Заманауи косметологияның құдіретімен уақытқа тоқтау салғандай көрінген «періштелер» де, ескі хиттер де шоуды құтқара алмады
Кеше түнде өткен Victoria’s Secret шоуы брендтің бұрынғы атақ-даңқын қайтаруға жасалған тағы бір сәтсіз талпыныс болды. Подиумға сол баяғы, уақыт тоқтап қалғандай көрінетін «періштелер» шықты: Адриана Лима, Даутцен Крус, Кэндис Свейнпол, Алессандра Амбросио, Бехати Принслу және Ирина Шейк. Модельдер мінсіз көрінгенімен, қолдан жасалған үйірмеде асығыс құрастырылғандай әсер қалдыратын қанаттары өткен ғасырдың көзі болып көрінді.
Кезінде Майкл Джексон мен Spice Girls ән салған сахнаны бұл жолы Мэдисон Бир мен к-поп тобы TWICE «жандандыруға» тырысты. Ал ностальгияның соңғы тамшысын сығып алу үшін, сахнаға нөлдік жылдардағы хитімен Мисси Эллиотты шығарды. Тіпті зумерлердің көңілін табуға арналған Pink желісінің көрсетілімі де жасандылықтан арыла алмады.
Шоудан кейін көкейде бір ғана сұрақ қалды: бізді бір күні осы өткенді аңсау құртып жібермей ме? Корпорациялар біздің «бұрын бәрі жақсы еді» деген сезімімізбен ойнап, ескіні мәңгілік классика ретінде ұялмай сатуға тырысады. Ал Victoria’s Secret өзінің арзан әрі сапасыз іш киімімен бұл тізімнің басында тұрғаны сөзсіз. Өткенді қайтару мүмкін емес, әсіресе оның орнына ұсынар жаңалығың болмаса.