IMAGE F1 фильмінен кадрлар | imdb.com

Жарыс маршалы Константин Маслаков – F1 фильмінің түсірілімі, автоспортқа деген махаббаты және тағы басқалар туралы

2025 жылдың маусымында экранға F1 фильмі шықты. Брэд Питт ойнаған бұл спорттық драма «Формула-1» әлеміндегі топжарғанның хикаясын баяндайды. Картина тез танымал болып, Apple тарихындағы ең көп табыс әкелген туындыға айналды.

Жақында Instagram желісінде F1 фильмінің түсіріліміне қатысқан, 15 жылдық тәжірибесі бар маршал Константин Маслаковтың жазбасы көзімізге түсті. Ол өз мансабында Абу-Даби, Сочи және Баку Гран-прилері сияқты түрлі жарыстарда жұмыс істеген. Біз Константинге хабарласып, оның маршалдыққа қалай келгенін, кино түсірілімі, F1 фильмінің шынайылығы, кәсіби деформация, стресспен күрес және басқа да көптеген тақырыптар жайлы сұрастырдық.

Хобби ме, әлде кәсіп пе?

Бұл кәдімгі ермектен басталған хобби. Осыдан 15 жыл бұрын Абу-Дабиде ішім пысып отырғанда, достарым «Формула-1»-ге баруды ұсынды. Басында күмәндандым, бұл маған қызық емес деп ойладым. Бірақ кейін волонтерлер мен маршалдарды жинап жатқаны туралы хабарландыруды көрдім. Жарыстарға, концерттерге және басқа да іс-шараларға тегін кіруге болады екен... «Неге болмасқа?» деп ойладым. Өтініш беріп, тренингтен өттім де, өзім үшін күтпеген жерден жарыс әлемінің бір бөлігіне айналдым.

Tatler Asia
IMAGE Константин Маслаковтың жеке мұрағатынан
Tatler Asia

Маршал не істейді?

Маршалдың негізгі міндеттері – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ережелердің сақталуын бақылау. Бұл бір жағынан спорттық төрешілікке ұқсайды. Мен уақытымның көп бөлігін пит-лейнде өткіздім. Бұл – болидтер пит-стопқа кіретін, гараждарға қарама-қарсы орналасқан аймақ. Мұндайда маршалдың көптеген ұсақ-түйекке мұқият болғаны маңызды: өрт сөндіргіштің болуы, команда формасының қауіпсіздік ережелеріне сәйкестігі, автомобильдердің трассаға шығуы, көрермендердің тәртібі және тағы басқалар. Дәл осы жерде маршалдар старттық рәсімді де бақылайды: болидтердің өз орындарына тұрғанын тексереді және қажет болса, жарыс директорына белгі береді. Ары қарай шешімді сол қабылдайды: стартты кешіктіру, жарысты тоқтату немесе апатты болдырмау үшін жарысушыларға бұйрық беру.

Tatler Asia
IMAGE Константин Маслаковтың жеке мұрағатынан

Қалай маршал болуға болады?

Көпшілігі бұл іске ақша үшін емес, автоспортқа деген махаббатынан келеді. Тәуліктік төлемақысы бар, бірақ оның мөлшері тым аз, бар болғаны барда бір стақан сыра ішуге ғана жетеді. Адамдар бұл жерге атмосфера, драйв, команда және жаңа таныстықтар үшін келеді. Кейбіреулерге осы «көшпелі цирктің» атмосферасы ұнайды, яғни ортақ іспен біріккен адамдардың қысқа уақытқа басы қосылуы. Ал тәжірибеге келер болсақ, автоспортпен әуестенсеңіз жеткілікті. Әрине, өрт сөндіру саласында немесе алғашқы көмек көрсетуден тәжірибеңіз болса, артық етпейді, бірақ міндетті емес. Қажеттінің бәрін тренингтерде үйретеді.

F1 фильмінің түсірілімі туралы

Абу-Дабиде F1 фильмінің түсірілімі бірнеше кезеңмен өтті. Түсірілім тобы алғаш рет 2023 жылғы Гран-приге келді. Сол кезде тек болидтер қатысқан көріністерді түсірді. Жарыс уик-эндінде, тіпті ресми жарыстардың арасында трассада F1 фильмінің көліктері жүрді. Ол кезде жоба жай ғана «Апекс» деп аталған.

2024 жылдың наурызында біздің маршалдар чатында маршал рөліне актерлер іздеп жатқаны туралы хабарландыру шықты. Мен бірден үн қаттым. Қысқаша түйіндеме, сурет және өзің туралы бір-екі ауыз сөз жіберу керек болды. Бірнеше күннен кейін мені және тағы бес адамды рөлге бекітті.

Содан соң бізді киім өлшеуге шақырды. Жұмыста қолданатын барлық затымызды алып келуді сұрады: комбинезондар, футболкалар, бейсболкалар, бәтеңке, көзілдірік, қолғаптар. Мен түрлі Гран-прилердің жапсырмалары бар толық жиынтықты алып бардым. Костюмерлер менің киімімнің шынайылығына қатты таңғалды: бәрі шынайы көрінді және ешқандай толықтыруды қажет етпеді. Менің комбинезонымды бірден орап, басқа кейіпкерлердің костюмдерінің қасына іліп қойды.

Tatler Asia
IMAGE Константин Маслаковтың жеке мұрағатынан
Tatler Asia

F1 фильмдегі қателіктер

Алғашқы қарағаннан кейін фильмде кейбір детальдар жетіспейтін сияқты көрінді. Бір жағынан, бәрі жалпылама түсірілген. «Формула-1» жарысы бұл тек жексенбілік жарыс қана емес, сонымен қатар жұма күнгі жаттығулар мен сенбілік квалификация. Өкінішке орай, көрерменге мұны көрсетпеген. 

Екінші жағынан, бұл жарыстың ауқымын ескергенде, бұл фильмде әдеттегіден де көп нәрсе көрсетілгенін түсінесің. Өйткені мұнда «Дейтонаның 24 сағаты», танымал трассалар, «Формула-1» кезеңдері, ралли сияқты көптеген оқиға қамтылған.

Фильмдегі қателіктердің ішінде Брэд Питтің кейіпкері Сонни Хейстің шұлығына қатысты сәт есімде қалыпты. Мен техникалық инспектор болып жұмыс істегенмін, сондықтан жарысушының экипировкасы қауіпсіздік талаптарына сай, отқа төзімді материалдан жасалуы керектігін білемін. Әрбір элементте, соның ішінде шұлықта да, арнайы рұқсатты растайтын таңба (омологация) болуы тиіс. Әртүрлі жиынтықтан алынған шұлықтар – бұл ережені өрескел бұзу. Бұл ережелердің әрқайсысы біреудің қанымен жазылған.

Tatler Asia
IMAGE Константин Маслаковтың жеке мұрағатынан

Теледидардағыдай емес

Ең жарқын естеліктерімнің бірі – 2012 жылғы Абу-Дабидегі уик-энд. Сол кезде мен Кими Райкконенге жанкүйер болдым. Ол ұзақ үзілістен кейін «Формула-1»-ге оралып, бірден жеңіске жеткен еді. Бұл Lotus-Renault командасы үшін нағыз триумф болды.

Бірақ жалпы, маршал болып жұмыс істегенде, жарыстың өзін толық көре алмайсың. Қай жерде тұрсаң да, назарың тек белгілі бір аймаққа шоғырланады. Сондықтан біз әдетте өзіміз қатысқан жарыстарды кейін қайталап көреміз.

Tatler Asia
IMAGE Константин Маслаковтың жеке мұрағатынан

Кәсіби деформация

Маршалдардың ойы үнемі қауіпсіздікке бағытталған. Жай жерде жүрсең де, кез келген қауіп төндіруі мүмкін ұсақ-түйекке еріксіз назар аударасың: болттар, сұйықтықтар, шыны сынықтары және т.б. Көрермендердің өзіне де үнемі сақтықпен қарайсың. Әсіресе пит-лейн аймағында. Гараждардың үстінде паддок-клуб трибуналары орналасқан, олардың қонақтары көбіне шампан құйылған бокалмен немесе темекімен шығып, бокстарға үңіледі. Содан кейін не болары – бір Құдайдың қолында. Бокал, телефон, көзілдірік сияқты заттар пит-стопқа тоқтаған болидтің кокпитіне құлап кетуі мүмкін. Біз осындай жағдайлардың болмауын қадағалаймыз.

Егер пит-лейнде біреу темекі тартып тұрса, бірден әрекет ету керек. Себебі түтіннің қайдан шыққанына қарамастан, ол – әрқашан дабыл белгісі. Сондықтан F1 фильмінің басында Шей Уигэмнің кейіпкері «Дейтонаның 24 сағаты» жарысы кезінде жарысты басқару пунктінде темекі шегіп тұрған көрінісі шындыққа жанаспайды. Шын өмірде мұндай әрекет үшін өте үлкен айыппұл салынады.

Апатты күту

Маршалдар уақытының көп бөлігін ықтимал оқыс оқиғаларды күтумен өткізеді. Сен «Формула-1»-де он жыл жұмыс істеуің мүмкін, бірақ сенің учаскеңде осы уақыт ішінде ешқандай айтарлықтай оқиға болмауы да мүмкін. Басқа жігіттер Льюис Хэмилтонды немесе Карлос Сайнсты апаттан кейін болидтен қалай шығарып алғандарын айтып жатқанда, тек тыңдап, ақ қызғанышпен қарап отыруға тура келеді. Соған қарамастан, әрқашан сақадай сай тұру маңызды.

Пит-лейн – ең тыныш аймақтардың бірі, бірақ ол жерде де оқыс оқиғалар болып тұрады. Мысалы, 2018 жылы Бахрейн Гран-приінде Ferrari командасының пит-стопы кезінде Кими Райкконен өз механиктерінің бірінің аяғын басып кетті. Нәтижесінде механик екі жерден ашық сынық алды.

Tatler Asia
IMAGE Константин Маслаковтың жеке мұрағатынан

Стресспен күрес

Стресстен арылудың ең жақсы жолы – концерттер. Бұл, айтпақшы, менің «Формула-1» маршалы болғым келуінің бір себебі. 2010 жылы Абу-Даби Гран-приі кезінде Linkin Park концертіне қатты барғым келген, бірақ сәті түспеді. Бірақ кейін оның есесін толықтай қайтардым: Пол Маккартни, The Chemical Brothers, Blur, The Killers, Foo Fighters, Бритни Спирс, Кайли Миноуг, Лана Дель Рей... Биыл Metallica, Кэти Перри және Post Malone келеді деп жарияланды. Стресспен осылай күресеміз.

Тәуекелшілдер

Егер маршал бұйрықсыз трекке жүгіріп шықса, бұл оның жеке шешімі және басшылықтың қателігі. Ереже бойынша, нақты пәрменсіз немесе радио арқылы бұйрықсыз ешкімнің трассаға шығуға құқығы жоқ. Өкінішке орай, өз мүмкіндіктерін асыра бағалап, дөңгелек астында қалатын есерсоқтар әрқашан табылады.

Tatler Asia
IMAGE Константин Маслаковтың жеке мұрағатынан
Tatler Asia

Трекке қайта оралу себебі

Жарыстың басталуы. 20 болидтің гүрілдеген моторлармен орындарынан дүр етіп қозғалған сәті – менің «Формула-1»-ге қайта-қайта оралуымның басты себебі осы. Кейде өз постымда тұрып, терең ойға шомып кетемін де: «Құдайым-ау, маған осының бәрі не үшін керек? Қаншама уақытымды өлтіріп жатырмын. Жай ғана демалып, жарысты теледидардан көрсем де болар еді ғой», – деп ойлаймын. Бірақ сол моторлардың гүрілін естіп, жанармайдың иісін сезгенде, барлық күмән сейіліп, бәрі өз орнына келеді.

Темы