Таптаурын, Хаостан шыққан Шолпан, елеске ұқсас көйлек? London Fashion Week аясында ұсынылған ең үздік 2025 жылғы күз-қыс коллекциялары туралы материал
Тұманды Альбион еліндегі London Fashion Week өз мәресіне жетіп қалды. Сыртта лондонша жаңбыр жауса, Richard Quinn қар жаудырды. Dilara Findikoglu-дың шоуында Хаостан шыққан Шолпан дүниеге келді, ал Erdem подиумына Кей Доначидың эфирлі портреттерін ұстап, елес сияқты құбылмалы көйлек киген модельдер шықты. Материалымыздан Лондонның қызықтары туралы оқыңыз.
Richard Quinn
Richard Quinn 2025 жылғы күз-қыс коллекциясының көрсетілімі нағыз Winter Wonderland болды. Балға киетін көйлек киген, шаш үлгісі жинақы модельдер салтанатты іс-шараға жетуге асық болып жүрді. Сәнді әрі драмаға толы образдар раушан гүлімен және банттармен әрленді. Көрсетілім жаулығы минималистік үлгіде жасалған той көйлектерін де қамтыды. Ретро стиліндегі силуэттер Юбера Живанши, Кристиан Диор және Шанель ханымның еңбектеріне ұқсас болды әрі дизайнердің 60-шы жылдарға деген сүйіспеншілігін айқындады. Сондай-ақ көрсетілімге сол кездегі танымал модель Пенелопа Три қатысты. Ричард оған декольтесіне үлкен раушан гүлі тағылған, қысқа жылтырақ көйлектен, қара шұлықтан және аласа өкшелі туфлиден тұратын образ сыйлапты.
Dilara Findikoglu
Dilara Findikoglu брендінің 2025 жылғы күз-қыс коллекциясының аты да жалынды – Venus From Chaos (ағылшын тілінен Хаостан шыққан Шолпан деп аударуға болады). Дилара: «Туған планетам Шолпанға оралып, мінсіз әлем құрамын», – деді де, модельдеріне қабыршақтан, қыстырғыштан және інжуден жасалған киім мен жеңіл викториандық ішкиім кигізді. Модельдің бөксесі мен төсінің пішініне сай қылып тігілген, нюд түсті True Skin былғары көйлегін көрсетілімнің гүлі деуге болады. Оған алқызыл түсті өрнек салған тату-мастер Джона Слейтер екен.