e.l.f., DraftKings және басқа да компаниялар мысалында атақты жандардың нарықты қалай шайқалтатынын OnInvest сараптамасынан оқи отырыңыз.
Соңғы жылдары шоу-бизнес өкілдері тек жарнама кампанияларында бой көрсетіп қана қоймай, енді бизнеске тікелей араласып жүр: акциялар иеленіп, бренд құрып, компанияның тең құрылтайшысына айналып жатыр. Олар араласқан жерде инвесторлар тарабынан қызығушылық еселеп артып, акциялардың бағасы әп-сәтте аспандайтыны тағы бар. Десе де танымал адамдардың бизнестің дамуына әсері қаншалықты ұзаққа созылады? Әйгілі есімдерге сеніп, тұрақты табыс табуға бола ма? Oninvest басылымы талдауын оқып шығыңыз.
2024 жылдың мамырында америкалық e.l.f. Beauty компаниясы танымал Rhode косметика брендін сатып алатынын хабарлады. Бұл марканы Хейли Бибер – актер Стивен Болдуиннің қызы әрі Джастин Бибердің жары құрған. Мәміле сомасы – 1 миллиард доллар, оның 800 миллионы бірден төленсе, қалған бөлігі сатылым өсіміне байланысты беріледі.
Жаңалық жариялана салысымен, e.l.f. Beauty акциялары 24%-ға өсіп, $111,24 деген межеге жетті. Қаржы институттары да жылдам әрекет етті: кемінде төрт инвестициялық компания өз болжамдарын жаңартты. Мысалы, Jefferies мақсатты бағаны бірден 53%-ға көтеріп, $115 деп бекітті, ал Baird аса батыл болжам жасап, бір акцияға $145 қойды.
Танымал есім – нарықтың өсіруші күші бола ала ма?
e.l.f. Beauty кейсі – трендке дәлел бір ғана мысал. 12 мамырда көміртекті бейтарап майнингімен айналысатын Gryphon Digital Mining компаниясы American Bitcoin-мен бірігетінін жариялады. Былай қарағанда, кәдімгі корпоративтік мәміле. Бірақ бір деталь бәрін өзгертті: құрылтайшылар Эрик Трамп пен кіші Дональд Трамп болды. Жігіттердің тегі сиқырлы таяқша іспетті әсер етті, акциялар 173%-ға өсті.
Дәл осындай сценарийді KindlyMD медициналық клиникалар желісі де қайталады. Опиоидқа тәуелді пациенттермен жұмыс істейтін бұл компания криптосаладағы Nakamoto Holdings жобасымен серіктестік орнатқанын мәлімдеді. Жобаның негізін қалаушы – Трамптың «криптокеңесшісі» атанған Дэвид Бейли. Бұған нарық реакциясы акция бағасының 250%-ға көтерілуінен көрініс тапты.
Ал желтоқсанда PSQ Holdings (патриоттық Public Square маркетплейсінің иесі) директорлар кеңесіне жаңа мүше қосқанын хабарлады. Мұнда да кіші Дональд Трамп төбе көрсеткен. Бір ғана мәлімдеме компания акцияларын 270%-ға қымбаттатты.
Танымал адамның игілігін көрген тағы бір бренд – Byrna Technologies. Ол адам өмірін қимайтын қару шығарады. Бұл компанияны Дональд Трамптың келіні Лара Трамп, танымал журналист Мегин Келли және саясаткер-жазушы Чарли Кирк белсенді түрде насихаттап жүр. Олар акционер болмаса да, брендті кең аудиторияға танытуда үлкен рөл атқарады.
Мұндай қолдаудың арқасында Byrna сатылым мен пайда көлемін еселеді. Соңғы бір жыл ішінде компания акцияларының бағасы 155%-ға өсті.
