Біз Қазақстанда жас жігіттердің неге үйленуге асықпайтынын білгіміз келді, бірақ көзге көрінбейтін бір мәселеге тап болдық
Қазір жігіттер үйленуге асықпайды. Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильміндегі 28 жастағы Тайлақ та сондай еді. Тайлақтың анасы баласының үйленбей жүргенін уайымдайтын. Төрт қыз бен кенже ұлын жалғыз өсірген ананың ендігі арманы – ұлының бақытын көру. Ал Тайлақтың үйленбей жүруіне өзіне ұнаған қызды әлі кездестірмеуі себеп. Үйленуге асықпаған Тайлақтың жолын қазір миллениалдар жалғастырып келеді. Неке – енді міндет емес, таңдау.
Жігіттер көбіне алдымен өзінің қаржы жағдайын жақсартып барып үйленеміз десе, екінші біреулері полиаморлы қарым-қатынасты таңдап, жалғыздықты саналы түрде таңдайды немесе өзіне сай жар тапқан соң ғана отбасы туралы ойлана бастайды. Мысалы, сhild-free (балалы болудан бас тарту) қозғалысы қазір бірнеше мемлекеттің демографиялық болашағына кері әсерін тигізіп жатыр. Әлем халқының шамамен 21.6%-ы баласыз өмірді таңдайды. Single by Choice (адамның өз қалауымен жалғыз болуы) тренді де неке құрмай-ақ өмір сүруге болатынын көрсетеді. Morgan Stanley зерттеуі бойынша, 25-44 жас аралығындағы әйелдердің 45%-ы 2030 жылға қарай тұрмыс құрудан мүлдем бас тартады. Бұл тенденциялар – экономикалық, гендерлік және әлеуметтік өзгерістердің нәтижесі. Жастар отбасы институты мәселесін қайта қарап, өздерінің құндылықтарына сай келетін норманы жасап жатқандай. Дегенмен үлкендер жастарды «Той қашан?» деген сұрақпен мазалауын жалғастырып келеді.
Ойымызды дәлелдеу үшін жігіттермен тікелей сөйлесуді ұйғардық, алайда бірқатар қиындықтарға тап болдық. Апталар бойы блогерлерге, жұлдыздарға, таныстарымызға жаздық. Бірі ойын ашық айтуға қымсынса, басқалары ұзақ ойланып, шешім қабылдай алмады, ал кейбіреулері әлі күнге дейін жауап берген жоқ. Тек екі жігіт қана сұрақтарымызға жауап берді.
Темірлан Даулетқалиев, кәсіпкер
«Нағыз неке тек саналы шешімнің нәтижесі деп білемін. Бұл – екі әлемнің бірігуі. Олар бір-бірі үшін өзгермейді, керісінше бірге дамып, араларындағы сенім мен құрметті арттырады. Егер жанымда мені мықты қылатын, онымен өзімді жайлы сезінетін және мені сүйетін қыз болса, онда дайынмын. Некені адам жалғыздықтан қашу үшін емес, керісінше жанындағы адаммен жаңа өмір бастау үшін құрады. Қазақстанда жиі байқайтыным, жастар қалыптасқан түсінікке сай болу үшін тезірек үйленіп кетуге тырысады. Қоғамның да қысымы бар. Бір қарт адам маған бірде «неке – өмірдегі ең маңызды таңдау» деген. Сондықтан да өз сүйгенімді кездестіріп барып үйленгім келеді. Менен «қашан үйленесің?» деп сұрағанда, оларға күліп қарап, «бәлкім, қашан екенін сіз білерсіз?» деп жауап беремін. Үйленуді адамдар белгілі бір кестеге сай атқаруы тиіс іс деп қарастыратын сияқты. Менің ойымша, бәрі өз уақытында болғаны дұрыс».
Мәди Қапанов, мұғалім, жазушы, кәсіпкер
«Некеге деген көзқарасым нейтрал. Некеге дайынмын деп ойламаймын әрі сүйген қызым жоқ. Саналы түрде құрылған некелерді қолдаймын. Екі жақ тұрмысты жан-жақты саралап, бірін-бірі танып, көп ойланып барып үйленген жөн. Тіпті некеге дейін бірге тұрып көру де дұрыс сияқты. Қоғам ондайға қаншалықты қарсы болса да, әр адам өзі біледі. Өз айналамда ерте үйленгендер де, кеш үйленгендер де бар. Біреуге 23 жасында тұрмысқа шығу/үйлену кеш болса, ал басқа біреуге 35 жас кеш болып көрінеді. «Қашан үйленесің?» деген сұрақты жыл өткен сайын жиірек ести бастадым. Бұл сұрақты көбінесе үйленгендер немесе үлкендер қояды. Мен әр кезде әртүрлі жауап беремін. Біреуге қаттылау жауап беремін, біреуге жай «биыл» деп айта саламын, ал кейбіріне нақты шекарамды белгілеп қоямын. Менен үйлену туралы сұраған кезде қысым жасап жатқан сияқты сезіледі. Бірақ бұған қарсы тұруға батылым жетеді».
Осының бәріне қарағанда, біз қоғамдағы көбі айта қоймайтын мәселені қозғаған сияқтымыз. Бұл токсик маскулиндік пе, ер азаматтардың нәзік эгосы ма, консервативті дәстүр ме әлде жай ғана ерлерге сөйлесу қиын ба? Біз нақты білмейміз. Қазіргі қоғам отбасы мен неке ұғымының дәстүрлі түсінігінен алыстап келеді. Адамдар өздеріне шектеулер мен шекаралар қойғысы келмейді. Ендеше, бәлкім, жігіттерді өз жайына қалдырармыз?