Бұл мақалада біз Хармони Кориннің өмірі мен шығармашылығына үңіліп, жаңа жобалары жайлы әңгімелейміз.
Хармони Корин – америкалық режиссер әрі сценарист. Ол режиссер Вернер Херцогпен, фотограф Ларри Кларкпен және скейтборд шебері Марк Гонзалеспен дос. Корин – Gummo (1997), Julien Donkey-Boy (1999), The Beach Bum (2019), Spring Breakers (2012) фильмдерінің авторы. Сонымен қатар Sonic Youth пен Рианнаға бейнебаяндар түсірген, Gucci мен Dior-дың жарнамалық роликтерін қойған, Бьорк пен Лана Дель Рейдің әндеріне мәтін жазуға да қатысқан.
Оның өмірі – бір жағынан жарқын, бір жағынан түнерген тұңғиық. Бір кездері Хлоя Севиньи есімді актрисамен көңіл қосса, тағы бір жолы есірткіге тәуелділікпен күресті, екі рет үйінен айырылды, түрлі кинофестивальдерде жүлде алды, үш баланың әкесі атанды. Қазір өз шығармашылық платформасы EDGLRD арқылы жаңа тыныс алғандай. Осы платформа аясында түсірілген жұмыстары интернетте «брейнрот» деп аталып жүр, яғни мазмұны күмәнді, сапасы төмен дүние. Бірақ бұл расында да ойды шірітетін мазмұн ба, әлде бүгінгі жастар өмірінің шынайы көрінісі ме, осыны түсініп көргіміз келді.
Хармони Корин туралы
Хармони бала күнінен киноға құмар болған. Нэшвиллдегі мектепте оқып жүргенде қолына камера алып, алғашқы түсірілімдерін бастаған. Жан-Люк Годар, Вернер Херцог пен Райнер Фассбиндер сияқты режиссерлердің туындыларын сүйіп көретін. Әкесімен бірге цирк пен жәрмеңкелерге жиі барып, сол ортадағы түрлі адамды – самогоншылар, өгізге мініп жарысатын балалар жайлы деректі фильм түсіріп жүрген әкесінің арқасында өмірдің түрлі бояуларына ерте қаныққан.
