Messika өз мерейтойына орай Terres d’Instinct атты жоғары зергерлік өнер топтамасын таныстырды
Үшінші қазанда Париждегі Musée des Arts Décoratifs мұражайында Messika зергерлік үйі өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтіп, Terres d’Instinct атты жоғары зергерлік өнер топтамасының тұсауын кесті. Оңтүстік Африкадан шабыт алған бұл топтама Messika-ның басты құндылықтары – инстинкт пен бостандықты паш етеді. Топтаманың дизайнын жасауға екі танымал дизайнер шақырылған: Central Saint Martins түлегі, эфиопиялық әйел дизайнер Фебен (Feben бренді) және нигериялық дизайнер Виктор Анате (Vicnate).
Кештің құрметті қонақтарының қатарында сән үйінің достары мен Карла Бруни, Ева Герцигова, Кико Мидзухара, Ice Spice, Деми Ловато сияқты әлемдік жұлдыздар болды. Кештің музыкалық ажарын Сенегалдың үні – Youssou N’Dour ашып, кеш Davido мен Omah Lay-дың афробитіне ұласты, ал соңғы ырғақты диджей Shivana қойды.