InClover топтамасы Ғазиза Шабдарбаеваның бала күнгі сүйікті кейіпкері – Мұз патшайымына арналған
Париждегі сән апталығы қызып жатқан шақта InClover бренді «Мұз патшайымы» (Ice Queen) атты топтамасының тұсауын кесті. Бұл – Мұз патшайымы туралы қысқы ертегіден туған дизайнерлік қиял. Сәнгер Ғазиза Шабдарбаеваның балалық арманы аяз бен нәзік биліктің көз тартарлық көрінісіне айналыпты.
«Мен үшін Мұз патшайымы – нағыз ару, ертегідегі сән падишасы іспетті», – дейді Ғазизаның өзі.
Париждің қақ жазғы аптабында бұл топтаманың соншалықты жаныңды сергітіп, сая табатындай әсер қалдырғаны таңғаларлық. Подиумға шыққан арулардың көйлектері айнадай шағылысқан мұз айдынындай жалтырады. Арулардың келбетіне сүңгідей қатқан мұз тәждер мен мұзға қамалған жүрек пішінді әшекейлер ерекше көрік беріп тұрды. Қоңыр түсті жылтырақ тастармен безендіріліп, жеңіл тормен оранған бір киім үлгісі алғашқы қырау басқан тоң жерді елестетті.
Топтамадағы түстер де әдейі «қысқы емес» етіп таңдалған: қызғылт, сұр, қоңыр. Қардың орнына – жаңбыр, қыраудың орнына – мөлдір тастар. Кесте, моншақ, шыны әшекейлердің бәрі қолдан, асқан ұқыптылықпен және зор сүйіспеншілікпен жасалған. Осынау мұз салтанаты, ызғарлы жылтыр, жарқыраған тор мата мен тоңазыған әшекейлердің бәрі кенеттен қысты аңсатып, сағыныш сезімін оятқандай болды.