Билл Гейтс бастамасымен әйелдер денсаулығын зерттеуге бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Сол туралы баяндаймыз
2030 жылға қарай Билл Гейтстің қоры әйелдер денсаулығын зерттеуге 2,5 миллиард доллар бөледі. Бұған дейін миллиардер өз байлығын полиомиелитпен, безгекпен, балалар өлім-жітімімен және жаһандық кедейлікпен күресуге жұмсауды жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын. Оның болжамы бойынша, 200 миллиард доллар көлеміндегі қаражат 2045 жылдың соңына дейін толықтай жұмсалады.
«Әйелдер денсаулығы әлі күнге дейін елеусіз қалып, жеткіліксіз қаржыландырылып, назардан тыс қалып отыр. Тым көп әйел алдын алуға болатын себептерден көз жұмып немесе денсаулығының нашарлығынан зардап шегуде. Бұл жағдай өзгеруі тиіс», – деп атап өтті Гейтс өз мәлімдемесінде. Қор бес негізгі бағытты зерттеумен айналысады: акушерлік көмек және аналарды иммундау, ана денсаулығы мен тамақтануы, гинекологиялық және етеккір денсаулығы, контрацепцияның инновациялық құралдары және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар.
«Бізде тіпті ең қарапайым сұрақтардың өзіне жауап жоқ. Егер сіз арнайы әдебиеттерді оқитын болсаңыз, бүкіл тарихта небәрі он-ақ әйелдің денсаулығы зерттелген шығар деген ойға келесіз», – деп қосты қордың гендерлік теңдік бөлімінің басшысы Анита Заиди.