Кеше ғана моншаға киетін қарапайым резеңке шәркей бүгін 750 долларға бағаланып, сән әлемінің ең қалаулы затына айналды
The Row брендінің Dune шәркейі тудырған осы құбылыстың сырын ашып көрейік. Жақында беделді Lyst платформасы жаздың ең сәнді заттарының тізімін жариялағанда, оның шыңында дәл осы Dune шәркейі тұрды. Бұл жай ғана жарнама емес, интернеттегі миллиондаған сұраныстар мен сатылымдардың нақты нәтижесі. Алдымен сәнқойлар арасында танымал болған бұл шәркейді нағыз жұлдызға айналдырған – актер Джонатан Бейли. Оның қызыл кілемге осы шәркеймен шығуы сатылымды лезде 162%-ға өсіріп, әлемдік талқының басты тақырыбына айналды.
Көпшіліктің көкейінде бір-ақ сұрақ: адамдар неге қарапайым резеңке шәркейге соншама ақша шашады?


Таңдаулылар ортасы
Мұндағы ойынның шарты өте қарапайым: егер шәркейге 750 долларың болмаса, онда «жоғары сән» атты жабық әлемнің есігі сен үшін тарс жабық. Баға – бұл жай ғана сан емес, бұл – сүзгі. Таңдаулылардың ортасына кіруге рұқсат беретін билет.
Бұл ойынды Hermès жылдар бойы ойнап келеді: ақшаңның болуы Birkin сөмкесіне ие бола алатыныңды білдірмейді. Chanel де осы соқпақпен жүреді: классикалық модельдерін санаулы ғана шығарып, қолжетімсіздік иллюзиясын жасайды. Тіпті көше сәнінің королі Supreme де осы тәсілден аттап өткен емес: шектеулі топтама, бітпейтін кезек және көзді ашып-жұмғанша басталатын қайта сатылым.
Dune дәл осы стратегияның ең шыңына шықты. Сырттай қарағанда қарапайым резеңке шәркеймен көпшілік алдына шығу – «өз ортаң» үшін құпия белгі іспетті. Ойын ережесі «Жаман қыздар» фильміндегідей қатал: сәрсенбіде қызғылт киім кимесең, бұл үстелден орын жоқ. Өнімнің бойына әдейі сіңірілген осындай менмендік оны одан да тартымды, одан да қалаулы ете түседі.