Қазақстандық «Биік сезім» фильмін мысалға ала отырып, бойдың аласа болуы неліктен көпшілікті толғандыратынын талқылаймыз. Ескерту: мәтінде «Материалистка» фильміне қатысты да спойлерлер бар.
Қазақстандық «Биік сезім» фильмі атауына сай, биік сезімдер туралы емес болып шықты. Романтикалық комедия пердесінің астында бойға қатысты дискриминациядан туындаған терең ұжымдық травма жасырылған. Бір қызығы, дәл осы уақытта кинотеатрларда осы бір нәзік тақырыпты қозғайтын америкалық «Материалистка» фильмі де көрсетіліп жатыр. Бой – физиологиялық сипаттама болудан қалып, тартымдылық пен табыстылықтың символына айналғалы қашан. «Материалистка» фильмінде Гарри есімді харизматикалық миллионердің образына бойының қалай әсер ететіні түсіндіріледі. Егер оның бойы 165 см болып қалса, әлемнің ешқандай байлығы Люсиді оған қарата алмас еді. Биік бой – бұл табиғи магнетизм, онсыз Гарри әкесінің ақшасына өмір сүретін қарапайым жігітке айналады. Осыған ұқсас идея «Биік сезім» фильмінде де бар, тек мұнда басты кейіпкер аласа бойлы болып қалады.
«Биік сезім»
Ер адамның бойына негізделген ромком – бұрыннан келе жатқан классикалық троп. Оны француздық «Любовь не по размеру», аргентиналық «Арыстан жүрек» және үндістандық «Нөл» фильмдерінен кездестіруге болады. Алайда, «Биік сезімде» романтикалық комедиядан тек идеясы ғана қалған: кейіпкерлер ішкі трансформациядан өтпейді, олардың қарым-қатынасы дамымайды, ал кикілжіңдер кадрдан тыс немесе оғаш комедиялық көріністер арқылы шешіледі. Фильм кейіпкерлер көлік жөндеу орталығына келгенде, романтикалық интонациясының соңғы қалдықтарынан айырылады. Механик Биікке (басты кейіпкер) қарап: «Жаман тесіпсің ғой мына қызды!», – десе, артынша Сезімге: «Спираль бар ма?» – деп сұрайды. Осы сәттен бастап фильм тек ерлер аудиториясына арналған, өрескел әзілдерге толы күмәнді комедияға айналады. Оған басты кейіпкердің қызға үнемі қадайтын сұқ көзін қосыңыз, сонда сахналар сүйкімділіктің орнына жиіркеніш тудыра бастайды.
Биік – оғаш, олпы-солпы және комплекстерге толы кейіпкер болып шыққан. Ол бәрін керісінше жасайды, кеңседе өзінің аласа бойын білдіріп қоятын кез келген нәрсеге тыйым салады: ұзын қарындаштар, үлкен донер және баскетбол. Ал «Бойы аласа қыз аласамен жүрсе, балаларымыз қандай болады?» деген сөзі оның стереотиптік ойлауының шыңына айналды.