Бұл аудиоэкспедицияда музыкаға тыныштық, жаңғырық және табиғаттың өз үні қосылып, ерекше атмосфера тудырады
31 тамызда Шарын шатқалында дыбыстың табиғатпен біте қайнасатын алғашқы ŞUAQ аудиоэкспедициясы өтеді. TOLK студиясы мен Chaikhana ұйымдастырған, Qazaq National Parks қолдауымен өтетін Sonic Journey форматындағы бұл іс-шара музыка, тыныштық және табиғатты біріктіреді. Екі сахнада музыканың әртүрлі бағыттары ұсынылады: Surface – эмбиент; DIY – электроника және медитацияға арналған музыка (Darya Spivakova, milkteacentral, klad mineralov, yourfriendkas); Strata – шатқалдың ішінде, тек құлаққаппен ғана тыңдауға болатын винил және диджей-сеттер (Ayacantstop, Xyarim, Hochifun, Swagokat, Saida Sova, Camcornetto). Ал таң шапағымен бірге ерекше сәт – Sonic Sessions басталады. Бұл кезде барлық музыка тоқтап, қатысушылар таңды шатқалдың тылсым тыныштығында қарсы алады.
Қонақтарды жұлдызды аспан астындағы кемпинг және таңғы сәуленің жартастардың түсін құбылтатын ғажайып көрінісі күтеді. Ұйымдастырушылар экологиялық тазалыққа ерекше назар аударған: «өзіңмен бірге әкелгенді, өзіңмен бірге алып кету» (pack in – pack out) форматы және жергілікті қауымдастықпен бірігу. Қатысушылар үшін кемпинг жабдықтарына жеңілдік қарастырылған.