Carmina Burana балет-кантатасы, Şien электронды музыка фестивалі, Comic Con Astana, Almaty Bar Shift және тағы басқалар
Жаздың жартысы өтіп кетті деп қамығуға асықпаңыз, себебі шілде айы Алматы мен Астанада қызықты оқиғаларға толы болмақ. Дания, Германия, Ұлыбритания, БАӘ және басқа да елдерден келетін диджейлердің өнер көрсетуі, әлемнің үздік барларынан бартендерлердің қонақ кезекшіліктері, сән мен өнер туралы лекциялар, театрлық қойылымдар, жергілікті брендтердің маркеттері, голливуд актерлерімен және танымал блогерлермен фан-кездесулер, сондай-ақ ашық аспан астындағы атмосфералық фестивальдер – осының бәрі сізді күтеді.
«Әйелдер еңбегі» көрмесі
Күні: 3–10 шілде
Алматыдағы Efes Art Space арт-кеңістігі әйелдердің түрлі саладағы еңбегін лайықты бағалауға арналған көрменің өтетін алаңына айналды. Жоба әділдік пен теңдік тақырыптарын қозғап, бүкіл әлемдегі әйелдер үшін адал және тең еңбек жағдайларына қол жеткізудің маңыздылығын еске салады. Көрме кураторы – Оля Веселова.
Mama Snake қатысуымен техно-рейв
Күні: 4 шілде (Астана), 5 шілде (Алматы)
Астаналық Skvôt және алматылық Asylum клубтарында Копенгагеннен келетін диджей және Amniote Editions лейблінің негізін қалаушы Mama Snake-тің қатысуымен рейв кештер өтеді. Оның сеттері – техно, транс және эмбиент жанрларының қоспасы. Сондай-ақ, сахнада жергілікті диджейлер өнер көрсетпек: WSPCOODIE, Mark Redlights, Yankovskiy, Appolla, Tangbosh, Baell, Saida Sova, Milktea, Edigee және Zbignew.