Интимді күтім неліктен бьюти-рутинаның маңызды бөлігі екенін баяндаймыз
Он сатылы корей күтімі, теріні «глазурленген пончиктей» құлпыртатын Хейли Бибердің Rhode лосьоны... Ғаламтор сұлулықтың жаңа үрдістерін толассыз тарту етуден жалыққан емес. Күн бұлттанса да SPF жағу, той-думаннан соң бояуды сүртпей жатпау – бұл ережелер көпшілігіміз үшін бұлжымас заңдылыққа айналды. Себебі макияжбен ұйықтау – сұлулыққа жасалған ең үлкен опасыздық.
Алайда, тәніміздің бір бөлігін ерекше аялап, мәпелегенімізбен, екінші бір бөлігін естен шығарып, тіпті ол туралы сөз қозғауға жүрексинеміз. Шын мәнінде, әйел затының интимді аймағы да ерекше ілтипат пен қамқорлықты талап етеді. Себебі ол жердегі терінің табиғаты тым нәзік, сезімтал болғандықтан, оған деген күтім де айрықша болуы тиіс. Осы орайда, сұлулық ритуалдары неге тек бетпен шектелмеуі керектігіне, нәзік күтімге арналған дұрыс құралды қалай таңдауға болатынына және бұл үдеріске секс-ойыншықтардың қалайша келіп қосылғанына тереңірек үңілмекпіз.
Интимді аймақ неліктен ерекше күтімді қажет етеді?
Әйел гигиенасы – дене жайлылығы мен өзіне деген сенімділікке апаратын маңызды қадам. Бұл аймақтағы тері мен шырышты қабық көптеген капиллярларға толы болғандықтан, өте нәзік болады. Ол жерде бізді инфекциялардан қорғап, табиғи микрофлораны сақтайтын пайдалы бактериялар өмір сүреді. Осы жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін оның нәзік тепе-теңдігін бұзбау маңызды. Дұрыс күтім қырынудан кейінгі тітіркену, құрғақтық, молочница және басқа да жағымсыз мәселелердің алдын алуға көмектеседі.

