All Folk жобасының бірінші маусымы қазақтың шертпе күй дәстүрінің шеберлеріне арналған
Кейде барлығы бір сәтте тоғысады. Режиссер Арнай Ормаш үшін сондай сәт Қаратауға жасаған сапары болды. Ол халық музыкасы туралы жоба идеясын көптен бері ойында пісіріп жүрген еді, дәл сол жерде бәрі сәтімен келді: орын, уақыт және адамдар. Осылайша, PBC worldwide (музыка, мәдениет және визуалды медиаға деген ортақ қызығушылық біріктіретін, тәуелсіз мәдени және деректі жобалармен жұмыс істейтін халықаралық шығармашылық ұжым. – Tatler) командасындағы энтузиастар қолға алған, тірі музыкалық мұра туралы тәуелсіз жоба – All Folk дүниеге келді.
«Деннис Кин ағасы Палмер екеуімен бірге Қаратауға күй жазуға баруды ұсынғанда, менде идея мен атау дайын тұр еді», – деп еске алады Арнай.
Жобаның бірінші маусымына шертпе дәстүрін жалғастырушылар қатысты. Олардың кейбірі – Сүгір Әлиұлы, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сияқты әйгілі күйшілердің ұрпақтары. Тіпті соңғысының немересі жоба үшін арнайы күй шертті. Жергілікті тұрғындар таудағы локацияларды табуға көмектесіп, түсірілімнің шынайы әрі атмосфералық болуына жағдай жасады. Сапардан оралған соң, іске Арнайдың достары қосылды: режиссер әрі креативті директор Медет Шаяхметов, дизайнер Төлеген Сағымбай және дыбыс инженері Николай Сербин. «Төлегеннің жобаның философиясы мен идеясын ашуға деген ұмтылысы мені таңғалдырды. Логотиптің мұншама көп нобайын мен ешқашан көрген емеспін», – дейді Арнай.
Халық музыкасы – бұл мәдени мұра және адамзат тарихының бір бөлігі. Ол бір жағынан мәңгілік, екінші жағынан өте нәзік дүние. «All Folk фольклорды сақтап, оны жаңа аудитория үшін қайта ашуға көмектеседі деп сенемін. Музыка арқылы, оқиғалар арқылы, бейнелер арқылы. Дәстүрді жалғастырушылармен сұхбат ескі туралы жаңа нәрсе білуге және өткеннің бүгінгі күнде қалай үн қататынын естуге мүмкіндік береді», – дейді Арнай.
Қазір команда All Folk жобасының екінші маусымын дайындап жатыр, бұл жолы Қазақстаннан тыс жерде. Бірақ мәдениетке деген сол ықылас пен музыканың күшіне деген сенім өзгеріссіз қалмақ.