Maison Margiela өзінің басты құндылығы – құпиялылықтан бас тартып, жаңа амбассадор ретінде Майли Сайрусты таңдауы нені білдіреді?
Maison Margiela сән әлемінде әрқашан ерекше орынға ие болатын. Оның негізі 1988 жылы қаланған сәттен бастап, басты назар киімнің өзіне, яғни таза дизайнға аударылды. Модельдердің жүзі бетпердемен жасырылып, ал негізін қалаушы Мартин Маржеланың өзі ешқашан көпшілік алдына шықпай, «көрінбейтін» тұлға болып қала берді. Дәл осы құпиялылық брендті аңызға айналдырды.
Алайда, Гленн Мартенс креативті директор болып келгенде, бұл қағидалар өзгерді. Ол «елес-бренд» туралы аңызды жойып, Margiela-ны поп-мәдениеттің ортасына шығаруды көздеді. Нәтижесінде, бренд тарихында тұңғыш рет ресми амбассадор пайда болды. Ол – брендтің бұрынғы тыныштық пен көзге түспеу философиясынан мүлде алшақ, танымал әнші Майли Сайрус. 2025 жылғы күзгі-қысқы топтаманың жарнамалық науқанын Паоло Роверси түсірген.
Шын мәнінде, бұл өзгеріс Мартин 2009 жылы кеткеннен кейін-ақ басталған еді. Бренд H&M, Dr. Martens, Christian Louboutin сияқты алпауыттармен бітпейтін коллаборацияларға кірісіп, өз бірегейлігінен айырыла бастады. Кейіннен Line 2 желісінің пайда болуы өнердің маркетингке қызмет ете бастағанын көрсетті. Ал Майли Сайрус қатысқан бұл жарнамалық науқан – Margiela-ның бүлікшіл эстетикасының табытына қағылған соңғы шегесі болды. Осының бәрінің астарындағы жалғыз мақсат: атақты таби бәтеңкесін бұқараға көбірек сату.



