факторлардың үйлесімінің арқасында ішкі таптаурынды бұзғандар. Алайда табысқа жеткеннен кейін олар өмірінде кезіккен қиындықтарды тез арада ұмытуға тырысады. Бұл регалиялар мен атақтар оларға ауыр еңбекпен, құрбандықпен, бітпейтін кінә тағумен және мансап құрған әйелдерге міндетті түрде кезігетін жағымсыз компромистермен күресу арқылы келеді. Алайда олар жүріп өткен жолы туралы сұраққа былай деп жауап береді: «Еңбек ету керек. Таптаурын атаулының бәрі адамның өзінде жатады».

Tatler Asia
IMAGE Әйелдер сәні революциясы мен өз болмысын айқындау үрдісінің нышанына айналған Мэри Куант ойлап тапқан мини белдемше | Getty Images

Өтірік. Таптаурын өзінен-өзі пайда болмайды. Біздің ойда ол өзгеруі тиіс қоғамның әсерінен пайда болады. Әйелдердің барлығы қаһарман болып, құрбандық пен компромиске барып, табысқа ұмтылуға міндетті емес. Алайда әр әйел өз амбицияларын жүзеге асыру мүмкіндігіне және бәрімен тең болуға құқылы. Мұндай миллиардтаған әйел бар, яғни әрқайсысымыз сол санаттанбыз. DEI мен D&I бағдарламалары дәл осы үшін жарық көрген жоқ па? Қазіргі таңда олардың кемшіліктері анықталып жатқаны миллиардтаған әйел ас үйге оралуы керек деген сөз емес. Мұндай талпыныс 1950-ші жылдары АҚШ-та, яғни Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі беби-бум дәуірінде болды. Жақында ғана оқ-дәрі зауытында білдекпен жұмыс істеген әйелдер әсем көйлектерін киіп, балалы болып, мінсіз үй шаруасындағы әйел рөлін сомдай жөнелген болатын.

Мұның бәрі немен аяқталды? Он жылдан кейін-ақ елдегі өз-өзіне қол салған, сондай-ақ депрессияға қарсы дәрі мен ішімдікке тәуелді әйелдердің саны күрт көбейіп, 1963 жылы Бетти Фриданның аты аңызға айналған The Feminine Mystique кітабы жарық көрді. Бұл еңбек «үй шаруасындағы әйелдің қарапайым бақыты» туралы шындықты жайып салып, америкалық арманды астан-кестен етті. Феминизмнің екінші толқыны мен сексуалды революция дәл сол кезде басталды. Мэри Куант мини белдемшені ойлап тауып, фармацевтік компаниялар әйелдер өз репродуктивтік функциясын қадағаласын деп нарыққа ішуге арналған контрацептивтерді шығара бастады. Әйелдерге арналған Cosmopolitan журналының алғашқы әйел басшысы болған Хелен Герли Браун жұмыс істеп, өз ақшасын өзі жұмсағысы келетін жаңа бойжеткендер дәуірі келді деген болатын. Содан кейінгі 30 жыл ішінде америкалық еңбек нарығына 38 миллион әйел шықты. Long story short: «Ас үй» жоспары орындалмай қалды.

Tatler Asia
IMAGE Cosmopolitan-ның бас редакторы Хелен Герли Браун – журналды феминистік манифестке айналдырған адам | Getty Images

Бар қиындықтарға, мен жоғарыда қарастырған гендерлік теңдік пен әйелдерге қатысты әділетсіздікке қоса мына бір фактіні де түсінуіміз керек. Өткен 100 жыл ішінде біз адамзат тарихында болмаған құқықтар мен еркіндікке, ресурстарға, капиталға және билікке ие болдық. Өз ресурсына қол жеткізген мұнша әйел ешқашан болмаған. XX ғасырдың басында 8 наурыз мерекесін ойлап тапқан Клара Цеткин мен Роза Люксембург дауыс беру құқығы туралы армандаса, біз әйелдердің президент болуын қалаймыз. Жауап беретін бір-екі маңызды сұрақ қалып тұр: бұл ресурстарды қалай қолданамыз және біз әлемге ауадай қажет «жаңа көшбасшы» бола аламыз ба?

Біз қазір құндылықтарды, жаһандық және әйел құқығы саласындағы күн тәртібін қайта қарау кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Diversity-ге деген жаңа, радикал емес әрі тиімді көзқарасты табуымыз не таппауымыз басшылықтағы қыз-жігіттердің қолында емес. Бұл мәселенің шешімі ықпалы мен ресурстары бар, сонымен қатар таптаурын пен қиындыққа ұшырағанымен, оларды қоғамның қысымынан гөрі күштірек болған армандары мен амбициясының арқасында жеңген жас қыз рухын жоғалтпаған әйелдердің қолында тұр.

Біз, яғни артықшылығы мен мүмкіндіктері бар әйелдер ресурстары азырақ әйелдерге қалай көмек көрсетуге болатыны туралы ойлануымыз керек. Мұндай қиындықтар азырақ болуы үшін бизнес пен қоғамға шын мәнінде тиімді болатын жүйені қалай әкелуге болатыны туралы ойлануымыз керек. Әйелдерді директорлар кеңесіне квота арқылы отырғыза салмай, бұл деңгейге лайықты әйел мамандарды қалай дайындауға болатыны туралы ойлануымыз керек. Осы орайда қоғамы дәстүрлі болғанымен, жүйелік өзгеріске жете білген елдердің («Салтанаттың ісінен» кейінгі Қазақстан іспетті) тәжірибесі аса құнды деп білемін. Өйткені мұндағы ел инженер Сергей Петровичке жұмыстағы қыздарды неге ренжітуге болмайтынын түсіндіре алады.