Терапиялық жалқаулық – жан күтімінің жаңа бір тылсымы
Жаңа жыл басталғалы бері өзімді ақтау үшін «жата алсаң – жата бер» деген қағиданы ұстандым. Сол күндері төсектен тұрмай, ештеңе істемедім, тек жаттым. Ал айналамдағы кейбір жандар спорт залына қуана-қуана асығып, моншаға барып, көкөніс шырындарын ішіп, әлеуметтік желідегі оқырмандарын белсенділікке шақырып жатты. Төсекте жатқандар (мен де солардың қатарындамын) алдымен іштей өзімізді кінәлі сезіндік, кейіннен тіпті ашуландық. «Төсекте шіруді» (bed-rotting) таңдаған біз: «Егер улы еркектермен қоштаса алсақ, енді улы өнімділіктен де құтылатын уақыт келді ме?» – деп ойлап, Instagram-ды жауып қойдық.

Сол уақытта беделді WGSN зерттеу компаниясы 2025 жылға арналған трендтер болжамын жариялады. Олардың арасында қазіргі үнемі жұмысбасты мәдениетке тіпті қайшы келетін «терапиялық жалқаулық» тренді де бар еді. Жалқаулықтың трендке айналуының себебі неде? Себептері көп: жалпы тұрақсыздық, экономикалық және саяси өзгерістер, күйіп кету, шаршау, сондай-ақ wellness ұғымының соңғы он жылда кең таралуы да әсер етті.
Терапиялық жалқаулық – қазіргі қоғамның тынымсыз еңбекқорлығына, әрбір сәттің жемісті болуын талап ететін мәдениетіне қарсы шыққан жаңа бір наразылықтың лебі. Адамның құны тек қана жеткен жетістіктері мен көрсеткен нәтижелерімен өлшенетін заманда, «бар күшіңді салып бәріне үлгер» деген ұранмен өскен жас ұрпақ миллениалдар үшін ешбір іспен айналыспай, жайбарақат уақыт кешудің өзі де жан дүниесінің тыныштығын табуға, күш-қуатын қалпына келтіруге және өмірдің мәнін тереңірек түсінуге жол ашатын тың бастама болмақ. Психологтер мен health-коучтардың түсіндіруінше, кейде ештеңе істемей, еріншек болу да – өз‑өзіңді күтудің бір түрі.