Louis Vuitton сағат циферблатының нағыз өнер туындысы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді
Louis Vuitton Tambour Bushido Automata, Tambour Taiko Galactique және Escale en Amazonie эксклюзивті сағат үлгілерін көпшілікке таныстырды. Олардың күрделі механизмі мен дизайны La Fabrique du Temps Louis Vuitton мануфактурасының озық мүмкіндіктерін айқын көрсетеді. Циферблаттардағы таңғажайып анимация кімді болса да баурап алады. Кез келген өнер туындысы секілді бұл сағаттарға да ұзақ қарап, тереңіне үңілгің келеді. Жаңа үлгілердің ерекшеліктеріне зер салып, олардың техникалық мүмкіндіктерін өз көзімізбен көруге асығайық.
Tambour Bushido Automatic
Қызғылт алтыннан жасалған корпуста самурайдың Жапония бойынша саяхаты бейнеленген. 426 бөлшектен тұратын сағатты жинауға 180 сағат, ал оның эмаль әшекейлерін салуға 200 сағаттан астам уақыт жұмсалды.
Сағат дизайны бусидо кодексінен шабыт алған. Оның философиясы бойынша самурайлар өнерді жоғары бағалауы тиіс. Сағат бес автоматты механизммен жабдықталып, оларды іске қосуға 16 секунд қажет. Алдымен дулығадағы алтын екай (жапон мифологиясындағы жын) бейнесі жылжып, сағат көрсеткіші ашылады. Содан соң, ретроградты дисплейдегі катана минуттарды көрсете бастайды. Самурай маскасының оң жақ көзіндегі гүлдің суреті өзгеріп, аузы ашылады. Оның тесігінде иероглифтермен «бусидо» сөзі жазылған. Соңында Фудзияма тауының үстіндегі қызыл күн механизмнің қалған қуат қорын көрсетеді.


Tambour Taiko Galactique
Көк резеңке бауы бар титан мен ақ алтыннан жасалған бұл сағат 459 бөлшектен тұрады. Оны құрастыруға 220 сағат кетеді. Ақ алтыннан жасалған бұрау тетігі көк сапфир және топаз асыл тастарымен безендірілген.
Циферблатта ғарышкердің айға Louis Vuitton туын орнату талпынысы бейнеленген. Тетікті басқан кезде жеті түрлі анимация іске қосылады – ғарышкер қозғала бастайды, спутниктің элементтері жанданады, жұлдыздар мен күн айналады. Механизмдер бір минут ішінде әртүрлі жылдамдықпен іске қосылып, жасалған жұмыстың күрделілігін көрсетеді.