IMAGE «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix

«Кальмар ойыны» авторлары әлеуметтік сатираны онжылдықтың басты шоуына қалай айналдырғанын талдаймыз. Ескерту: шоудың алдыңғы маусымдарына қатысты спойлерлер бар

Экшен, жаппай кісі өлтіру, аяусыз таптық теңсіздік, ақша және тағы да ақша. «Кальмар ойыны» сериалы Оңтүстік Корея триллерлерінде біз сүйетін барлық нәрселерді жинағандай. Оған Netflix-тің ауқымын, танымал актерлерді және қателіктің құны – өлім болатын балалар ойыны форматын қосыңыз. Нәтижесінде – онжылдықтың ең танымал шоуларының бірі. Бірінші маусым небәрі бір айдың ішінде бір жарым миллиард сағаттық көрілім жинады. Үш жылдан соң, 2024 жылы, «Кальмар ойынының» екінші маусымы Netflix-тің «Бриджертондар», «Өте оғаш оқиғалар» және тіпті «Уэнздей» сынды барлық ірі релиздерін басып озды. Ал ертең «Кальмар ойынының» финалдық маусымы шықпақ.

Режиссер әрі сценарист Хван Дон Хёктың өмір үшін күрес туралы авторлық оқиғасы қалай және неліктен әлемдік феноменге айналды? Сериал антиутопия жанрын қалай байытты және жаңа маусымнан не күтуге болады?

Оңтүстік Корея капитализмі

«Мен қазіргі капиталистік қоғам туралы, бәріміз бастан кешіп жатқан шектен тыс бәсекелестікті көрсететін тәмсіл-оқиға жасағым келді», – деп түсіндірді Хван Дон Хёк. Бұл идея оған 2008 жылы, Ұлы рецессияның шарықтау шегінде келген. Бірақ жобаны тек 2019 жылы, Netflix әлемнің түкпір-түкпіріндегі жергілікті жобаларды белсенді түрде қолдай бастаған кезде ғана жүзеге асыру мүмкін болды.

Дон Хёк-тың бұл идеясы он жыл бойы сандықта жатуына қарамастан, «Кальмар ойыны» бүгінгі күні де өзекті болып шықты. Кез келген мықты тәмсіл сияқты, ол уақыт сынына төтеп берді. Оңтүстік Корея – «табысқа тек таңдаулылар ғана жетеді» деген капиталистік сенім мен тоқтаусыз еңбекке негізделген өнімділікке табынудың айқын көрінісі. Бұл елде антиутопия қиял емес, күнделікті көрініске айналған жағдай. «Аштық ойындары» мен «Blade Runner» антиутопиясы алыс фантастикалық болашақта орын алса, «Кальмар ойынындағы» трагедияның шындыққа өте жақын екендігі  адамның үрейін тудырады.

Tatler Asia
IMAGE «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix

Оңтүстік Кореяны жиі табысты экспорттық экономиканың үлгісі санайды. Себебі бұл ел озық медицина, қарқынды урбанизация, электроника, автомобиль жасау және ойын-сауық индустриясы сияқты салаларда зор жетістікке жеткен. Табиғи ресурсы, яғни «мұнай жастығы» жоқ ел жоғары технологиялар мен инновацияларға бәс тікті. Алайда, таңғаларлық жетістіктердің артында алаңдатарлық сандар жасырылып тұр: әлемдегі ең жоғары суицид көрсеткіштерінің бірі, өсіп келе жатқан қарыз жүктемесі, орта таптың жойылуы. «Кальмар ойыны» дәл осы шындықты бейнелейді.

Мұндағы қайнаған Сеул тігінен бөлінген: артықшылықтарға ие және табысты адамдар зәулім үйлерде тұрса, қалғандары төмен ақылы жұмыстармен күн көріп, тар жертөлелерде бас сауғалайды. Осы орайда «Паразиттер» фильміндегі Ким отбасының пәтері еске түседі.

Сериалда жаһанданған әлемдегі неоколониализм тақырыбы да көтеріледі. Ойынға қатысушылар – Корея мен Азияның басқа елдерінен жиналған қарапайым жұмысшылар. Ал олардың өмірін бәске тігіп, тамашалап отырғандар – маска таққан, ағылшынша әсірелеп сөйлейтін батыстық бай демеушілер. Олар әйелдерді «тірі жиһаз» ретінде пайдаланып, арнайы бөлмеде отырады.

Tatler Asia
IMAGE «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix

Символдар сыры мен жанрлар тоғысы

Бұл «тік бағытты» әлеуметтік құрылым идеясы сериалдың барлық элементінен көрініс табады. Әсіресе, бұл көркемдік директор Чхэ Гён Сонның шеберлігінің арқасында сет-дизайнда айқын байқалады. Қатысушылар тұратын кеңістік құмырсқа илеуін еске түсіреді: кереуеттер бір-бірінің үстіне қабат-қабат орналасқан. Ойыншылар үнемі жоғарыға, төбеде ілулі тұрған шошқа пішінді ақша қоржынына үмітпен қарайды. Әрбір қатысушы өлген сайын, бұл қоржын ақшаға толып, билік және өмірдің символына, яғни өзіндік бірге «күнге» айналады.

Бұл «күн» алдамшы үміт сыйлайды: тек тырысып, мықты жақтарыңды ашсаң болғаны, жоғарыға жол ашылатын сияқты. Кейбірі бұл жолға бұрынғы үздік оқушы Чхве Сан У секілді суық есеппен келсе, енді бірі бірінші маусымдағы бандиттер сияқты дөрекі күшке сенеді. Екінші маусымдағы бақсы тәрізді харизмасы мен сендіру қабілетіне сенім артатындар да бар. Бірақ бұл жүйеде бәрін тек соқыр сәттілік шешеді. Сұрақ сол күйі қалып тұр: құмырсқаны жеңімпаз деп атауға бола ма?

Tatler Asia
IMAGE «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix
Tatler Asia

Қатысушылар ойындар арасында жүретін лабиринттер голландиялық сюрреалист Мауриц Эшердің «Салыстырмалылық» картинасын еске түсіреді. Эшердің гравюрасындағыдай шексіз баспалдақтар мен ақылға сыймайтын өткелдер – әлеуметтік сатымен жоғарылау мүмкіндігінің абсурдты символына айналады. Кейіпкерлер жоғарыға, бостандыққа көтерілуге тырысады, бірақ бұл иллюзия ғана. Жоғарыға бағытталған бұл жолдың өзі – жүйенің ажырамас бөлігіне айналған тұзақ. Ережелерді жоғарыда отырғандар белгілеп, ойын сол күйі жалғаса береді. Мүмкін, сондықтан да екінші маусымдағы ойыншылардың көтеріліс сахнасы дәл осы жерде орын алады.

Бұл «тік бағыт» метафорасы ойындардың өзінде де жалғасын табады. Мәселен, арқан тарту немесе шыны көпір сынақтарында жеңілгендер төменге, яғни өлім құшағына, ал аман қалғандар жоғарыға, келесі кезеңге өтеді. «Қызыл шам, жасыл шам» ойынындағы алып Ён Хи қуыршағының өзі ойыншылардың үстінен құдайдай төніп тұрады. Үшінші маусымда оған Чхоль Су есімді жаңа кейіпкер қосылмақ. Олар бірге тар рельстердің үстінде тұрып, үлкен секіртпекті айналдырады. Ойыншылардың міндеті – тұңғиыққа құлап кетпес үшін, айналған жіптен уақытында секіріп өту.

Tatler Asia
IMAGE «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix

Хван Дон Хёк өз туындысында көптеген танымал мәдени туындыларға сілтеме жасап, оларды шебер пайдаланады. Өмір үшін ойналатын қатыгез ойындар идеясы жапондық «Battle Royale» кітабынан алынғанымен, мұнда мектеп оқушыларының орнын «Кайдзи» анимесіндегідей ашкөз байларға тәуелді болған шарасыз ересектер басқан. Ал «Liar Game» анимесінен алынған психологиялық тұзақтары бар қарапайым ойындар кейіпкерлердің ішкі әлемін тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Тіпті «Матрицадағы» таңдау идеясы да бар: тыныш бейхабарлықты білдіретін көк түс пен қатыгез шындықты білдіретін қызыл түс. Осы таңдау идеясының өзі символдық мәнге ие болып, алғашқы серияда-ақ рекрутер ұсынған көк және қызыл түсті ттакчи қағаздарынан басталады. Ойыншылардың киімі де осы принципке негізделген: «көктер» – жүйеден құтыламын деп үміттенсе, «қызылдар» – ойынды жалғастырып, сол жүйенің қызметшісіне айналуға келісім бергендер.

Tatler Asia
IMAGE «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix
Tatler Asia

Корея жұлдыздарының шеруі

«Кальмар ойынының» феномені оның тек сюжетінде ғана емес, сондай-ақ «корей толқынының» ең жарқын жұлдыздарын жинаған актерлік құрамында жатыр. Бірінші маусым Ли Джон Джэнің карьерасына жаңа дем беріп, модель Чон Хо Ёнға әлемдік танымалдылық сыйлады. Тіпті эпизодтық рөлдерге Гон Ю (рекрутер) мен Ли Бён Хон (Фронтмен) сияқты майталмандардың шақырылуының өзі жобаның ауқымын көрсетті.

Бірінші маусымның зор жетістігінен кейін екінші маусымның кастингіне Оңтүстік Кореяның ең танымал актерлері түгел келгендей әсер қалдырды. Нәтижесінде жобаға Big Bang тобынан T.O.P, «The Glory» сериалы арқылы танылған Пак Сон Хун және Пак Гю Ён сияқты жаңа буын жұлдыздары қосылды. Пак Сон Хун бұл жолы әйел адамның рөлін сомдаса, Пак Гю Ённың 011-ші Күзетші кейіпкері Чон Хо Ённың сабырлы да тапқыр босқын қызын еске салды. Әсіресе к-поп айдолы Чо Юридің дебюті есте қалды: сахнадағы сүйкімді әрі назды қыз сериалда мінезді әрі харизматикалық кейіпкерге айналды.

Алайда, екінші маусымдағы актерлік құрамның толықтай жаңаруы мен жаңа кейіпкерлердің көптігі сынға ұшырады. Көпшілік мұны сюжетті бақылауға кедергі келтіріп, негізгі оқиғадан назар аударды деп есептеді. Бұл «аман қалу ойындары» жанрының кемшілігі болар. Дегенмен, үшінші маусым оқиғалары ашылмай қалған кейіпкерлерге көбірек көңіл бөлуге уәде береді.

Tatler Asia
IMAGE Чо Юри, «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix
Tatler Asia
IMAGE Пак Сон Хун, «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix
Tatler Asia
IMAGE Ли Джон Джэ, «Кальмар ойыны» телехикаясынан кадр | Netflix
Tatler Asia
IMAGE Чон Хо-ён, «Кальмар ойыны» сериясынан әлі | Netflix

Үшінші маусымнан не күтеміз?

Екінші маусымның финалындағы сәтсіз көтеріліс үшінші маусымның негізгі шиеленісін анықтайды. Достарының өлімі мен сатқындықтан күйреген Ги Хун енді жүйені ішінен жою үшін ойынға қайта оралады. Оған қарсы Фронтмен де өз қадамын дайындауда. Олардың текетіресі – жай ғана екі адамның емес, жақсылық пен жамандықтың, әлсіз бен күштінің, кедей мен байдың, тірі адам мен жүйенің бет-бейнесіз машинасының арасындағы күрестің шешімі болмақ. Бірақ бұл күресте үмітке орын бар ма?

Автор Хван Дон Хёктың айтуынша – иә. «Қатысушылар шарасыздыққа, қорқыныш пен азапқа толығымен батқандай көрінген кезде де, адамгершілігін жоғалтпайтындар әрқашан табылады. Менің мақсатым – үміт отын жағу», – дейді ол.

Бәлкім, біз жүйе алдында дәрменсіз шығармыз, бірақ оған деген наразылығымызды айтуға ешкім тыйым сала алмайды.

Темы