IMAGE Карин Сомерсеттің жеке мұрағатынан

Карин Сомерсеттің жан дүниесіндегі сапарлар ізі

Саяхат ұғымы The World’s 50 Best Hotels тізімінен қонақүй таңдаумен шектеліп бара жатқан заманда, Карин Сомерсет, сірә, Қазақстандағы ең ойшыл, ең ерекше жиһанкез болар. Оның бағыттары – резорттар мен мейрамханалардың тізімі емес, көңілге түйген әсерлердің тізбегі. Ол Исландияның мұздықтарын шарлады, Вади-Рам шөлінде жұлдыз жамылып түнеді, випассанада үнсіздікке бой алдырды, биік шыңдарға ұмтылып, Қазақстанның ұлан-ғайыр даласының тылсым тыныштығына сіңіп кетті. Оның сапарлары география туралы емес, өзін-өзі тануды қоса алғанда, терең зерттеу туралы. Дәл осы қасиеті оны бәрінен ерекшелендіреді.

Қазіргі отыз жастағы жастар саяхаттан не іздейді?

Әлем алақандағыдай жақындады. Ал біз ше? Біз өзімізге жақындай алдық па? Күмәнім бар. Заманауи қолайлылық сапар шегуді жеңілдеткенімен, жолды нағыз саяхатқа айналдыратын ең басты қасиетті – таңғалу сезімін ұрлады. Иә, жаңа жерлер, жаңа дәм, жаңа заттар бар, бірақ алда не күтіп тұрғанын білмейтін беймәлім күй жоқ. Бәрі тым түсінікті болғанда, ми жаңа нәрсені қабылдамайды, жай ғана алдағыны болжай салады. Бұл ыңғайлы, әрине. Бірақ болжамдылық таңғалуды өлтіреді, ал онсыз өмірдің өзі мәнсіз болып кетеді.

Саяхат – осы тұрғыдан алғанда, дағдылы тірліктен жаңылудың сирек кездесетін, заңды жолы. Бұл ауа райын емес, әлемді қабылдауды өзгерту. Мен Исландияның мұздықтарын, Канди ауылындағы нөсерді, Килиманджаро шыңындағы таңның атуын есіме аламын. Бұл сәттердің барлығы география туралы емес. Жол – беймәлім күйде қалудың сирек мүмкіндігі. Ал сол беймәлімдік, таңқаларлықтай, адамды құлатпайды, керісінше, тірек болады. Біз саяхат көкжиекті кеңейтеді деп айтуға дағдыланғанбыз. Шын мәнінде, ол назарыңды тарылтады. Ол көзқарасыңды ұсақ-түйекке қайтарады: қабырғадағы жарықшаққа, сатушының жанарына, ағаш діңіндегі күн сәулесінің өрнегіне. Дәл осы бөлшектерде өмір қайтадан тіріледі. Сен ештеңе білмейтін жерде, кенеттен шынайы тыңдай, көре, сезіне бастайсың. Ми энергияны үнемдеуді доғарып, өзінің бастапқы зерттеуші рөліне оралады. Міне, сол кезде ең бастысы орын алады: сені ешкім атыңмен атамайтын кеңістікте, сен кенеттен өзіңнің кім екеніңді есіңе түсіре бастайсың. Бұл – нағыз салтанат: еш жерде және ешкім болмау.

Tatler Asia
IMAGE Карин Сомерсеттің жеке мұрағатынан
Tatler Asia
Tatler Asia
Processed with VSCO with u3 preset
Processed with VSCO with u3 preset

Саяхаттың идеалды ырғағы қандай? Мұның психологиялық астары бар ма?

Өмір – нота емес, ал біз – метроном емеспіз. Маған әрқайсымыздың ішкі, тіпті тәндік тұрғыдан басқаша көзқарас іздеуге деген қажеттілігіміз бар деген ой жақынырақ. Соңғы Намибия сапарында біз туристер сирек баратын шалғай ауылдарға тап болдық. Бір қарағанда, ерекше ештеңе жоқ – тек саваннаның ұлан-ғайыр даласы, ауадағы шаң, африкалық тайпалар мен ескі доппен ойнап жүрген балалар. Жолдағы жанармай бекетінде бізден бір британдық жұп: «Сіздер ол жаққа не үшін бара жатырсыздар?» – деп сұрады. Біз: «Адамдар мансап қуып, атаққа ұмтылмай өмір сүретін жерде, сен өзіңнің амбицияларыңның қайдан шығатынын түсіне бастайсың», – деп жауап бердік.

Бұл – оларды сынау емес, жай ғана байқаған шындық. Осындай мекендерде ғана өзіңнің үлкен қаладағы қарбалас өміріңе сырт көзбен қарайсың. Сөйтсек, біз үнемі асығуды – жетістік деп, ал сол жолдағы жан тыныштығының жоқтығын – қалыпты жағдай деп санап жүр екенбіз. Мүмкін, сондықтан да мені Қырғызстанның таулы көлдеріне, Үндістандағы випассанаға, Килиманджаро шыңына, Мьянмадағы волонтерлік жобаларға тартатын шығар – ең болмағанда бір сәтке үйреншікті шеңберден шығу үшін. Себебі бір ғана қалыптың ішінде ұзақ өмір сүрсең, тіпті ол жайлы болса да, оны жалғыз дұрыс жол деп ойлай бастайсың. Сонда кез келген «басқаша» нәрсе қате, кез келген баяулау әлсіздік, кез келген белгісіздік – қауіп ретінде көрінеді. Ал балама жол болмаса – бостандық та жоқ.

Tatler Asia
IMAGE Карин Сомерсеттің жеке мұрағатынан
Tatler Asia
Processed with VSCO with e1 preset
Processed with VSCO with e1 preset

Әр демалыс сайын таудасыз. Бұл махаббат қашан және қалай басталды? Әлде жай ғана қызығушылық па еді?

Өмірдегі барлық маңызды нәрселер сияқты, бұл да кездейсоқ басталды. Немесе, мүмкін, бұл бір заңдылық шығар. Бір жақсы досым: «Әр демалыс сайын тауға шығып тұрайықшы?» – деп ұсыныс тастады да, артынша: «Таусыз біз жазықта қаламыз. Бұл ыңғайлы, бірақ шынайы алға жылжу үшін тым тегіс», – деп қосты. Сол кезде мен оның сөзінің астарын толық түсінбесем де, келістім. Содан кейін Тұйықсу альплагеріндегі оқу, шатырда түнеу, бірінші реттен байланбайтын альпинистік түйіндер және 5000 метр биіктікке көтерілу болды. Кейін шыңдар туралы қайталап оқитын киелі кітаптай айтатын Мақсұт Жұмаевпен танысып, достастым. Ол әрбір тау – нәтиже емес, табиғатпен сұхбат екенін ұқтырды. Тау мен үшін көпшілік айтқандай күш-қуат мекені емес, керісінше, артық нәрседен ада мекенге айналды. Бос әурешілік, үміт, көзге түсуге деген ұмтылыс жоқ мекен.

Tatler Asia
Processed with VSCO with j2 preset
IMAGE Карин Сомерсеттің жеке мұрағатынан
Tatler Asia
Processed with VSCO with j2 preset

Сіз Қазақстанды белсенді аралайтын санаулы жанның бірісіз. Еліміздің қай жерлерін әлі зерттеп үлгермедіңіз?

Кейбір жерлер бар, олар сені жібермейді, әр барған сайын келгендей емес, үйге оралғандай сезімде боласың. Маңғыстау, Тұзбайыр, Бозжыра, Қарынжарық – бұл жай ғана табиғат емес, ерекше бір тылсым күй. Ол жерде уақыт басқаша ағады. Және Алтай, Катонқарағай бар. Ол мен үшін аяқталмай қалған хаттай. Аяқтау үшін емес, сол хатты жалғастыру үшін оралғым келеді.

Tatler Asia
Processed with VSCO with al3 preset
IMAGE Карин Сомерсеттің жеке мұрағатынан
Tatler Asia
Processed with VSCO with g7 preset
Processed with VSCO with al3 preset
Processed with VSCO with g7 preset

Осы уақытқа дейін барған жерлеріңіздің ішіндегі ең маңызды бесеуін атаңызшы. Олардың әрқайсысы сізге не берді?

Жылдар өте мен аз нәрсенің көптен артық екенін түсіндім. Ойдың, адамның, заттың аз болғаны, бірақ мені адам ретінде қалыптастыратын таңдау мен оқиғаның көп болғаны. Біз жалғыздықтан қашуға дағдыланғанбыз, бірақ ол ойлануға мол мүмкіндік береді. 2018 жылдан бастап мен бостықты тек жоқтық ретінде емес, рухани толысудың бір түрі ретінде қабылдауды үйрендім. Сондықтан випассана мен үшін бір реттік тәжірибе болудан қалып, өмірімнің бір бөлігіне айналды. Бұл – бірінші. Мен жыл сайын Таиландқа немесе Үндістанға 14, кейде 20 күн бойы толық үнсіздікте болу үшін ораламын. Әңгіме жоқ, телефон жоқ, алаңдататын ештеңе жоқ. Тек бақылау – денеңді, ойыңды, сыртқы әлемге араласуды тоқтатқан кезде ішкі әлеміңде не болатынын. Випассана сенімді емес, зейінді талап етеді. Ол шындықты бұрмалаусыз көруге үйретеді. Ғылымда оны нейропластикалыққа ықпал ететін және стрессті азайтатын өзін-өзі бақылау әдісі деп атайды. Бірақ бұл тұжырымдардан тыс, ол ең алдымен – тәжірибе. Тыныш, әрдайым оңай емес, бірақ әрқашан ойды тазартатын тәжірибе.

Калари Ковилаком – екінші мекен. Ежелгі үнді сарайының тыныштығы мен қатаң тәртібіне тап болғанда, бір нәрсені тез түсінесің: мұнда ешкім ештеңеге уәде бермейді. Мұнда жайлылық сатылмайды, «өзіңді табасың» деп сендірмейді. Мен мұнда панчакарма үшін ораламын, оның мақсаты – денсаулықты жақсарту емес, дене, ақыл және уақыт арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіру. Әр күн таңғы бесте йога, медитация және күн сайын ішу қиындай түсетін гхи майынан жасалған дәрілік қайнатпамен басталады. Содан кейін құсу, денедегі әлсіздік. Ешқандай жеңілдік жоқ. Дәмді, ыңғайлы немесе жағымды болып көрінгеннің бәрі мұнда із-түссіз жоғалады... Шынымды айтсам, бұл бәріне бірдей келе бермейді. Мұнда көпшілік айтатын еркіндік болмайды. Керісінше, сен қатаң ережелерге бағынасың. Ерте тұру, режимді сақтау – сол кезде ғана ұсақ-түйектердің бүкіл күніңді қалай билеп келгенін түсіне бастайсың. Мұнда асығыстыққа орын жоқ, бәрі баяу, кейде тым баяу жүреді, бірақ дәл осы ырғақта шындық ашылады: біз айналсоқтап жүгіруден басқаны ұмытып кеткенбіз.

Үшінші сүйікті жерім Шри-Ланкада жақсы нәрсе туралы ойласаң болғаны, ол әр қадам сайын орындалады. Мен бірнеше рет оралған жерім – Канди аймағы. Santani қонақүйін оның негізін қалаушы екеуміз «тыныштық сәулеті» деп атаймыз. Бұл метафора емес. Santani ыңғайлылық ұсынбайды – ол оны алып тастайды. Мұнда декор жоқ, визуалды шу жоқ. Әдеттегі тіркеу орнының орнына – ағаш орындық, фондық музыканың орнына – желдің дыбысы, жапырақтың сыбдыры, құстардың әні және ғибадатханадан естілетін алыс үн. Иә, Santani-ді Time нұсқасы бойынша әлемнің 100 ұлы орнының тізіміне енгізді. Бірақ бұл жерде бастысы ол емес. Мұнда таң қалдыруға деген ұмтылыс жоқ, ал нағыз әсер – дәл осыда.

Tatler Asia
Shot with NOMO CAM 135 M6.
IMAGE Карин Сомерсеттің жеке мұрағатынан
Tatler Asia
Shot with NOMO CAM 135 M6.
Shot with NOMO CAM 135 M6.
Shot with NOMO CAM 135 M6.
Tatler Asia
Shot with NOMO CAM 135 M6.
Shot with NOMO CAM 135 M6.

Иордания – төртінші мекен. Вади-Рамдағы күннің батуы – басқа ғаламшарда отырғандай әсер қалдырады. Күнге күйген қызыл жартастар, уақыттың өзі қашап жасағандай каньондар. Артық ештеңе жоқ жұлдызды түн. Тек құлақты тұндыратын, мызғымас тыныштық – оны сөзбен де, оймен де бұзу мүмкін емес. Осы табиғаттың шынайылығының алдында айналамызда қаншама артық нәрсе бар екені кенеттен айқын болады. Қаншама бос әурешілікті қозғалыс деп, қаншама сөзді мағына деп қабылдаймыз. Вади-Рам шөлі маған бір нәрсені еске салды: сұлулық күш салуды қажет етпейді.

Өткен жазды Камчаткада өткіздік – бұл шынымен де әлемнің шегі. Географиялық тұрғыдан – шығыс, эмоционалдық тұрғыдан – шеткі нүкте. Осы шексіз кеңістіктің ортасында тұрып, бір нәрсені түсінесің: бұл табиғаттың еш боямасыз, бар болмысымен ашылған жері. Ең алдымен таң қалдыратыны – ауасы, онда тұздың, жанартау күлінің иісі және Тынық мұхитының ызғарлы тынысы сезіледі. Табиғаты қайшылыққа толы: тундра, ормандар, жартастар, гейзерлер, қара жағажай, мұхит – мұнда бәрі бір-бірімен байланысты, бірақ сонымен бірге бөлек-бөлек. 300-ден астам жанартау барлық нәрседен биік тұр, олардың айбынды сұлбалары барлық жерден көрінеді. Мұнда бейберекет болып көрінетін нәрсе – шын мәнінде, бір рет көргеннен кейін ешқашан бұрынғыдай бола алмайтын ерекше бір тәртіп.

Болашақтағы жоспарда қандай қалалар мен елдер бар?

Жылдар өте бәрін көріп үлгеруге деген қажеттілік жоғалады, бәрін білуге ұмтылу тереңдікті алмастыра алмайтынын ұғасың. Оның орнына басқа нәрсе пайда болады: тіршіліктің қалыпты ағысы басқа арнаға бұрылатын мекендерге деген түсініксіз бір тартылыс. Олар: Патагония, Антарктида, Перу, Бутан. Бұл – реттіліктің маңызы жоғалатын сирек жерлер.

Темы