Шитпостинг пен хейтспич неге отандық пресса мен әлеуметтік желілерде жақсы тарайды?
Биыл көктемде Қазақстан қоғамы алғаш рет қандай да бір әртісті «жаңа этика» негізінде кэнселге ұшыратты. Шәріп Серік бұрынғы ғашығы Әлия Бөтеевамен қаржылық және романтикалық тұрғыдан мәмілеге келе алмай, оны жазалауға бел буған.
Шыны керек, отандық жұлдыздар – көз алдында тұрған нысана. Сол себепті Шаконың алғашқы болып соққыға түсуі – біршама қызық жайт. Мысалы, біз мас күйінде көлікпен Алматы көшелерін кезген Төреғали Төреәліні тез-ақ ұмытып кеттік. Алматы тұрғындарына қауіп төндірген әншіні ұстауға бірнеше полиция қызметкері жұмылдырылып еді ғой.
Той бизнесінің les enfants terribles-дері заңнан да, қоғамнан да қорықпайтын жандар болып көрінеді. Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртас, Сейфуллин Жолбарыс сынды өнер иелері заң бұзғаны үшін ең көп дегенде бірнеше күнге қамауға алынып, артынша халықтың қошеметімен еркіндікке шығады.
Қайта Шакоға келейік. Төбелесуге әзір жігіттің ісі отандық блогингінің «қасиетті сиыры» Әлішер Елікбаевты да шарпып өтті емес пе? Бұл Алматыдан Астанаға дейінгі сапар не үшін қажет еді? Әңгіме жүдеу, диалог мизогинияға толы болды. Ас үйде бір стақан ішімдік ұстап айтылған әңгіме әлдеқайда шынайы әрі үнемді болар еді.
Осыдан жүз жыл бұрын феминистердің алғашқы толқыны бастаған жынысаралық майдан Threads-тегі «жоғары дәрежелі еркектер» мен «ашулы фемкалар» арасындағы айтысқа ұласады деп кім ойлаған? Сауыт киген «жоғары дәрежелі еркектер» креветка қосылған цезарь салатына төлемес үшін шайқаса беруге дайын. Ал «ашулы фемкалар» ер адамның көзі әйелдің анары тұрмақ, мұрнынан сәл төмен түсе кетсе, еркекті «зорлаушы» деп айыптауға әзір.
Келіссөзге екі жыныстың ең бір дипломат деген өкілдері келсе де, нәтижесінде Роза Әшірбаеваның қатысуымен түсірілген кезекті Зamandas подкастының шығу қаупі еш азаймайды. Зиялы қауым өкілдері әңгіме құрды, өзекті тақырыптарды талқылады. Қанат сұрақ қойды, Роза жауап берді. Кадрдан тыс отырған жан бәрінен ақылды болғандай көрінді. Толя ән салды. Ержан үндемеді. Николай аяғын тербеп отырды. Алайда Threads қолданушыларының ойы бәрінен өткір болып шықты. Бейсекеевтің басы дауға қалды тағы да.
Аудиторияның сынын түсініп болмайсың. Басты тезис – «Қанат әйел болып көрген емес, сондықтан да ол жыныстық қысымға түскен адамды түсіне алмайды». Алайда бұл оның кінәсі емес қой. Кэнсел ме? Кэнсел! Кэнсел болмай қалды. Зamandas-ты көруді жалғастырамыз.
Ер адамдармен «есептесіп» болдық, енді әйелдерге көшейік. Tatler-дің өткен айдағы мұқабасына жаңа туған сәбиін құшақтаған іскер леди Яна Шой шықты. Нәзік кадр. Сәби ұстаған Мадонна іспетті.
Артынша Айгерім Нұрғалиеваның сұхбаты жарияланды. Ол сәбидің әкесі заңды жолдасы Дәурен Мәкенов екенін айтты. Бұл жағдайға баға беруден аулақпын. Біріншіден, менің шаруам емес. Екіншіден, маған мүлде қызық емес. Халықтың қаһарына ұшыраған тағы бір оқиға болғандықтан ғана әңгімелеп отырмын.
Бүгінде барлығына әйел кінәлі болып кетті. Бірі «алып кетеді», екіншісі «көңіл бөлмей қалады», басқасы мұндай әйелдерді мұқабаға шығарады. Дегенмен әрбір екінші неке ажырасумен аяқталатын елде мінсіз, бәрін білетін әрі пікірлі адамдардың көптігі – таңғалдырар жайт. Шындығына келсек, Қазақстандағы ең маңызды өнер көташар ғой.
Секс тақырыбы – елімізде әлі де табу. Сондықтан да ел PGL Astana 2025 турниріне арнайы шақырумен келген ересектерге арналған фильмдердің жұлдызы Ева Эльфиді көргенде: «Балаларымызға не үйретпек?» – деп шу ете түсті. Өз басым оның өнерімен таныс емеспін, десе де кір жуғыш машинада қалып қою бойынша шеберлікті шыңдайды деп топшылайық. Алайда негізгі хейт ұйымдастырушыларға емес, бойжеткенмен суретке түскен «Ирина Кайратовна» тобының солистеріне бағытталғаны қызық болды.
Айта кетер жайт, кезінде комедиядан бастаған бұл топ өзінің өнердегі жолын «Да будет шоу» трегімен бастаған болатын. Онда мынадай бір «өлең жолы» бар: «Біз – Байзакованың жаңа омырауы секілді жаңа адамдармыз». Айжан Байзакова өз заманында хейт патшайымы болғанын ұмытпайық.
Мұндай кейстерді мәңгі қазбалауға болады. Алайда ақиқат бәрімізге де мәлім. Қазақ хейті – жағымсыз ақпараттық ахуалдың алдындағы әлсіздігіміз. Бірде пандемия болады, бірде көрші елде соғыс басталады, енді бірде Ермек Тұрсынов шетелге қоныс аударады. Жалғыз жұбанышымыз Дженнифер Лопес еді, ол да елдегі басты билет сату платформасын істен шығарды.