IMAGE A$AP Rocky | Getty Images

Әнші үшін бұл көптен күткен лайықты марапат

Рэпер A$AP Rocky көптен күткен «Сән Иконасы» атағын CFDA Awards 2025 салтанатында иеленбек. Бұл айтулы марапаттау рәсімі үшінші қарашада Нью-Йорктегі American Museum of Natural History мұражайында Amazon Fashion қолдауымен өтеді. Өзінің қайталанбас стилімен танылған, тіпті Babushka Boi лақап атына ие болған музыкант ерлер сәніне зор ықпал етіп, гендерлік қалыптарды бұзған батыл эксперименттерімен көзге түсті.

Қазіргі уақытта Ray-Ban мен Puma брендтерінің креативті директоры қызметін атқарып жүрген Рокки Bottega Veneta, Moncler, Calvin Klein, Gucci және Dior сияқты алпауыттардың жарнамалық науқандарына да қатысқан. Оның AWGE агенттігі Marine Serre, Amina Muaddi, Selfridges, JW Anderson сияқты танымал брендтермен табысты серіктестік орнатқан. Биыл музыкант Met Gala кешінің тең төрағасы атанып қана қоймай, сол кешке өзінің AWGE брендімен арнайы тігілген костюммен шығып, көпшілікті таңдай қақтырды.

Биылғы CFDA Awards салтанатында Роккиден бөлек басқа да майталмандар марапатталады: америкалық кутюрье Ральф Руччи «Өмірлік жетістіктері үшін Джеффри Бин атындағы сыйлықты» иеленсе, Синтия Роули «Элеонор Ламберт құрметіне арналған Негізін қалаушы марапатын» алады. Дизайнер Андре Уокер «Изабель Толедо атындағы Директорлар кеңесінің құрметіне» лайық деп танылса, W журналының бас редакторы Сара Мунвес «Юджиния Шеппард құрметіне арналған Медиа-марапатпен» марапатталады. «Жылдың халықаралық дизайнері» атағын Питер Мюлье (Alaïa) жеңіп алды. Ал Донателла Версаче қайырымдылыққа қосқан үлесі, LGBTQIA+ қауымдастығы мен жас таланттарды қолдағаны үшін «Позитивті өзгерістер үшін» сыйлығымен атап өтіледі.