IMAGE Chopard

Женевадағы сәуір айында өткен Watches & Wonders сағат әлеміндегі жылдың ең басты оқиғасы болып есте қалды. Мұнда шеберлер мен кәнігі клиенттер бір-біріне көз салып қана қоймай, білектегі өнер туындыларын да бағалап кетеді.

Watches & Wonders көрмесіне ұсынылған сағаттар саны есепсіз. Бәрін көру де, түсіну де, сатып алу да мүмкін емес. Ондаған брендтің жүздеген су жаңа үлгісі. 55 мыңнан астам қонақ. Алты футбол алаңындай алып павильонда сағаттар тықылдаған ырғақпен ән салып, әр жерден жалт-жұлт етіп өзіне шақырып тұрғандай. Сол бір аптада бір жылға жетерлік жаңалық көрсетіледі. Осы мақала аясында Tatler көздің жауын алар өнер туындыларының ішіндегі он сағатпен танысуды жөн көріп отыр.

Cartier: білезіктер мен танкілер

Cartier брендінің ең танымал сағаты Tank екені даусыз. Бұл атаумен бірнеше топтама жарық көрді: Tank Américaine, Tank Française, Tank Chinoise, Tank Louis Cartier, Tank Cintrée, Tank Asymétrique. Cartier әрқашан: «Сағатқа циферблат қажет пе? Ал тілшелер ше? Не себепті бұрау тетігі оң жағында орналасуы керек?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеп, тәжірибе жасаудан еш жалыққан емес.

Осы сауалдардың бәріне 1928 жылы шыққан Tank à Guichets үлгісі жауап берген. «Жоқ» деп тіл қатты. Биылғы нұсқасы да сол классикалық стильмен қайта жасалды: циферблат мүлде жоқ, тек екі кішкентай терезе бар: біреуі секірмелі сағат көрсеткішіне, екіншісі доғал пішінді минут шкаласына арналған. Корпусы алтыннан немесе платинадан құйылған. Бұрау тетігі жанында емес, сағат 12-ні көрсететін тұсында орналасқан. Өлшемі әмбебап: 37,6 х 24,8 мм, қалыңдығы бар-жоғы 6 мм.

Женевадағы тағы бір жаңалық – Tressage топтамасындағы сағаттар: бұл нағыз «уақыт мүсіні». Мұнда циферблат көркем зергерлік жақтаумен қоршалған. Cartier дизайнерлері сағат білезігінің жиектерін батыл түрде үлкейтіп, айбынды, бірақ салмағы сезілмейтін әшекей-сағат жасап шығарды.

Tatler Asia
IMAGE Cartier

Ulysse Nardin: ауадан жасалған сағаттар

Дайверлерге арналған сағат ауыр әрі берік болуы керек деген ұғымға Ulysse Nardin жаңа дем сыйлады. 44 мм көлемдегі Diver AIR үлгісінің салмағы білезігімен қосқанда бар-жоғы 52 грамм. Жеңіл болғанына қарамастан, бұл сағат соққыға өте төзімді: 5000 g деңгейіне дейінгі жүктемеге шыдайды. Оны тек сүңгуір емес, теннис матчындағы спортшы да тағып шыға алады. Қуат қоры – 90 сағат.

Басты жаңалық – салмағы небәрі 7 грамм болатын UN-374 механизмі. Сағат шеберлері оның құрылымын қайта қарап, қажетсіз бөліктердің бәрін алып тастаған. Сағат толықтай қайта өңделген материалдардан жасалып, ішін швейцариялық ауамен толтырған. Ең экологиялық компоненті де сол.

Tatler Asia
IMAGE Ulysse Nardin

Bvlgari: жұқалықтың шегі осы

Bvlgari-дің римдік шеберлері біраз жыл көрмелерге қатыспай жүрген еді, енді қайта оралып, өз кэмбәгін Watches & Wonders-те лайықты түрде атап өтті. Олар сағат жұқалығы бойынша оныншы дүниежүзілік рекордты орнатты: Octo Finissimo Ultra Tourbillon үлгісі – «ұшатын» турбийоны бар ең жұқа сағат. Механизмнің қалыңдығы – небәрі 1,85 мм, салмағы – 42 грамм. Мұндай салмақсыз сағат тәжірибе үшін емес, күнделікті тағуға арналған.

Басты техникалық жетістік – конструкцияның беріктігі: жұқа жерде сынғыштық болады. Сондықтан корпус пен негізі вольфрам карбидінен жасалған. Техника мен эстетика қатар жүретінін көрсету үшін дизайнерлер Serpenti топтамасын жаңа көзқараспен ұсынды. Жұқа білезік-бэнглдің бойынан сиқырлы жылан бейнесін – көзсіз, қабыршақсыз, артық әшекейсіз, бірақ символдық мәні мен сұлулығын жоғалтпаған күйде бедерлей алған. Бұл – мәңгілік әдемілік пен жылжып жатқан уақыттың символы.

Tatler Asia
IMAGE Bvlgari

Hermès: мүлгіген айлақтағы уақыт жыры

Le Temps suspendu — Hermès бренді ұсынған ең поэтикалық сағат үлгісі. Оны 2011 жылы швейцариялықтардың сүйікті сағат шебері Жан-Марк Видеррехт жобалады. Және биыл сәнді Cut корпусында жаңарған күйде қайта оралды. Мен бұл сағат үшін Женевадағы Grand Prix қазылар алқасында дауыс бергенмін, себебі ол расында уақытты тоқтата алады. Әсіресе ол сәт көркем болса.

Бір ғана батырманы бассаңыз, сағат жүруін доғарады: сағат пен минут тілі 12-нің тұсында тоғысады. Алайда ішкі механизм жұмысын жалғастыра береді: екінші индикатор-тілше кішкентай шеңберде айналып тұрады. Уақытты соның қозғалысына қарап болжай алмайсыз. Біріншіден, бұл шеңбер дәстүрлі 30 немесе 60 секундқа емес, 24 секундқа лайықталып жасалған. Екіншіден, тілше сағат тіліне қарсы жүреді — бұл да Hermès философиясының көрінісі. Бірақ сіз «сағат қанша болды екен?» деп тағы бассаңыз, тілшелер өз орнына бірден оралып, дәл уақытты көрсетеді.

Tatler Asia
IMAGE Hermès

Van Cleef & Arpels: махаббат механикасы

Van Cleef & Arpels 15 жыл бұрын «Күрделі ұйқастар» идеясын ұсынып, сағаттарын шағын қуыршақ театрына айналдырған еді. Бәрі Pont des Amoureux («Ғашықтар көпірі») топтамасынан басталды. Бұл сағат циферблатында көпір үстінде кездесетін екі ғашықтың бейнесі бар еді. Жан-Марк Видеррехт құрастырған механизм Женевадағы Гран-приде марапатталып, содан бері түрлі нұсқалармен толықты. Биылғы топтамада олар күннің түрлі мерзімінде: таң шапағында, күннің ең жарық шағында, ай сәулесінің астында кездеседі. Бұл қойылымға шеберлер төрт жылын арнаған.

Lady Arpels Bal des Amoureux Automate үлгісінде сағат тілі түске немесе түн ортасына жеткенде, циферблаттағы мүсіншелер бір-біріне жақындайды: жігіт гүл шоғын жасырған күйі сүйіктісіне еңкейіп, олар бір-біріне иіліп, вальс қимылын орындайды. Париж аспаны бейнеленген циферблатта үйреншікті тілшелер жоқ. Уақытты қосарлы ретроградтық механизм басқаратын жұлдыздар көрсетеді.

Бұл ғашықтардың асығыс шаруасы жоқ екені анық – тәуліктің кез келген уақытында кездесуге дайын. Ең қызығы, бір-бірін биге шақыруға 15 жыл уақыт қажет болған деседі. Енді сағат шеберлері олардың романын қалай жалғастыру керегін ойлап табатын сияқты.

Tatler Asia
IMAGE Van Cleef & Arpels

Rolex: устрица құрлықты жаулап жатыр

Тәжбен белгіленетін, сағат әлемінің ең ауқатты әрі ықпалды бренді Rolex жылдар бойы ағылшынның «Ең жақсы жаңалық – жаңалықтың болмауы» деген мақалын ұстанып келеді. Бірақ бұл жолы нағыз сенсация жасады. Көп жылдан бері алғаш рет мүлде жаңа Land-Dweller моделі ұсынылды. Ол 1967 жылғы Sea-Dweller мен 2012 жылғы Sky-Dweller модельдеріне қосындысы іспетті.

Оның жұқа корпусы сырттай 1969 жылғы Rolex Quartz сағатына ұқсас болғанымен, мүлде жаңа мақсатта – кварц үшін емес, ультра жұқа 7135 механизмі үшін дайындалған. Бұл механизмде кремнийлі өткізу торабының жаңа жүйесі бар: ол 5 герц жиілікпен жұмыс істеп, уақытты ондық үлеске дейін дәл есептейді. Осылайша Rolex инженерлері әрдайым мақтанып келген дәлдік бұл жолы да жаңа деңгейге шықты. Тағы бір тосынсый: механизм енді ашық артқы қақпақтың артында көрініп тұрады.

Жаңа үлгі бірден көз тартады: дәстүрлі «устрицалық» корпус, күнтізбені көрсететін «циклоп» үлкейткіші және циферблаттың ирек бедері таңғалдырмай қоймайды.

Tatler Asia
IMAGE Rolex

Hublot: «Үлкен жарылыстың» тәжірибесі

Hublot биыл Big Bang топтамасының 20 жылдығын атап өтіп жатыр. Алғаш рет 2005 жылы таныстырылған бұл үлгі Hublot бренді үшін ғана емес, сағат дизайнының дамуында да бетбұрысты кезең болды. Big Bang жыл сайын ең озық механизмдермен, ең инновациялық материалдармен жабдықталды: алмаздай қатты King Gold алтыны, түрлі-түсті керамика және әртүрлі түспен боялған сапфир әйнек тағы да жүректерді жаулайды.

Мерейтойлық Hublot Big Bang 20th Anniversary топтамасы Master of Sapphire деп аталады. Ол Big Bang MECA-10 моделінің бес түсті (мөлдір, көгілдір, қою көк, күлгін және неон сары) сапфир корпусындағы нұсқаларын қамтиды. Әрқайсысы корпус түсіне үйлесетін мөлдір білезікпен жабдықталған. Арнайы жасалған қорап та ерекше – жарықтандырылған, әйнек қақпағы бар, «мұз өрнекті» дизайнмен және Master of Sapphire XX/05 деген жазумен толықтырылған.

Бұны жай ғана топтама емес, музей экспонаты деуге болады. Политехникалық музейге де, Луврға да көрсетуге тұрарлық өнер туындысы. Ол Hublot-ның екі жетістігін: MECA-10 сағат механикасындағы шеберлікті және түссіз табиғатынан түрлі түске боялған синтетикалық сапфир өндірісіндегі озық технологияны паш етеді.

Tatler Asia
IMAGE Hublot

Chanel: қара мен ақтың арасындағы көк

Chanel сән үйі өзінің культке айналған J12 сағатының 25 жылдығына орай оны жаңа, қанық көк реңкте қайта таныстырды. J12 Bleu топтамасына диаметрі 28 бен 42 мм аралығындағы тоғыз үлгі енген. Олардың басым бөлігі Chanel иелік ететін швейцариялық Kenissi компаниясы жасап шығарған механизммен жабдықталған. Ал техникалық күрделілігі жоғары екі үлгі – J12 Diamond Bleu Tourbillon және J12 Bleu X-Ray қолмен бұралатын эксклюзивті механизмге ие. Екеуі де көк сапфир мен гауһар тастармен көмкерілген.

2000 жылы қара түсті аса берік керамикадан жасалған J12 сағаттары сағат өндірісіне жаңа толқын болып енді. Кейін бұл модель қара және ақ түстерде шығарылды, алайда биыл алғаш рет жұмсақ, күңгірт көк реңкпен ұсынылды. Осы түсті шығару үшін бас аяғы бес жыл уақыт жұмсалған. Chanel сағат студиясының креативті директоры Арно Шастеннің айтуынша, бұл түс жарық пен қоршаған ортаға байланысты өзгеріп, сағатқа ерекше тереңдік пен сезім сыйлайды.

Tatler Asia
IMAGE Chanel

Chopard: гауһарға бай уақыт

Chopard Женеваға әкелген L’Heure du Diamant топтамасы – зергерлік сағаттардың жаңа дәуірін айқындайтын туынды. Ол алғаш 1960–70 жылдары қалыптасқан эстетикаға сілтеме жасаса да, қазіргі заманның талабына толықтай сай келеді. Оның қақ ортасында диаметрі небәрі 15,7 мм, қалыңдығы 2,9 мм болатын ультражұқа мануфактуралық механизм орналасқан. Бұл калибр Chopard зергерлік топтамалары үшін арнайы жасалған. Сондай-ақ автоподзаводты 09.01-C және Ай фазасын көрсететін 09.02-C механизмдері де қолданылады.

Циферблаттың айналасындағы гауһарлар ерекше V-пішінді тісшелермен бекітілген. Сағаттардың миниатюралық корпусы «этикалық» алтыннан жасалған. Циферблат беттері гильоше техникасымен өрнектелген, інжу-маржан маркетрисімен не малахит, жолбарыс көзі, опал, сердолик сынды сәндік тастармен әрленген. Мұндай байлықтың ішінен бір ғана сағат таңдау – оңай шаруа емес. Сондықтан Chopard бірден 12 түсті үлгіден тұратын толық топтаманы әр айға арналған бір модельден сатып алуды ұсынады.

Tatler Asia
IMAGE Chopard

Zenith: жұлдыз дәлдігімен өлшенген уақыт

1948 жылы жарық көрген 135 калибрі Zenith мануфактурасының ең дәл механизмі ретінде тарихта қалды. Ол әлемнің жетекші обсерваторияларында өткен дәлдік жарыстарында сан мәрте жеңіске жеткен. Биыл Жорж Фавр-Жако негізін қалаған Zenith бренді өзінің 160 жылдығын атап өтіп, осы аңызға айналған механизмді қайта тірілтті. Жаңартылған үлгі негізін қалаушының құрметіне G.F.J. деп аталды.

Бұл модель 39 мм платина корпусында ұсынылған. Оның жүрегі – жоғары дәлдікті механизм, ал ажары – лазурит пен інжу-маржанмен әрленген циферблат. Көне стиль мен заманауи дизайнның мінсіз үйлесімі де байқалады. Бұл шедевр Zenith жүріп өткен әр жылға бір-бір сағаттан деп бар болғаны 160 дана етіп қана шығарылған.

Tatler Asia
IMAGE Zenith

Темы