IMAGE Фото: Эрик Туркебаев

Саяхатшы Эрик Туркебаев Қырғызстандағы Эшенкөлге жасаған сапарының ең қиын сәттері туралы баяндайды

Эшенкөл – Қырғызстанның Жалал-Абад облысында, теңіз деңгейінен 3400 метр биіктікте орналасқан көл. Оған жету үшін алты сағаттай талмай жүру керек, бұл кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ауа температурасының кенет өзгеруі мен тік тау беткейлері – Эрик Туркебаев пен оның жеті адамнан тұратын тобы кездескен қиындықтардың ең жеңілі ғана. Алайда, барлық қиындыққа қарамастан, бұл сапар тәжірибелі саяхатшының ең сүйікті саяхаттарының біріне айналды. Жақында Эрик «жаның ән салып, жүрегің сұлулықтан тоқтап қалатын» сол жерге қайта оралуды жоспарлап отыр. Ал әзірге ол 2024 жылдың тамызында өткен алғашқы сапарын ерекше жылулықпен еске алады.

Tatler Asia

Энтузиастар тобын басқарған Эрик барлық қажетті құрал-жабдықты жинап, таңсәріде Алматыдан жолға шықты. Күні бойы жол жүргендіктен, олар Чатқал ауданына жеткен бойда лагерь құрып, кешкі астарын ішіп, ұйқыға кетті. Алда оларды көлге дейінгі 28 шақырымдық жол күтіп жатты.

Tatler Asia
Tatler Asia

Тынығып, күш жинаған олар межелі жерге тез жетті. Адам көзінен таса, тау жоталарымен қоршалған көл қалың орманның ішінде жасырынып жатқандай еді. Өкінішке орай, биіктік пен ауа райының қолайсыздығына байланысты саяхатшылар бұл жерде ұзақ тұрақтай алмады. Олар көріністі тамашалап, естелікке талай сурет жасап, шабыттанып лагерьге оралды. Онда оларды жергілікті сатушылардан сатып алған шырынды қарбыз күтіп тұрды.

Күні бойы жинаған жақсы әсерден кейін Эрик пен оның командасы үйге қайтуды жоспарлай бастады. Бірақ табиғаттың өз жоспары бар болып шықты: кері қайтар жол нағыз төзімділік сынағына айналды.

Tatler Asia
Tatler Asia

Түні бойы жауған жаңбыр топырақ жолды батпаққа айналдырды. Дегенмен, елсіз мекенде қалуға болмайтындықтан, туристер бірден жолға шықты. Көлік бір шақырым да жүріп үлгермеді: оны тура жолға шығаруға тырысқан сайын, ол жарға қарай сырғи берді. Оның үстіне, олар өздерінің неміс көршілерінің жолын бөгеп тастады. Команда бар күшімен көлікті орнынан қозғалтуға тырысып жатқанда, Эрик көмек іздеуге бел буды. Ол 11 шақырымдай жүргенде, қытай компаниясының алтын кенішіне тап болды. Жұмысшылар оған сигнал ұстау үшін жақын маңдағы төбеге көтерілуге кеңес берді, бірақ бұл әрекеттен нәтиже шықпады. Эрик Чатқал ауданының даласында адасып жүргенде, оның серіктері қалған азық-түлікті тауысып, заттарын жинап, жақын маңдағы елді мекенге қарай жаяу аттанған еді. Эрик оларға қарай келе жатып, өзен жағасында мал бағып жүрген шопандарды кездестірді. Көмек күтудің бекер екені белгілі болды – бұл жерге көліктер келмейді екен. Бірақ малшылар туристерді «Спринтермен» алып кетуге уәде беріп, олар көңілдері орнына түсіп, күте бастады.

Tatler Asia
Tatler Asia

Әдеттегі микроавтобустың орнына мал таситын көлік келгенде, Эриктің таңғалғанын сөзбен жеткізу қиын. Қыздарды жүргізушінің кабинасына, ал жігіттерді не болып жатқанын түсінбеген қойлардың арсына, кузовқа отырғызды. Осылайша, он шақты қойдың ортасында саяхатшылар ақыры елді мекенге жетті. Бұл үш күн ауыр әрі оқиғаға толы болды, бірақ команданың әрбір мүшесінің жанында мәңгілік із қалдырды: «Біз өз жағдайымыздың қаншалықты қауіпті екенін толық сезінбестен, қиын жолды бастан өткердік. Бұл – табиғаттың тұтқынына түсіп, бастан-аяқ табиғаттың иісі сіңіп, үйге оралған сегіз саяхатшының оқиғасы».

Темы