IMAGE Tea қолданбасы I teaforwomen.com

Бұл қосымша арқылы әйелдер ер адамдар туралы жасырын ақпаратпен бөлісіп, бір-біріне көмектесе алады

Нарыққа Tea атты жаңа қолданба шықты. Бұл – тек әйелдерге арналған жабық платформа. Мұнда қолданушылар ер адамдармен танысу және кездесу тәжірибелерімен жасырын түрде бөліседі. Қосымша арқылы ер адамның жасырын некесін, сотталғанын тексеруге, суреттерінің жалған емес екеніне көз жеткізуге және ол туралы басқа әйелдердің не жазғанын оқуға болады. Tea қосымшасынның негізін Salesforce және Shutterfly компанияларының бұрынғы топ-менеджері Шон Кук қалаған. Анасының танысу сайтында алаяқтарға алданып қалғаны оны осындай жобаны іске қосуға итермелеген. Кейінірек жобаға Даниэлла Сзетела қосылып, қауымдастықтың әлеуметтік желідегі бет-бейнесіне айналды.

Әрбір қатысушы әйел ретінде верификациядан өтеді. Қосымшада скриншот жасауға тыйым салынған, сондықтан бәрі анонимді әрі қауіпсіз. Бүгінде бұл – 1,7 миллионнан астам американдық әйел бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, қолдау көрсететін АҚШ-тағы ең ірі топтық чат. Қосымшаның App Store-дағы рейтингі – 5-тен 4,8 (70 000-нан астам пікір). Tea пайдасының 10%-ын тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі Ұлттық сенім телефон қызметіне аударады.

Tea – қазіргі танысу қосымшаларындағы көптеген мәселеге заңды жауап. Себебі қазіргі танысу сайттарының көбі фейк парақшалар мен агрессивті қолданушыларға толы, модерациясы нашар және әйелдер қауіпсіздігін ойламайды. Саймон Леваевтің бірнеше әйелді алдап кеткені туралы «Tinder алаяғы» сияқты оқиғалар әлі де шын өмірде болып жатыр.