Sun-Ways стартапы рельстер арасына күн панельдерін тез орнатып, оңай жинап алуға болатын жүйе ойлап тапты
Джозеф Скудери бұл идеяны 2020 жылы Лозаннаның батысындағы Ренен станциясында пойыз күтіп тұрғанда ойлап тапты. Ол теміржол рельстерінің арасындағы бос кеңістікті электр энергиясын өндіруге неге қолданбасқа деген ойға келді. Арада бес жыл өткенде, оның стартапы Бюттедегі теміржол желісіне алғашқы 100 метр күн панельдерін орнатты. Пилоттық жобаның бюджеті – 585 мың швейцариялық франк.
Джозеф Скудери мен оның командасының алдында үлкен міндет тұр: теміржол желісі әрі көлік артериясы, әрі таза энергия көзі бола алатынын үш жыл ішінде дәлелдеу. Егер бұл идея жүзеге асса, ол әлемдегі күн энергетикасының болашағын түбегейлі өзгертуі әбден мүмкін.
Күн панельдерін қолмен де, швейцариялық Scheuchzer компаниясы арнайы әзірлеген машинаның көмегімен де орнатуға болады. Бұл компания теміржолдарға қызмет көрсетуге маманданған. Осындай бір машина бірнеше сағат ішінде мың шаршы метрге жуық күн панельдерін орнатып немесе алып тастай алады.