Жаңа орталықтың ашылуы және Barsakelmes перфомансы туралы баяндаймыз
1964 жылдан 2014 жылға дейін қала тұрғындарының сүйікті орны болған атақты кинотеатрдың орнында бой көтерген «Целинный» заманауи мәдениет орталығы бесінші қыркүйекте өз жұмысын бастайды. 2018 жылы британдық сәулетші Асиф Ханның жетекшілігімен басталған қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Жаңа мәдениет ордасының аясында дәрістер, талқылаулар, кітап тұсаукесерлері, балалар мен ересектерге арналған воркшоптар және тағы басқа көптеген іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
«Целинныйдың» алғашқы маусымы Barsakelmes перфомансымен ашылады. Оның аясында Гүлнұр Мұқажанова мен Дария Темірханның жұмыстары, «Аспаннан жерге дейін: Асиф Ханның «Целинныйы» атты сәулет көрмесі және «Documentation: Орталық Азияның заманауи өнер картасындағы бейнесі» атты мұрағат материалдарының экспозициясы өтеді. Барсакелмес – кезінде тартылып кеткен Арал теңізінде орналасқан аралдың атауы. Бұл атау жазылуы да, ұмытылуы да қиын отаршылдық жараның бетін ашады.


