Саманта Джонс, Джек Торренс, Клифф Бут, Джеймс Бонд, Джонни Инглиш және басқа да кино кейіпкерлері ішетін коктейльдер туралы
Кинода біз көбіне кейіпкерлердің киіміне, қимылы мен сөзіне назар аударамыз, бірақ олардың бокалында не бар екеніне мән бере бермейміз. Шын мәнінде, экрандағы сусындар – кездейсоқ реквизит емес, кейіпкердің ішкі жан-дүниесін ашатын толыққанды құрал. Барда тәжірибелі миксолог қонақтың көңіл-күйіне қарай коктейль таңдаса, режиссерлер де сусындар арқылы кейіпкердің ішкі күйін дәл жеткізеді. Бұл дәм, ингредиенттер, атау немесе ұсыну тәсілі арқылы жүзеге асады. Мысалы, қышқыл дәм – ашушаңдық пен мазасыздықтың белгісі болса, ащы негіз – мінездің қаттылығын көрсетуі мүмкін, ал сусынның атауы – өмірдегі қайғылы оқиғадан сыр шертуі ықтимал.
Біз «Однажды в… Голливуде», «Секс в большом городе», «Трудности перевода», «Еще по одной», «Скотт Пилигрим против всех», «Сияние» және басқа да фильмдердегі коктейльдерді жинақтап, олардың астарында не жатқанын талдап көрдік. Кейбір фильмдердегі көріністерді алматылық Atelier, BulBar, Purple, Gruppo 63 және French 42 барларында қайта жаңғырттық.
Виски сауэр және «Қанды Мэри»
«Однажды в… Голливуде»
Бұл екі коктейль де көрерменнің Рик Далтон мен Клифф Бутпен алғашқы толыққанды танысуы кезінде пайда болады да, екі кейіпкердің арасындағы контрастты бірден көрсетеді. Мансабының аяқталуға жақын қалған кезіндегі актер Рик, өзінің карьерасы сияқты, бір мезгілде қышқыл әрі тәтті виски сауэр ішеді. Ол үшін бұл сусын – маңызды кездесулер алдында немесе дайындық кезінде қабылдайтын, үрейге қарсы дәрі іспетті. Ал Риктің дублері, сезімдері топастанып кеткен соғыс ардагері Клифф, еш асықпай, бірдеңені сезіну үмітімен бұрыш пен ащы соус қосылған «Қанды Мэриді» созып ішеді.
