«Эйфория» жұлдызы Сидни Суини сабын шығара бастады. «Sydney’s Bathwater Bliss» атты бұл өнім туралы толығырақ баяндаймыз.
«Эйфория» сериалы арқылы танылған актриса Сидни Суини жуынған суынан дайындалған ерекше сабынын көпшілікке ұсынды. Бұл – оның ерлерге арналған Dr. Squatch косметикалық брендімен екінші ынтымақтастығы. Естеріңізде болса, 2024 жылы Сидни Dr. Squatch-тың душқа арналған гелінің жарнамалық науқанына қатысып: «Сәлем, жігіттер, менің... душқа қандай өнім пайдаланатынымды білгілерің келе ме?» – деген болатын. Сабын шығару идеясы желі қолданушыларының актрисаның өзі түскен ванна суын сатып алуды сұраған өтініштерінен кейін туындады. Бес мың данадан тұратын шектеулі топтама алтыншы маусымда сатылымға шығады. «Sydney’s Bathwater Bliss» (ағыл. – «Сиднидің ваннадағы ләззаты») деп аталатын бұл сабынның бағасы небәрі сегіз доллар болмақ.
Суини жанкүйерлерімен «өзінің бір бөлігін» осылайша бөліскен алғашқы танымал тұлға емес. Мысалы, англиялық стример Белль Дельфин 2019 жылы өзінің ванна суы құйылған банкаларды сату арқылы шамамен 90 мың доллар табыс тапқан болатын. Ал жақында жарық көрген «Солтберн» фильмінен кейін Джейкоб Элордидің ванна суының иісі бар хош иісті шамдар желіде жоғары сұранысқа ие болды.