Қазақстандық «Жезтырнақ» хоррор-комедиясы халықаралық кинофестивальдердегі жеңісті жолын жалғастыруда
Режиссер Анвар Матжановтың «Жезтырнақ» картинасы тағы бір халықаралық белесті бағындырды. Бұл жолы ол Ұлыбританиядағы ең ірі хоррор-жанр фестивальдерінің бірі – Birmingham Horror Film Festival & Convention-да «Best Score» (Үздік музыка) марапатын жеңіп алды. Композитор Абай Ақбаевтың қазақтың этникалық сарындарын шебер қолдана отырып жазған бірегей музыкасы көрерменге ерекше эмоционалды әсер қалдырғаны үшін жоғары бағаланды.
«Бұл – тек фильмнің ғана емес, бүкіл қазақстандық музыканың жеңісі. Халықаралық қауымдастықтың біздің мәдени бірегейлігімізді естіп, бағалағаны біз үшін өте маңызды. Бұл марапат – қазақ музыкасының фольклорымыздың атмосферасын, мінезін және тылсым күшін жеткізе алатын заманауи тіл бола алатынын мойындау», – деп атап өтті Clover Street Production бас директоры Валерия Карабан.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін фильм Канадада өткен The Bloody Horror International Film Festival-де «Horror-Mystery Feature Film» санатында бас жүлдені иеленіп, Жапониядағы Karatsu International Film Festival бағдарламасында да көрсетілді. Сол фестивальде актер Есентай Ниязбаев «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясында жеңіске жеткен еді.