Red flags пен healing era-ларға неге әуеспіз? Жауапты онлайн психологияға арналған Harmonia.kz платформасының негізін қалаушы Анастасия Туканова баян етеді.
Біз бүгінде жай ғана интернетте өмір сүріп жүрген жоқпыз. Өзіміз де интернетке айналып кеттік. Мемдер — өміріміздің айнасы, TikTok — күнделік, стористер — тегін топтық терапия. «I can fix him» не «Delulu is the solulu» дегенді естігенде, миллениалдар мен зумерлер бас изеп, телефоннан көз алмайды. Бұл — жай әзіл емес, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдерімізді бастан кешудің тәсілі. Осылайша біз жалғыздықты, шаршауды, мазасыздықты және біреу мені естісінші деген талпынысты... бар болғаны 15 секундта бұрқ еткіземіз.
Анастасия Туканова — сенімді психологтермен бейнесессиялар ұсынатын Harmonia.kz онлайн-сервисінің негізін қалаушы. Ол бала күнінен «эмоция — әлсіздік емес, бағыттаушы құрал» деген ұстаныммен өскен. Анасы — 30 жылдық тәжірибесі бар психиатр, «жылама» деудің орнына «мұңайсаң — жыла, бұл — сенің құқығың» дейтін. Harmonia.kz идеясы да дәл осындай ортадан шыққан. Әр адам шынайы, айыптаусыз қабылдануға лайық дегенді ұран етеді.
Біз Анастасиядан осы күндері танымал интернет-мемдер неге сонша әсерлі екенін және адамдар неге сезімін әзіл мен TikTok шымылдығының артына жасыратынын сұрадық.

I can fix him — неге біздің құтқарғымыз келіп тұрады?
«I can fix him» («Мен оны түзете аламын») мемі — махаббат өзгертеді деген сенім жайлы. Әсіресе ішкі жарасы бар, салқынқанды немесе тұйық ер адамдарды түзетуге, жақсы жаққа өзгертуге деген талпыныс хақында. Мысалы, «The White Lotus» телехикаясындағы Челси мен Рик.
Миллениалдар көбіне «махаббат бәрін түзетеді» деген ертегіге сеніп өсті. Ертегілерде ханшайым міндетті түрде ханзадаға жолығады, ол тіпті Құбыжық болса да. Сондықтан бүгінгі күні жалғыз болу сәтсіздікпен тең. Осылайша құтқару операциясын бастап кетеміз. Бірақ біреудің өмірі мен жарасын иығымызға артқанда, Карпман үшбұрышына кіріп кетеміз: әуелі құтқарушы боламыз («мен сені түзетемін»), кейін — құрбан («бәрін істедім, бірақ бәрібір ауыр»), соңында — айыптаушы («сен кінәлісің»). Бұл — тұйық шеңбер. Жол біреу: басқа адам үшін жауапкершілік алуды доғару керек.
Сен біреудің тағдырын арқалап жүруге міндетті емессің. Адамды махаббат емес, еркіндік құтқарады. Өз болмысыңды сақтау — сонымен қатар өзгеге де өзінше болуға мүмкіндік беру. Психологтің көмегі осы — «мен ол үшін бәрін жасадым» дегенді «ал өзім үшін не істедім?» деген сауалға ауыстырған дұрыс.